«Айшықты апта» айдарында біз бүгін елордасының 20 жылдығына арналған арнайы мәдени шаралар мен маңызды оқиғаларға тоқталамыз.
Астананың 20 жылдық мерейтойының қарсаңында, елорда төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Астана мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова атындағы II Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалі басталды. Сонымен қатар, тағы бір ерекше мәдени шара «Wide World – Ұлы Дүние» атауымен тұңғыш рет өтіп отырған фестивальге есту, сөйлеу қабілеті шектелген өнер адамдары қатысып жатыр. Бас қалада бастау алған фестивальде ресейлік «Недослов», «Санкт-Петербург», украиналық «Радуга», астаналық «Актив Лайф» театрларының ұжымы үш күн бойы түрлі қойылымдарды сахналайды. Шараның ерекшелігі, спектакльдердің барлығында мүмкіндігі шектеулі жандар ойнамақ. Көріністер алдын ала жазылған дауыспен қатар ым-ишарат арқылы қойылады. Ерекше театрлардың алғашқы фестивалі бүгін шілденің 6-сы күні аяқталып, сол кезде үздік өнер ұжымдары марапатталатын болады.
Астананың 20 жылдығына тарту ретінде Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында «Астана» саябағы ашылды. Елорданың 20 жылдық мерейтойына тарту болған саябақтың аумағы 7 гектарға жуық. 347 млн теңге жұмсалған орында демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Саябақ елорданың бір бөлігі іспеттес. Алакөлге демалуға келген туристер Сарыарқа төріндегі «Бәйтеректің» көшірмесін Үшарал қаласынан да көре алады.
Астана-жастар қаласы. Бүгінде бір миллионнан астам тұрғындары бар елордасының басым бөлігі отыз жастағылар.
2014 жылдың ақпан айында Астана қаласы әкімдігі жанында құрылған «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Елбасы Н.Ә.Назарбевтың еліміздегі жастар саясатын жүзеге асыруға тікелей араласатын мекеме ретінде жастардың мәдени, рухани және әлеуметтік дамуына жағдай жасап, жан-жақты ықпалдасып келеді. Жастардың түрлі бастамаларына ақпараттық-әдістемелік және консультациялық қызметтер көрсетіліп, жастар арасында қалыптастып отырған түрлі ахуалдарға мониторинг жүргізіп отырады.
Аула клубтары, кәсіби және тұлғалық дағдыларды дамыту мектебі, еріктілер мектебі, Bookdating, U-media, Astana Ideas, А35, А84, Self-made сияқты тоғыз жобаны тоғыстырып отырған «Астана жастары» ЖРО мереке қарсаңында А35 (Астана қаласының орта арнаулы оқу орындарының көшбасшылары) және А84 (жалпы арнаулы мектеп көшбасшылары) жобаларының мүшелеріне, елордалық белсенді жастарға арнап семинар-тренинг, тимбилдингтер топтамасын өткізді. Шараға 129 адам қатысып, білім-біліктерін бір жаңартып, жүйеледі.
Негізгі мақсаты - Астана қаласының жас көшбасшыларын топтасқан тимбилдинг форматындағы дәстүрлі білімнен өзге «өмірлік маңызы бар дағдыларды» қалыптастыруды көздеген сабақтарға, белсенді интелектуалдық ойындарға жұмылдыру арқылы ұжымдық рухтарын арттыру. Бұл ауызбіршілік пен жарасымдылыққа жетелеп қана қоймай, жастарды ортақ мақсатқа жету жолында ұйымшыл болуға баулиды.
«Біздің еліміздің болашағы жастардың қолында. Жаһандық жаңалықтар мен уақыт көшінен қалмау үшін қайсымыз болсақ да жаңа ақпаратқа ашық болуымыз керек. Еліміздің ертеңі үшін жастардың тек білімі емес, өмір сүруге бейімділігі де маңызды. Сондықтан дүниежүзілік тәжірибенің тозығын тастап, озығын меңгертуге міндеттіміз», - деді «Астана жастары» ЖРО ұйымдастыру бөлімінің маманы Аян Егембердиев.
