Халқымыздың қасиетті санайтын мекендері, ел тарихына қатысты аңыздары жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда таныстырып келеміз. Туған жеріміз жайлы әңгіме қозғалғанда әрқайсымыз өз өңіріміздегі киелі жерлер жайлы айтамыз. Кейбіріміз Қоңыр әулие үңгірі туралы ол Баянауылда десек,ал енді біріміз Шыңғыстауда деп ойлаймыз.Ал,шындығында біз бүгін осылай аталатын екі өңірде де бар қоңыр әулие үңгірі туралы деректерді назарларыңызға ұсынамыз.
Ақтас тауындағы және Баянауыл тауындағы Қоңыр әулие үңгірі
Шыңғыстаудың батысындағы Қоңыр әулие үңгірі есте жоқ ескі заманнан бері киелі орын саналады. Қоңыр әулие үңгірі – көпшілікке бұрыннан белгілі жер. Ол Семей өңірі, Абай ауданының Саржал ауылы мен Қарауыл селосының арасында орналасқан. Үңгірдің тар аузы Шаған өзенінің жарқабақты жиегінен 80-100 метр жоғары тұр. Негізі үңгірдің оң жағында тар қуыс бар, ол үлкен
бөлмеге ұласады. Бұдан солтүстік бағытта үңгір төбесі 2 күмбезді болып келеді де, көлге жалғасып аяқталады. Негізгі бөлменің төрінен көлге шығар жолда бөлме бар. Үңгір ауасының температурасы 10 градустан аспайды. Үңгір, оның ішіндегі көлшік суы қасиетті саналып, ғасырлар бойы елдің тәу етіп, құрбан шалатын жеріне айналған. Қазіргі кезде Қоңыр әулиенің басына келушілерге арнап кісі қабылдайтын кешен тұрғызылып, қонақ қабылдау қызметі толық көрсетіледі. Ел арасындағы аңыз бойынша, Қоңыр әулие үңгірінің пайда болуы былайша түсіндіріледі: «Әлемді топан су басып, Нұқ пайғамбар кемесіне күллі хайуанның тұқымы мінген кезде біразына орын болмай қалады. Құлан, Қыран, Қоңыр әулиелер орын болмаған, соң ағаштан сал жасап, Нұқтың кемесіне тіркеледі. Ағынмен келе жатқан кезде үш әулиенің салы үш жаққа кеткен дейді. Топан су қайтып, тау-тастар көріне бастаған кезде әулиелердің салы үш тауға бөгеліп қалыпты. Қоңыр әулиенің салы ең соңғы болып үңгірге тірелген көрінеді. Қоңыр әулие үңгірінің түп жағында жылап аққан бұлақ көзі бар. Жұрт оны шипалық қасиеті бар деп ем үшін ішеді. Үңгірге түскен, жалбарына барған адам ауруынан айығады, дүниеге ұрпақ әкелуден үміт үзгендер «Қоңыр әулие» үңгірінің қараңғы жерлеріндегі тылсым күштерден тілек тілесе перзентті болады деп сенеді. Үңгір киелі саналып, адамдардың көптеп баратын ғибадат орнына айналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ата-бабалары соғыс кезіндегі үзілістерде осы жерге келіп жараларын емдеген. Қоңыр әулие жайында 1892 жылы «Витебские губерненские ведомости» газетінің №63 санында мынадай дерек берілген: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіндер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді».
Баянауыл тауындағы Қоңыр әулие
Шежірелі Баянауыл жерінің көне тарихынан сыр шертетін аяулы ескерткіші – Қоңыр әулие немесе Әулие тас үңгірі Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Ертеден бері адамзат баласының анасы – Байананың құт мекені осы жер деп есептеледі. Қоңыр әулие өте көне заманнан Жаратқаннан адамдардың тілек тілейтін орны деп саналған. Үңгір тектоникалық жік түсуден, гранит тасына табиғи сыртқы күштердің (жел, күннің қызуы, су шаю, т.б.) әсерінен пайда болған деседі. Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Мұндай табынудың себебі болған – үңгір түкпіріндегі қазан, оның түбіне үнемі су жиналады. Бұл су ауырғанға ем, қасиеті бар деген сөз бар. Қай уақытта болмасын үңгір жанына құдайдан жалбарынып перзент сұраған әйелдер қонған және сәби тілеген армандары шынымен де орындалған. Белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп атап кеткен. Бұл – адам мүрдесі жерленбеген табиғи құрылым. Тіпті, XViii ғасырдың аяғында бұл үңгір жайлы еуропалық және ресейлік патша шенеуніктерінің
жазбаларында кездеседі. 1790 жылдары «Оренбургская топография» кітабының авторы Петр Рычков Қоңыр әулиеде болғанын жазады. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин жазбаларында кездеседі. Қаныш Сәтбаев 1920 жылы киелі мекен жөнінде көп дерек қалдырған. Кеңес үкіметі кезінде дінге қарсы науқан жүргізілген кезде де бұл жер аман сақталып қалған. Барлық құқығы қорғалған. Баянауыл тауының батыс жағындағы Аққарағай тауының етегінде орналасқан үңгірдің қалай пайда болғаны жұмбақ. Аңыздың бір нұсқасында Қоңыр деген әулие осы маңда жер бетін топан су басқан заманда өмір сүрген-мыс делінеді: «Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық қылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, отбасын құрмайтын үш ағайынды Нұх пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суда қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып, су қайтқанда, оларды осы Баянауыл тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі Жамбақы жеріндегі тауларды мекендегені туралы аңыздар бар. Бұл аңыз әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін ғажап мазмұнымен қызықтырады. Нұх пайғамбардың топан суға қатысты әңгімесі басы Таурат болып, барлық ескі шежіреде белгілі, бірақ Нұхпен бірге сол ғаламат топан судан құтылған үш әулие туралы аңыз тек қазақта ғана бар. Олай болса, Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Әулиетас киелі үңгірі туралы белгілі өлкетанушы Н.Коншин XiX ғасырдың соңында «Керекуден Қарқаралыға дейін» аталатын жол жазбасында тамсана жазады. Ол сол дәуірде қазаққа өз атын қимай, қырғыз атаған дәстүрмен «киргиз» деп алғанымен, әңгіме Сарыарқаның қазақтары хақында болып отыр: «Әулиетасқа науқастар мен кедей қазақтар сыйынады, ең бастысы, баласыз әйелдер нәресте сұрап келеді. Ғадетте кешқұрым және түнге қарай келеді, түнді үңгірде немесе соның маңында өткізеді. Бай адамдар қой сойып, үңгірдің ауызында от жағып, қазанға су толтырып, қой етін асады. Суды тек үңгірден алады, сол жерден дәрет суын алады, сол суды ішеді, әсіресе денесінің сырқат тұстарын сол сумен жуып, шайынады. Қазақтардың пайымдауынша, бұл судың емдік қасиеті өте күшті.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан