Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласы жайлы «Шаһарларға саяхат» айдарынан таныс болыңыздар.
1. Қала жайлы деректер. Ақсай шаһары облыс орталығы- Орал қаласынан 108 км қашықтықта орналасқан. Қаланың іргесі Орал-Илецк темір жолының салынуына қатысты 1936 жылы қаланған. «Қазақстан» атанған кент 1967 жылы қала мәртебесін иеленгесін аты Ақсай болып өзгертілген. 1965 жылдан бері Бөрлі ауданының орталығы.
2. Шаһардың өткен тарихынан. Ашық көздердегі деректер бойынша, қаланың бұрынғы орналасқан жері Байжиен мен Бекетай аталынған екен. Бұл жерлерде қазір мұсылмандар зираты бар. Шаһардың өзі тоғыз жолдың торабы іспетті теміржолдардың құрылысына қатысты бой көтергені белгілі. 1935 жылы Орал-Елек немесе Тұзтөбе арасындағы теміржол құрылысы аяқталысымен, поезд жүргізіле бастаған. Осыған орай қазіргі Қазақстан станциясының вокзалы, вагон жөндейтін депо, электростансасы, су мұнарасы, ағаштан екі қатарлы үйлер, қазіргі элеватор тұрған жерге астық қабылдау пунктінің кеңсесі, бір-екі қойма салынған.
3. Қаладағы ірі кәсіпорындар. Мұнда машина-трактор жөндеу, темір-құйматас бұйымдарын жасау зауыттары, автобаза, астық қабылдау пункті, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, темір жол көлігі кәсіпорындары, нан зауыты, элеватор жұмыс істейді. Ақсай қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны орналасқан.
4. Әлеуметтік-мәдени мекемелер. Шаһарда білім беретін 8 күндізгі орта мектеп, 1 кешкі мектеп, 9 балабақша, балалар музыка мектебі, мектептен тыс дамыту орталығы, 1 орталық аурухана, 1 қалалық емхана, мәдениет үйі және мұражай халыққа қызмет көрсетеді.
5. Өнеркәсібі өркендеген шаһар. Ақсайдың геологиялық тарихы оның мұнай-газ конденсаты кен орындарына қатысты айқындалады. Құрылыс материалдарынан құм,құмдауыт,кірпіш тас сазы, ақ балшық және мергель бар. Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы өндіріс көлемі 1027,2 млрд, теңгеге жеткен.Өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша облыста Орал қаласынан кейін екінші орында тұр.
6. Ақсай- Бөрлі ауданы орталығы.
Бөрлі ауданы — Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аудан шығысында Шыңғырлау, оңтүстігінде Сырым, батысында Теректі, Зеленов ауданымен және солтүстігінде Жайық өзенінің бойымен Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі.
7. Қаланың қазіргі даму көрсеткіштері. Ақсай қаласының құрамына Аралтал және Қызылтал ауылдары кіреді. Қаланың жалпы жер көлемі 12 354 мың гектар жерді алып жатыр. Шаһарда 2019 жылдың басындағы деректерге сәйкес, 56 044 адам тұрады. Қала бойынша 3472 кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде 652 ЖШС, 68 ШҚ, 2752 жеке кәсіпкер қаланың дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Қала жайлы мәліметтерді жинақтаған : Раушан Бекмырзақызы .
Фото: ашық ақпарат көзінен.