Астанада 3 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен “Кәсіпқор” холдингінің ұйымдастыруымен WorldSkills Kazakhstan IV біріншілігі басталады, деп хабарлайды Qazir.kz министрліктің Фейсбугтағы парақшасына сілтеме жасап. Астанаға елдің барлық өңірінен 30 мамандық бойынша 350 үміткер келіп, шеберлік сынасады.
WorldSkills Kazakhstan секілді шаралар жастар арасында танымалдыққа ие,мұндай байқаулар кәсіп үйренуге ынталандырады. Техникалық және кәсіби білім беру сапасын арттыру – министрлік алға қойып отырған басты мақсаттардың бірі.
WorldSkills — коммерциялық емес қозғалыс. Жұмысшы кәсібінің мәртебесін арттырып қана қоймай, кәсібилікті насихаттауды мақсат етеді. Чемпионаттың даңқы алысқа кеткені сонша, бүгінде оған әлемнің сексеннен астам елі қатысады. Ал тарихы 1946 жылдан бастау алады.
Қазақстан WorldSkills қауымдастығына 2014 жылы кірді, ал EuroSkills қатарында 2016 жылдан бері бар. Былтыр біздің қазақстандық жас шеберлер WorldSkills-2017 байқауына қатысу үшін Абу-Дабиге барған еді. Биыл күзде Қазақстан құрамасы Будапештте өткен EuroSkills 2018 – де 10-орын алды.
Төрт күнге созылатын Ұлттық біріншілік «Кірпіш қалау», «Бояу және әрлеу жұмыстары», «Кондитерлік шеберлік», «Электроника», «Қонақ үй әкімшісі», «СББ станоктарындағы жонушы», «Веб-дизайн», «Графикалық дизайн», «Дизель қозғалтқыштарды жөндеу және қызмет көрсету», «Желілік және жүйелік әкімші», «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларының слесарь-жөндеушісі», «Мехатроника», «Электромонтаж жұмыстары», «Визуал мерчандайзинг және витринистика», «Жеңіл көліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сантехника мен жылу беру», «Мейрамхана қызметі», «CAD инженерлік графикасы», «Көлік сыртын жөндеу», «Мобильді робототехника», «Шаштараз», «Сән технологиясы», «Бидай мен бидай өнімдері сапасын анықтау», «Дәнекерлеуші», «Тақта қаптау», «Құрғақ құрылыс және сылақ», «Аспаз», «Наубай», «Салқындатқыш және желдеткіш құралдары», «Бизнестің ІТ шешімдері» біліктіліктері бойынша өтеді.
Фото: министрліктің Фейсбугтағы парақшасынан.