«Астана Опера» елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Неміс классикасы» атты виолончельге арналған музыка кешін ұсынбақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 ақпан күні сағат 17.00 де театрдың Камералық залы сахнасына керемет музыканттар – виолончелист Ермек Құрманаев пен пианист Анара Камельинова шығады.
Бұл кеште неміс жасампаздары – музыкалық классицизмнің ұлы өкілі Л. ван Бетховен мен ұлы романтик-композитор И.Брамстың виолончельге арналған сонаталары орындалады. Виолончельге арналған соната жанрының негізін қалаушы Людвиг ван Бетховеннің виолончель мен фортепианоға арналған №1 Фа мажор және №2 соль минор ор. 5 сонаталары шырқалады.
Сонымен қатар бағдарламаға Иоганнес Брамстың виолончель мен фортепианоға арналған №2 сонатасы Фа мажор ор. 99 енді. Мазмұны бай, ауқымды, драмалық шығарма 1886 жылы атақты виолончелист Роберт Хаусманның өтініші бойынша жазылған. Премьерасы Вена музыка одағының Кіші залында өтті, фортепиано партиясын автордың өзі орындады. Жанрдың кемел үлгілерінің біріне айналған шығармаға музыкалық ойлау маңыздылығы, эмоциялық шиеленіс, лирикалық музыкалық бейнелердің сан алуандығы, романтикалық тебіреніс, жарқындық пен кереғарлық тән.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.