Дүйсенбі сайын берілетін «Көне дүние күмбірі» айдарында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жоба аясында еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандары қатарына енген киелі жерлер тарихынан сыр шертеміз.Бүгін Балқаш қаласының оңтүстік-шығысынан 60 км жерде орналасқан,халық Бектау ата деп атайтын тау мен үңгір жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
Тау желісі –табиғат әлемінің ерекше бір туындысы. Бектау атаның шыңы 1000 метрге дейін жетеді, ал ұзындығы 4000 га, алайда оның аумағында түрлі шатқалдар мен құздар орналасқан. Әулиетау деп аталуы – ертедегі ғұрыпта тауға сиынумен байланысты қойылса керек. Бектау ата шағын таулы массивті аймағы – географиялық-климаттық орны және тарихи даму ерекшеліктері тұрғысында ерекше мекен. Біріншіден, Бектау ата географиялық орналасуы мен табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты қазақ даласының үлкен екі табиғи-климаттық зонасы – Жетісу мен Сарыарқаның шектесетін айрық тұсы болса, екіншіден, тарихи-мәдени даму тұрғысында да осы екі өңірдің түйісер жері болып келеді. Сарыарқаның оңтүстік-шығыс қиыры болып саналатын осынау шағын алқапта Арқаның жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің – фаунасы мен флорасы барлық өкілдері мен түрлері кездеседі. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралған, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сонымен қатар Бектау ата тауында киелі саналатын тұщы су көзі бар «Әулие» үңгірі орналасқан. Халық аузындағы аңыз бойынша, «Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды паналаған». Балқаш маңайын зерттеген ғалым П. Сарычев былайша жазады: «Бектауата – оңтүстік пен солтүстікті жалғастыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған шамшырақ. Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бірқалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді».
Осы таудың Бектау ата аталуы туралы халық арасында әр түрлі әңгімелер айтылып жүр. Қазан төңкерісінен кейін бүкіл елімізде картография жұмыстары жүргізілді. Жер аттарының біразы жергілікті халықтың атауларымен жазылды. Көптеген жер атаулары қазақша мағынасын ескере отырып орысшаға транскрипцияланды. Ал діни ұғыммен байланысты қойылған атаулар өзгеріске ұшырады. Кейбір ауызша деректер бойынша, картография жүргізілген кезде Әулие ата тарихын жақсы білген, оның аты өзгеретінін сезген бір қария (кей «тау» деп, «ата» сөзін қалдырған деседі. (Бек ұғымының өзі ерекше, тұлғалы деген мағынаны берсе керек. Таудың басқалардан өзгеше болып, маңғазданып тұруынан да айтылуы мүмкін).
1993 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Қазақ бақсы-балгерлері» атты кітаптың 43 бетінде: «...Бектау-ата Бек ата, Бекіш-ата, қолдай көр...» деген бақсы сарыны бар. Осындағы «Бектау-ата Бек ата», нақ осы әулие болуы әбден мүмкін. Бұл жағы әлі зерттелмеген. Бектау атадағы үлкен таудың күнбатыс жағында үңгір бар. Үңгірден төмен сайдың жадағай жазығында (үңгірден 200-300 м төменірек) әулие шошаласының орны қалған. «Бұл шошала осы ғасырдың басында да болған, тамақ ішетін ыдыс-аяқтары да қаз-қалпында тұратын», – дейді үлкендердің көзін көріп, сөзін естіген адамдар. Алайда Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі жылдары Бектібек әулиенің мекендеген үңгірі, шошаласы адам көрместей мүсәпір күйге түсті. Шошаласы құлатылып, ыдыс-аяқтары жоғалды. Үңгірдің аузын үлкейтеміз деп геологтар көп әуреге түсті. Үңгірдің ішіндегі қасиетті шипалы суға неше түрлі күл-қоқыстар тасталып, ластанды. Бектібек әулиенің бейіті қайда екен деген сауал да көпшілікті толғандырып жүр. Бірақ бұл сауал жұмбақ күйінде қалуда. Үңгірге барып түнеп, зиярат етіп жүргендердің айтуына қарағанда, әулие кейбір адамдарға дыбыс беріп түстерінде аян айтады екен. Түсінде аян бергенде жүзін көрсетпейді. Өте қасиетті адам болғандықтан, кез келгеннің көзіне көріне бермейді.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан