Ж.Массненің музыкасына XX ғасырдың көрнекті хореографы К.Макмилланның қойылымындағы ерекше көріністі «Манон» балеті «Астана Опера» театрында орын алған премьерасынан бастап-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 30 қаңтар күні, қызықты да тартымды спектакль театрдың Үлкен залында көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда бәрі де жақсы жүріп жатыр. Бұл менің 2019 жылдағы алғашқы жұмысым. Аязды ауа райына қарамастан, таныс жерге қайта келу ұнайды. Есептеуімше, соңғы төрт жыл бойы қаңтар айын Астана, Мәскеу немесе Хельсинки сынды суық жерлерде бастаппын. Осылайша, жылдың мен үшін қатты қыс мезгілінен басталатынына үйреніп те кеттім, бұған қарсылығым да жоқ, себебі қарды жақсы көремін. Астанада бұл мәселенің қаншалықты жолға қойылғандығына таң қалдым: қар жауысымен-ақ оны тазалап үлгереді. Бұл жерде бәрі бұған сап дайын. Еуропада басқаша: қар жауса болды, барлық қозғалыс тоқтайды, ұшақтар да ұшпайды, автобустар да, пойыздар да жүрмейді» дейді қоюшы балетмейстер Карл Бёрнетт.
Кеннет Макмиллан балетке арналған либреттоны аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романының желісі бойынша жазған. Оркестрге лайықтап, аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар және костюмдер бойынша суретші – Николас Георгиадис. «Астана Опера» сахнасында қойылымды жүзеге асырған балетмейстерлер Карл Бёрнетт, Патрисия Руанн. Декорациялар бойынша үйлестіруші – Чинциа Ло Фацио, костюмдер бойынша үйлестірушілер – Наталия Стюарт, Арасель Досмұратова, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
30 қаңтар күні Манон партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева орындайды, кавалер де Грие – Олжас Тарланов. Леско – Арман Оразов, Лесконың көңілдесі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова. Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Қарт мырза – Руслан Темірбеков, Қарауыл басшысы – Олжас Маханбетәлиев, Мадам – Алтынай Қағазбаева, Кедейлерді бастаушы – Бейбарыс Ақарыс. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Спектакль сағат 19.00-де басталады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.