Астаналық театрдың актерлері ресейлік көрерменнің назарына У. Шекспирдің «Отелло» трагедиясын ұсынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Мәскеу қаласында өтетін XVI Халықаралық «Золотой витязь» Театр форумының аясында У. Шекспирдің «Отелло» трагедиясын қоятын болады, деп мәлімдеді елорданың мәдениет және спорт басқармасында.
«XVI Халықаралық «Золотой витязь» театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия сияқты мемлекеттердің театр ұжымдары қатысады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 2 желтоқсанда А.Джигарханян театрының сахнасында «Театр – үлкен форма» аталымында өнер көрсетеді», - делінген хабарламада.
У. Шекспирдің «Отелло» трагедиясы қойылымының режиссері – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов. Басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, жас актриса Ақмарал Танабаева сомдайды. Жағымсыз кейіпкер Ягоны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнайды.
Фото: astana.gov.kz