Бес күнге созылған семинар, тимбилдингті аса тиімді өткізуге Ақбердиев А., А.Қалмағамбетова, А.Успаева сияқты ең білікті тренерлер ат салысып, талғамы күшті жастарға тың идеялар жеткізіп, өзекті де қажетті дағдыларды меңгерулеріне мейлінше еңбектенді. Қатысушы жастар шешендік өнер, дербес көшбасшылық қабілетті арттыру, тайм-менеджмент және ұжымдық басқару тақырыптарында ұйымдастырылған дәрістерді тыңдады. Шараның қорытындысы тренингтердің бір де бір сәтін қалт жібермеген қатысушыларға арнайы сертифкаттар табыстаумен түйінделді.
Астана қаласы тұрғындары мен меймандар үшін мереке күндері демалыстарын мазмұнды өткізуге арналған шаралар тізбегіне тоқталсақ, Астана әкімінің ресми сайтында жарияланған мәліметтер бойынша «ASTANAAROUNDUS» фотоөнер фестивалі 4 шілдеде «Нұржол» сулы-жасыл желекжолында ашылған болса, «Astana Evolution» фотокөрмесі 8 шілдеге дейін өз келушілерін күтеді. Астана қаласының «Жастар – Астана болашағы» жастар бірлестігімен бірге өткізілетін оған қатысушылардың еңбектерін 31 шілдеге дейін көруге болады.
«Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі
4 шілдеде Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі басталса, ол бүгін 6 шілдеге дейін жалғасатын екі конкурстық бағдарламада әлемнің 12 мемлекетінен келген 60-тан аса цирк артисі өнер көрсетеді.
«Елорда жүрегімде» концерттері көпшілік назарына ұсынылады
Әдеттегідей, мереке күндері қалалық саябақтар да белсенді жұмыс істейді. 5 шілдеде сағат 15.00-де, 6 шілдеде сағат 13.00-де және 7 шілдеде сағат 13.00-де және 20.30-да Студенттік, Жерұйық саябақтарында «Елорда жүрегімде» концерттері көпшілік назарына ұсынылады.
«Әзіл әлемі» әзіл-сықақ кеші
Сонымен қатар, 6 және 7 шілдеде елорда тұрғындары мен қонақтарын Nomad city hall сарайына «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ кешіне шақырады.
«Spirit of Astana» халықаралық фестивалі
Шілденің 6-8 аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Spirit of Astana» халықаралық фестивалі өтеді. Үш күн бойы сахна төрінде 18 ұжым, яғни 120-дан аса музыкант өнер көрсетеді. Биыл фестивальге әлемнің 20 мемлекеті қатысады.
Бибігүл Төлегенованың Астанаға музыкалық тартуы
6 шілдеде «Астана» концерт залында КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, академик Бибігүл Төлегенова Астанаға мерекелік музыкалық тарту жасайды. Аңызға айналған әншінің жеке концерті кешкі сағат 18.00-де басталады.
«Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда Гала-концерт өтеді
Астананың 20 жылдығы орайластырылған іс-шаралардың шарықтау шегінде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда қазақстандық және шетелдік артистердің қатысуымен Гала-концерт өткізіледі. Бес сағаттық музыкалық шоу ашық аспан астында өтеді және оны көрем деушілерге есік ашық. Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина, Ардақ Балажанова, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы және басқалары Астананы туған күнімен құттықтайды. Кеш хэдлайнерлері – қазіргі заманғы музыканың К-поп бағытының жарқын өкілдері Ninety One және оңтүстіккореялық Boyfriend топтары.
Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасын барша әлемге таныстыру рәсіміне қатысқан «На-На» тобының өнерін тамашалайды. Бұдан басқа, концерт көрермендері мерекелік отшашу тамашалайды. Биыл отшашу 6 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында болады.
Осылайша елордамыздың 20 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп жатқан мәдени шараларды тамашалап, үш күндік демалыстарыңызды мазмұнды өткізулеріңізге болады.