«Шаһарларға саяхат» айдарынан бүгін сіздер Ақмола облысына қарасты аудан орталығы болып саналатын Ақкөл қаласы жайлы мәліметтермен танысасыздар.
1. Қала жайлы жалпы мәліметтер. Ақкөл қаласы Астанадан 100 км жерде орналасқан. Іргесі 1857 жылы қаланып,1939 жылы кент,1965 жылдан қала мәртебесін алған.
2. Шаһардағы кәсіпорындар. Қалада тұрмыстық химия,нан,сүт зауыттары бар. Сонымен қатар құрылыс материалдары комбинаты,Астана ет комбинатының бөлімшесі жұмыс істейді.
3. Қаланың инфрақұрылымы. Ақкөл ауданының орталығы болып саналғандықтан,мұнда аудандық орталық аурухана мен тубдиспансер, 4 мектеп пен балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық үйі,облыстық балалар үйі,мектеп-интернат,шипажай,2 мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетеді.
4. Мәдени демалыс орындары. Қала жұртшылығы 2 мәдениет үйі мен 12 кітапхана,бір кинотеатр және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мұражайға барып демалыс уақыттарын өткізулеріне болады.
5. Ақкөлдің ерекше әлеуеті. Қала жайлы еліміз ғана емес,одан тыс жерлерге де танымалдығы онда ғарыштық байланыс құралдарының республикалық орталығының салынуымен байланысты. Ақкөл қаласындағы ұлттық оператор отандық «Қазсат» спутниктік жүйесінің жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 2017 жылдың өзінде кешеннен түскен қаржы 7 млрд теңгеге жетіп, импорт алмастыру әлеуетінің сомасы 34 млрд теңгеге жеткен.
6. Қаланың бүгінгі келбеті. Ақкөл қаласында бүгінде 13 мың 708 адам тұрады. Аудан облыс орталығы — Көкшетау қаласы, елді мекендермен темір және автомобиль жолдары арқылы қатынасады.
Қала жайлы мәліметтерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.