Аптаның жұма күні әдеттегідей ел өміріндегі мәдени оқиғаларға шолуымызды ұсынамыз.
Қазақстан халқының тілдері күніне орай Ақмола облысында тілдер онкүндігі басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова баяндады. Оның айтуынша,жыл сайын өткізілетін тілдер онкүндігі биыл қыркүйек айының 5-18 күндері аралығына жоспарланған. Онкүндік аясында облыста дөңгелек үстел, байқау, әдеби-сазды кештер, шығарма және сурет байқаулары тәрізді 40-қа жуық шара өткізілмек.
Түркістанда Төле би туралы тарихи фильмнің түсірілім жұмыстары жүргізілуде. 10 сериалды туындыда бабамыздың дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап бала би атанып, билік құрған дәуірі толық қамтылады. Актерлер қауымы тұтастай жергілікті өнерпаздардан құралған.. Фильмде сол дәуірдегі халықтың өмір сүру салты мен тұтас қоғамның шынайы бет-бейнесі анық көрсетіледі.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «На грани» фильмі 2-9 қыркүйек аралығында Ресейдің Анапа қаласында өтіп жатқан XXVII «Киношок» ашық кинофестивалінің байқауына қатысуда.Аталған кинотуынды бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, алайда тағдырлары кездейсоқ тоғыстырған жасөспірімдер туралы баяндайды.1992 жылдан бері бұрынғы одақтас республикалардың киногерлерінің басын қосып, мәдени байланыстардың нығаюына бағытталған «Киношок» ашық кинофестивалі 20 жыл көлемінде көрермендерді Литва, Латвия, Эстония және ТМД елдерінің киноларымен таныстырып келеді. Байқау барысында 70-ке жуық фильм көрсетіледі деп жоспарланған.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Алтынемел» деректі фильмі Қырғызстанда қыркүйектің 3-і мен 7-і аралығында Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары аясында өтетін бірінші Халықаралық «Мөңгү» атты этно-экологиялық фильмдер кинофорумының бағдарламасында көрсетілуде.Онда Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы көріністер көрермендер назарына ұсынылды.
Осы жылдағы Ertis Promenade соңғы бірнеше музыкалық бағытты қамтып, Павлодар облысындағы Астана күні аясындағы астаналық жұлдыздардың үлкен гастрольдік турымен сәйкес келді. Жобаға Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық топтары, «Сарыарқа» ұлттық ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кейбір концерттерді 50 мың адамға дейін тамашалап, орташа есеппен алғанда әр демалыс күндері Ertis Promenade-қа 5 мыңнан астам қонақ жиналған. Сондай-ақ,өнер жолын Павлодарда бастаған Қазақстан эстрада жұлдыздары Мерует Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Роза Мұқатаева, Жанар Дұғалова, Серік Мұсалимов, «Бастау» дуэті, Дерик Байназаров Ертіс жағасында өз жерлестері үшін ән шырқады.
Шолудағы мәдени жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.