Соңғы жылда ән мен би өнеріне деген қызығушылықтың қалай артқанын бәріміз білеміз. Бұл қызығушылықтың әлеуметтік-мәдени қызмет институттарының да, бұқаралық ақпарат құралдарының да, жекелеген тұлғалардың да тарапынан болатын сұраныстың арқасында елене түсетіні хақ.
Көптеген ән-би фестивалдері мен шоу-бағдарламалар ұйымдастырылып, телеарналарда кеңінен трансляцияланып жүр, ақпарат құралдары арқылы кеңінен айтылып та жүр. Тіпті би сабақтарын үйрететін бейнеүзіктер жасап, интернет-кеңістіктерде таратылатын, әсіресе, әлеуметтік желілерде, тұтас индустрия қалыптасқан. Бұл арқылы ән мен би мәдениетінің әуесқойлары мен кәсібилерінің басын қосатын қауымдастықтар құрылады. Әдетте біз осындай топтың іс-әрекетінің нәтижесін кез келген шараның, байқаулар мен басқа да додалардың қорытындысын ғана көреміз. Ал осындай шараларды өткізудегі мақсат қандай? Осы орайда біз сұхбатымызға Елордамызда
4 мамырда өтетін І «BÁISНESНEK» балалар ән-би фестивалінің құрылтайшысы, ұйымдастыру алқасының жетекшісі, «Alem-Dance» фитнес студиясының басшысы Раушан Жақсықызын шақырдық.
Qazir: Раушан, Қайырлы күн! Әңгімемізді бірден бастайық. Шығармашылық пен өнердің сан алуан түрі бар ғой, таңдағаныңыз неге ән мен би? Бірінші «Бәйшешектің» мақсат-мүддесі қандай?
Раушан: Қазіргі уақытта әдемі болу, салауатты өмір салтын ұстанып, өзіндік бейнені баршаға паш ету, бір нәрсеге әуестену «модно» ғой. Ал бұл үшін адамзат баласы алуан амал ойлап тапқан. Менің өз салам бойынша айтар болсам, адамдар қазір бұл үшін спорт залдарын, бассейн кешендерін, фитнес орындарын санамағанда, ән мен биге басым таңдау береді. Бимен, әнмен айналысатындар үшін бұл белгілі жаттығуларды қайталап, жалпы сұлулық пен сән үшін шектелген амалдармен айналысу ғана емес, ән мен би бұл – өнер. Құлақтан кіріп, бойды алатын әнді салғанда, мың бұралған бидің әлемінде тербелгенде тіршіліктің түйткілдерінен толық арылып, аспанға қалықтап күй кешетіндер қашан да бұл әсерді үдете түскісі келеді. Қызығушылықтарының нәтижесін, жемісін көргісі келеді.
Qazir: Жақсы, түсіндім ойыңызды. «Бәйшешектің» қатысушыларының жасы 2-7 аралығында екенін шараны өткізу жайындағы ережеден көрдік. Тым кішкентай емес пе?
Раушан: Жоқ, олай деп ойламаймын. Қатысушылар кішкентай болғандықтан фестиваль барысында күтпеген қызықтардың көп болатынын біліп жүрмін. Оған дайындалып та жүрмін. Жан-жақты ойластырып, саралап, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей дайындалып жатырмыз. Ұйымдастыру комитетінің қыздарына, ат салысып жатқан барлық жандарға, алғашқы шарамызға қазылық етіп, жол сілтеп, жөн айтуға келіскен қазылар алқасының әр мүшесіне алғыс айтамын. Оның үстіне мақсатымыз әлем халықтарының мәдениетімен, салтымен, дәстүрімен таныстыру, ұлт аралық достастықты дамыту, көп ұлтты еліміздің балаларының шығармашылығын дамыту үшін жағдай жасау,еліміздің рухани, мәдени мұрасын асқақтату, балалардың эстетикалық болмысын қалыптастыру, патриоттық тәрбие болып отыр. Ал бұған үйрету, баулу қай жаста болмасын ерте деп санамаймын.
Qazir: Қош, Раушан , тағы бір сұрақ. Ән-би мектептері, өнер орталықтары қызығушылықтың артуының нәтижесінде үсті-үстіне ашылып жатыр. Мұндай байқаулар мен бәйгелер қаншама, тіпті атынан жаңылысамыз кейде, білуімше мұндай шаралардың көпшілігі коммерциялық дүние ғой. Бұл «Бәйшешектің» басқа шаралардан ерекшелігі неде?
Раушан: Бұрын ән мен би өмір сүру үшін меңгерілуі тиіс атрибут болған, ал қазір әннің де, бидің де адамзат баласының өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны соншалық, жанрлары арта түсуде. Қазіргі уақытта ән мен би үшін ешқандай шектеу жоқ. Жаныңа жақынын ерікті түрде таңдауға болады. қазіргі жастар арасында олардың Нip-hop, Нouse, Рopping, Locking, Waving, Tutting, Breaking сияқты түрлерінің танымалдығы артып келеді. Ал әнге келетін болсақ, классика ешқашан қалыс қалмаған, эстрадалық вокал әрине, танымал. Менің мақсатым – бұл әр баланы жастайынан көркемдік пен сұлулықты өз болмысымен көрсете білуге, жан-дүниесінің көрінісін көркем әуенмен, мүсіннің сымбатты икемдерімен, иірімдерімен жеткізуді үйрету, сондықтан да мен бұл алғашқы Бәйшешекті ең жас қатысушылар арасында өткізуді жөн деп шештім, ән-бидің бағытын таңдау бойынша қатысушыларға ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Вокал бойынша эастарда әндері, халық әндері, академиялық ән шырқау, авторлық әндер, хор бойынша бүлдіршіндер өнер көрсетеді.
