12-13 қазан күндері Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өткізілгені жайлы апта соңында аңдатпа ретінде айтқан болатынбыз. Бүгін сол көрмеге еліміздің әр түкпірінен келген тауар өндірушілер арасында көпшіліктің қызығушылығын тудырып,елордалықтар саудасын қыздырған Қызылордадан келген кәсіпкер , «DALATEX» компаниясының директоры Абизов Дінмұхамедпен сұхбатымызды ұсынамыз.
Qazir: Аттарыңыз көз алдымызға бүкіл қазақ даласын әкелетін болса,өнімдеріңіз де соған сай болуы керек шығар,тігін фабрикаларыңыз жұмысын қашан бастады?
Дінмұхамед: Атымызды қазақтың даласынан осындай өзіміздің өніміміз шығады деген мақсатпен қойдық та, сауда белгімізді де солай атап кеттік.Біз бұрынан киім әкеліп сатып жүрдік,Италиядан,Германиядан,Түркиядан.Сол кезден бастап ойымызда болды.Кейіннен біздің нарыққа өзбектердің,қырғыздардың өнімі кіре бастаған кезде,біз алдымызға мақсат қойып,2016 жылы аштық.Алғаш 18-20 адаммен бастағанбыз.Қазір 40- тан аса адам жұмыс істейді.
Qazir: Кез келген кәсіпті алғаш бастаған кезде қаржының тапшылығы қолбайлау болатыны рас,сіздер жұмысшылар санын азайтпай,керісінше жұмыс көлемін арттырдыңыздар ма?
Дінмұхамед: Өз қаржымызбен бастадық. Кейіннен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша айналымға несие алдық және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы негізінде жұмысшыларды алдық.Оларға алты айға дейін Үкімет тарапынан жалақысын төлеп тұрды. Біз ерлер жейдесін ғана тігеміз. Егер бір адам бірнеше операцияларды атқарса,жылдамдық та ,сауда сапасы да түсіп кетеді.Соған байланысты бір ғана ерлер жейдесін кәсіби деңгейде шығарып отырмыз.Күніне 300-350 жейде тігіледі. Алда оны 30 пайызға ұлғайта аламыз.
Qazir: Өнімдеріңізге сұраныс қандай,басқа өңірлерге қалай жеткізесіздер?
Дінмұхамед: Біз серіктестер арқылы сатамыз.Сұраныс жақсы.Барлық облыста сауда нүктелеріміз бар.Кәсіпкерлер өздері келіп,алып кетеді.Өскемен мен Павлодарда ғана жоқ.Шыны керек,нарықта жұмыс істеп отырғасын, жоспарлап мемлекеттік тапсырыспен емес,өзіміздің мүмкіндігімізге орай шығарамыз.Сондықтан сұраныс міндетті түрде есепке алынады,ешкімге тәуелділік жоқ. Былтыр да көрмеге келгенбіз. Мәскеудің,Санкт-Петербордың көрмелеріне қатысып көрдік. «Атамекен» ҰКП бағдарламасы арқылы,экспортқа өнім шығарушыларға 50 пайыз жеңілдік береді. Биыл да қатыспақшы ойымыз бар.
Qazir: Шикізатты қайдан аласыздар,шығарған өнім өзін-өзі ақтап отыр ма, табыс көзі ретінде?
Дінмұхамед: Біз де бәрі автоматтандырылған.Жеңіл өнеркәсіп қол жұмысын көп қажет етеді.Шикізатты Түркиядан әкелеміз,матаны,жіпті бәрін.Қызылордада дайын өнім ретінде тігіп шығарамыз. Біз көбіне фундамент қалап алмай,үлкенге ұмтыламыз.Негізі осындай шағын өндіріспен бастаған дұрыс.Пайда жұмысқа байланысты. Айлық жалақыны уақытында береміз.Болашақта осы жұмысты жолға қойып аламыз.Марғұлан Сейсембаев айтады ғой: «Кәсіпкерлер- өз мемлекеті экономикасының әскері» деп,мен де өзімді отандық нарықты өзгелерден жейдесімен қорғап жүрген ашық шайқастағы жауынгердей сезінемін.Жейдеміздің бағасы -7 мың мен 12 мың теңге аралығында. Астанада «Еуразия» сауда үйіндегі «Мужской каприз» бутигі біздің серіктесіміз және «Артем» сауда орталығында 5 қабатта 57 бутикте сатылады. Астаналықтарға көрмеде 5 мың теңгеге 20 жылдық мерейтойларына сый ретінде бағаны түсіріп саттық.
Qazir: Жейделеріңіздің өтімділігі қандай,сауда белгілеріңіз танымал ма?
Дінмұхамед: Бір айта кетеріміз, өнімімізді өз дүкендерімізде сатқанда «Қазақстанда шығарылған» деп жазып қоямыз. Кейбір серіктестеріміз айтады,олай жазбаңыздар,жұрттар басқа елдікі десек алады,өз өнімімізге келгенде сенімсіздік тудырады,-деп.Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Біртіндеп халық өз өніміміздің сапасына қанып,біздің өнімдерді де іздеп, сатып алар деп сенеміз.
Qazir: Мамандардың бәрі жергілікті тұрғындар ма, оларды бейімдеп оқыту мәселесін қалай шештіңіздер?
Технолог бір түрік маманы бар,ол барлығын қадағалайды,сапасына қатысты. 90 пайызы өзіміздің мамандар.Үлгіні пішіп,тігетін мамандарды өзіміз оқытып ,үйретіп алдық. Бізге өздері оқып келгендердің көбінде тәжірибе жоқ,жылдамдықтары баяу.Тіпті ательелерден дайын тігіншілерді де алдық, бірақ жылдамдығы жоқ.Қазір өзіміз 20-25 жастағы қыздарды алып,үйретіп жұмыс істеп жатырмыз. Солай «өз көйлегім өз денеме жақын» демекші,отандық нарықта өз өнімізді ұсынып,еліміздің экономикасын дамытуда аз болса да үлесіміз бар деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан: Базаргүл Сейітжанқызы.