Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқан кезеңде өткенімізге көз салсақ, алдыңғы толқын күрескерлердің үш тағанын көре аламыз. Алаш қайраткерлері , «қызыл сұңқарлар» һәм Кейкі батыр сынды баһадүрлер... Міне, осылардың ел мүддесі, ұлттың азаттығы жолындағы тарихи іс-қимылдары хақында сөз етіп көрейік . Бұл туралы белгілі тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалимен сұхбаттан оқи аласыздар.
Тілші: Бүгінде Алашорда,алаш үкіметі туралы көбірек танытылып жатыр. Ал сіздің алаш әскері тақырыбына ден қойғаныңыз неден?
Берік Әбдіғали: Бізде Алаш тұлғаларын зерттеу,өмірбаяндарын анықтау жұмыстары әлі жүріп жатыр. Негізінен Әлихан,Ахмет,Міржақыптарды білсек те, олардың қасында жүрген уездердегі алаш азаматтары жайлы көп білмейміз. Әрбір уезде,қазірше айтқанда облыстарда алаш комитеттері болды.Ол комитеттердің төрағалары кім,белсенділері кімдер еді деген деректер әлі жиналып жатыр. Жақында арнайы Таразға бардым,былтыр да барғанмын,Әулиеата уезінің уезд басшылары кімдер болды ? ..
Биылдан бастап өңірдегі азаматтар зерттеп,тұлғалардың есімін анықтап,қалалық әкімдіктерге көше,мектеп аттарын беру туралы ұсыныстарын айтып,насихаттап жатыр. Сол сияқты басқа облыстарда да осы жағдай. Кешегі Шымкент,бүгінгі Түркістан облысы, Алматы,Қапал уезі,Лепсі уезі, Семей,Қарқаралы ,Зайсан әрқайсы уезд болған,солардың басшылары кімдер болғаны әлі күнге анықталмай жатыр.Бұл-бір .Екіншісі - олардың еңбектерін талдау, соған қатысты лайықты қоғамдық көзқарас қалыптастыру.
Тарихшылар еңбек жазып жатыр,бірақ филологиялық,философиялық еңбектер әлі аздық етеді.Абай,Шәкәрімді зерттеу ісінің деңгейіне жету керек. Өз басым тарихшы ретінде әлі ашылмаған тақырыптарға көбірек мән беремін. «Алаш әскері» еңбегімді сол мақсатта жаздым. «Алаш әскерін» жазғанда құжаттармен , архивтегі деректер және жарық көрген материалдармен, ел ішіндегі әңгімелерді бір жүйеге түсірдік.Біздің бұған дейін білгеніміз ,Алаш әскері жайлы баспа беттеріндегі аз- маз деректер ғана. Оны кім басқарғаны, ол әскерде кімдер қызмет еткені жайлы көп сұрақ мені мазалап жүрді. Қызылдарға қарсы қайсарлық көрсеткен қаһармандар, белгілі идеяға қызмет көрсетіп, алаш азаматтарының артынан ерген тұлғалар ғой.
2-3 мыңға жуық алаш әскері болды. Соның барлығын жаңағы архивтерден іздегенде ондағы деректер де жеткіліксіз,оны орыстар жазған ғой бір жақты. Сондықтан ел ішіндегі естеліктер, әңгімелерді жинау міндеті тұрды. Соларды қосып, аталары жайлы ауыз аштырмай,ұрпақтарына да ұмыттырып жіберген ғой,соларды іздестіріп жатырмыз.Кейбіреулері газетке жазып,кітап шығарып аталарынан аз-маз естігендерін айтып хабарласып жатыр.Сол кезде орыстардың, Колчактардың газеттері шығып тұрған,соның бетінде алаш әскеріне байланысты олардың берген бағалары бар,шолумен қоса әдейі жарияладым. Орыстардың өзі біздің қазақтарды мақтап,шынымен де қазақтар қайсар екен деп,қай жерде қалай соғысқандарын ауылдарды көрсетеді.Осындай деректерді көбірек шығарып насихаттау керек.
Тілші : Бұдан басқа кімдердің тарапынан қандай іс атқарылып жатыр?
Берік Әбдіғали: Алаш тақырыбын танытуға деген мүдделілік жан –жақты артып келеді.Фильмдер түсіріле бастады. Былтыр Ерлан Қарин бастама көтеріп,Алаштың 100 жылдығына, әсіресе, 1917-1918 аласапыран жылдарда қазақ зиялылары қандай таңдау жасады,тағдыры қандай болды деген мәселені көтеріп кино түсіру қолға алынды. «Тар заман» фильмі осылайша көрерменге жол тартты. Негізгі идеясы-алаш арыстарының бұған дейін танылмаған қырларын көрсету. Сол заманның өзінде қазақ шекарасына қатысты өткір мәселелер,ондағы әділеттілік жүйе қалыптастыру ,сот жүйесі, әйелдердің құқы одан да басқа алаш қайраткерлері көтерген толып жатқан жағдайлар арқау болды.
Тілші: Сол заманда алаш қайраткерлерінен басқа қызыл кеңестің әлеуметшіл идеясына сеніп қалған да зиялыларымызда болды . Олардың да көксегені – ұлттың мүддесі, халықтың қамы ...
Берік Әбдіғали: Дұрыс айтасыз. Біздің де ойымыз басқа да қазақ зиялыларын қызыл жағында болған көрсетіп , бірақ олардың да қазақ елінің болашағын ойлағанын жеткізу.Кейбіреулер алашордашылар мен қызылдар деп бөліп күні бүгінге дейін бір-біріне қарсы болған деген ұғымнан арылған жоқ.Тұрар Рысқұлов,Сәкен Сейфуллин,Ораз Жандосовтар олар екі бөлек партия болғандары рас,бір-бірін сынағандары рас,бірақ олардың да көксегені-қазақтың қамы. Фильмде осы туралы баяндалды.Бұл алғашқы фильм ,ол әрі қарай дамытылса,тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясы шығарған сериал. Мұстафа Шоқайға арналған көркем фильм бар. Енді Әлихан,Ахмет туралы жеке- жеке танымдық фильм шықса, аз да болса тарихымызды түгендеген болар едік .
Тілші : Олардан басқа тағы қандай айырықша тұлғаға тоқталасыз?
Берік Әбдіғали: «Кейкі мерген». Бұған дейін Елбасының қолдауымен,сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Ресей премьерімен кездесуіндегі келісімімен Кейкінің басы елге қайтарылған болатын.Бұл көптен күткен,көптен айтылып жүрген мәселе еді. Жұртшылық Кейкінің есімін естігенмен,әлі кім екенін толық біле қойған жоқ. Ол Торғай,Ұлытау өңіріндегі кезінде 1916 жылғы патшаға қарсы күрескен батыр. Ең бастысы Кейкі мерген елдің азаттығын көксеген,қазақтың ,шариаттың жолында жүремін деп қайсарлығы мен батырлығымен өзінен күші басым сан әскерлерге қарсы шыққан баһадүр. 1920-1921 жылғы қазақ жерінде малды ала бастағанда халық бүлік шығарғанда Ұлытау-Қарсақпай жерінде әскерді басқарып күрес жүргізді,жеңілді. Халыққа қарсы жүргізілген саясатқа қасқая қарсы тұрған тұлға. Бұл сериал Кейкі батырдың қаһармандығын, талайлы тағдырын,сол заманғы елдің ахуалын айқын көрсету үшін түсірілді. Фильмде Әбдіғаппар ханның да , Аманкелді батырдың да ,Әліби Жанкелдиннің де тұлғасы сомдалған. Міне, осылайша біз алаш және кеңес заманындағы қайраткерлеріміздің халық үшін қай жолда, қалай күрескенін бүгінгі және келер ұрпаққа хал-қадерімізше көрсетуге ұмтылдық .
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
Фото: архив героя.