«Алтыным» деп басталады ол кісінің жазбалары. «Алтыным» деп саған қаратып айтады. Жай ғана айтпайды. Өмірде көрген-білген,түйгенін айтады. Кейде өмірдің кішкентай сынақтарына сағың сынып отырғанда,көңіліңді түнек басқанда, қалың тұманда жол таппай қалғандай кездерде Әкім Ысқақтың жазбалары жаныңа демеу береді.Сенің жолда жатқан жай бір тас емес,алтын екеніңді есіңе салады.Өмірді сүюге үндейді,құлшынысыңды арттырады». Ақын Құралай Омар осылай деп ақжарма тілегін жеткізген Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан үзіндіні әр сенбі сайын «Жүректе қайрат болмаса» айдарынан оқырман назарына ұсынамыз.
АЛТЫНЫМ!
Алтыным! Шаршадым дейсің! Шаршама, жаным! Қайта жарқырай, жадырай түс! Мұңайма, қиналма! Өйткені қасыңда досың да, жауың да қатар жүр! Өйткені, бірі сынайды, бірі сүрінгеніңді қалайды. Оларға осалдығыңды көрсетсең, шаршағаныңды сездірсең, сыйлағысы келмей қалады. Себебі, мына заман тек мықтыны ғана мойындайды, ал әлсізді таптап кетеді...
* * *
Алтыным! Адамды жай қызығушылықпен іздеу - пендешілік тірлік қана, ал шынайы жүрекпен, сағынышпен іздеу, оны көру – бұл өмір, бұл бақыт!
* * *
Алтыным! Өмірдің әр күні әр түрлі. Бір күн шуақты, бір күн ызғарлы. Шуақты күнге жылынасың. Ызғарлы күннен тоңасың. Адам біткеннің ойлайтыны – суыққа тоңбау, жылылыққа бойын жақынырақ ұстау. Өзі ғана емес, ұрпағына да соны тілейді. Өйткені, жылылықты сезінген, шапағатты ұғынған сайын адам Адам бола бастайды. Бәлкім, адам біткеннің бір бақыты осында жатқан шығар.
* * *
Алтыным! Өмір – әркімге өз деңгейінде берілген биіктік. Біреу қырды, біреу тауды бағындырады. Біреу суды, біреу батпақты сүйеді.
* * *
Алтыным! Пенде болған соң жамандығыңды жасырып, жақсылығыңды асырып өмір сүргің келеді. Әйтсе де, кейде жасыратын нәрсеңді өзің де байқамай көрсетіп қоятының өкінішті-ақ.Сыртқы сұлулық бір көргеннен көзге түседі де уақыт өте ұмытыла бастайды. Ішкі сұлулық әңгімелесе, араласа бастаған сайын жарқырай көріне береді.
* * *
Алтыным! Адамда мұң, қайғы болмауы мүмкін емес! Әрбір пенденің басында өзіне жеткілікті ішкі әлемінің азабы бар. Қазақта «иесінің еңсесі түссе, астындағы аты да шаба алмайды» деген сөз бекер емес. Қайғыра бергеннен мәселе шешілмейді. Еңсеңді түсірмеудің өзі - адамдық міндетің.
* * *
Алтыным! Ынтымақ пен бірлік құрғақ сөз үшін емес. Қай уақытта болсын, адамдардың бір-біріне керек екенін сезіну үшін қажет. Қым-қиғаш тіршілікте бір ауыз сөзді ауадай керек етесің. Кейде жылағанды жұбататын да, мұңайғанды қуантатын да осы құдіретті сөз. Осынау сөзді шөл далада су іздегендей күтесің.
* * *
Алтыным! Адам – тал бесік пен жер бесіктің арасындағы жолаушы. Кемшіліксіз адам жоқ. Сүрінген тұрып кеткісі келеді. Құлап жатқан жан ғана жүргеннің қадірін біледі.
Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан. (Жалғасы келесі сенбіде).