Сіздің де айтып отырғаныңызбен де келіспеске болмас, ән мен биді үйрететін, жалпы, түрлі шығармашылыққа баулитын, баланың бойындағы дарынын шыңдайтын орталықтар мен студиялардың көп болуы біріншіден бәсекелестікті арттырады, ал бәсекелі ортада қызметтің, қызметтің нәтижесінде қол жеткізілетін нәтиженің, «өнімнің» сапасы артады. Оның үстіне бұрын- соңды тек бүлдіршіндер арасында өткізілген байқауды мен білмеймін. Жас ерекшеліктері түрлі доданың нәтижесінің дұрыс болатындығына күмәнім бар, қатысушылар мүмкіндіктері тең болуы тиіс. Өзімнің де тәрбиеленушілерімді жетектеп, сан сайысқа барғаным бар. Алатын мадақтар мен беретін орындардың алдын- ала анықталып қойған кездерін де көрдік, брақ, бізге берілген тәрбие бойынша кемшілікті айқайлап айтуға болмайды емес пе? Сіздің «коммерция» көздеген дегеніңіздің де жаны бар, кейбір байқаулардың деңгейі мен дәрежесі жоғары бола тұра, байқаудың жалпы барысының немқұрайлы ұйымдастырылатынын да байқадық. Ал менің осындай кемшіліктерді жібермеуім керек. Ал басты ерекшелігі – бұл бүлдіршіндер, бұл коммерциялық жоба емес, бұл ең әділ жоба.
Qazir: Сонда басқа байқаулар әділ емес дегеніңіз бе?
Раушан: Бәрі демейін. Жоғарыда өзімнің пайымымды айтып кеттім ғой. «Бармақ басты, көз қыстының» барын білемін, өз басым көрдім, кездестім, ойландым. Кейбірінің мақсаты қатысушылардың жаңа тынысының ашылуын емес, қаражатты көздегенін де білеміз. Осы өнер мен бидің биігін төмендетпесек екен, сауда алаңына айналмаса екен деп ішімнен тілеп жүрмін.
Qazir: Қатысушылар қандай талаптар бойынша бағаланатын болады? Тағы бір сұрағым келгені, Раушан, неге Бәйшешек деп атадыңыздар?
Раушан: Бәйшешек – бұл нәзіктік бұл сұлулық, бұл дүниенің барлығы жан бітіп, жасара түсетін, көгеріп, көрік біте түсетін көктемнің нышаны ғой. Бұл балғындықтың белгісі. Ұйымдастыру комитетімен күн-түні талқыға салдық, талай атау ойға келіп, ортаға салынды. Таңдағанымыз, лайықтысы деп шешкеніміз – BÁISНESНEK. Ал қазылар алқасына мәдениет пен өнер саласының аса жоғары білікті өкілдері, ән мен би саласының білікті мамандары, ЖОО салалық педагогтары, шоу-бизнес өкілдері шақырылды. Олар әр қатысушының шығармашылық әлеуеті мен бейімдерін объективті түрде бағалайтын болады, бұл фестиваль болғандықтан ешкім марапатсыз қалмайды. Қатысушылар бірыңғай жас дәрежесімен бағаланып, 10 аталым бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» анықталады.
Qazir: Қандай аталымдар екенін айта кетесіз бе?
Раушан: Барлығын жайып сала бермейін, құпия, қызық болып қалсын.
Qazir: Келістік, Раушан, І Бәйшешек дегендеріңізге қарағанда келесісі де болатын сияқты, жалпы жоспарларыңыз қандай?
Раушан: Сәтін салса, жоспар жетеді. Жалпы жыл сайынғы шара ретінде өткізуге ниеттіміз. Бұл алғашқы Фестиваль, бірінші, біз үшін үлкен тәжірибе болмақшы. Болашақта Бәйшешекті бірінші, екінші, үшінші деп жалғастыра бергіміз келеді. Келесіде жанрларын толықтырамыз. Барлығы уақыт еншісінде, бірақ нақты жоспар аясында атқарылатын жұмыс деп белгілеп отырмыз.
Qazir: Іске сәт, онда! Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Жақсылықта жүздесейік.
Раушан: Сіздерге де алғысым көп. Qazir ақпараттық-танымдық порталының ұжымына, басшылығына шарамыздың шашбауын көтеріп, бас ақпараттық демеуші болғаны үшін ризамыз. Барлық ұйымдастырушылар алқасынан алғыс айтамын. Жазарларыңыз таусылмасын, ұжымдарыңызға таудай табыс тілеймін.
Әңгімелескен Жаннат Нұрланова.