Қазан айында «Астана Опера» Камералық залында музыкалық өнерсүйер қауым мен ең кішкентай тыңдармандар назарына қызықты да бірегей концерттердің мазмұнды бағдарламасы ұсынылады, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 қазан сағат 19.00-де атақты опера әншісі, ең жоғарғы ерлер дауысының иегері Ерік Құрманғалиевты еске алуға арналған «Вокалдық параллельдер» концерті өтеді. Әйгілі вокалистің дауысы орасан зор диапозонды қамтыған әрі керемет икемділігі мен техникалық жағынан ерекшеленген, бұл оған сопранолық та, контральттік те партияларды орындауға мүмкіндік берген.
6 қазан күні сағат 12.00-де С.Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі мектеп жасына дейінгі үлкен балалар мен 1-5 сынып оқушыларын симфониялық оркестр аспаптарымен таныстыратын болады. Балалар музыка әлеміне сапар шегеді: ертегінің әрбір кейіпкерінің өз тақырыбы бар, сол арқылы нақты бір музыкалық аспапты баяндайды.
8 қазанда сағат 19.00-де «Классикалық музыка желісімен» концерті танымал Bel Canto музыкалық салоны топтамасының жаңа маусымын ашады. Кеш бағдарламасында опералардан ариялар мен дуэттер, батыс еуропалық композиторлардың белгілі әндері мен романстары шырқалып, аспаптық классика ұсынылады.
12 қазан сағат 18.00-де «FORTE-TRIO шақырады» топтамасының аясында «Чайковский & Аренский: қос данышпан – қос тағдыр» концерті өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «FORTE-TRIO» Мемлекеттік триосының құрамында: ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель) өнер көрсетеді. Осы кеште ұлы композитор П.Чайковскийдің Триосы, op.50 және шығармашылығының қалыптасуына классиктің зор ықпалы тиген оның кіші замандасы А.Аренскийдің Триосы, ор.32 орындалады.
17 қазан күні сағат 19.00-де Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Жастар – ел тірегі!» топтамасынан Next Generation жаңа жарқын бағдарламасымен өнер көрсетеді. Музыкалық кеште Қазақстан, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Словения, Польша, Түркия, Палестина, Үндістан, Колумбия, Венесуэла, Бразилия композиторларының туындылары орындалады, шетелдік авторлар шығармаларының бір бөлігі Қазақстанда алғаш рет шырқалмақ.
20 қазанда сағат 12.00-де жас театрқұмар жеткеншектердің назарына қазақ тілінде «Ішекті аспаптар отбасы» тамаша концерті ұсынылады. Бағдарламада музыка, жүргізушінің сөзі, жұмбақтар мен театрлық көрініс біріктірілген. Ойын үлгісінде балалар музыкалық аспаптардың құрылғысымен, олардың дыбыстарымен танысады.
24 қазан сағат 19.00-де романтизм дәуірінің екі көрнекті композиторы – Франц Шуберт пен Сергей Рахманиновтың шығармашылығына арналған Musica da camera камералық музыка кеші өтеді. Концерт бағдарламасында – Ф.Шуберттің Скрипка, виолончель және фортепианоға арналған триосы, ми-бемоль мажор, ор.100 орындалады.
30 қазанда сағат 19.00-де «Бәрімізді тоғыстырған музыка» аспаптық концерті тыңдармандардың сүйіспеншілігіне бөленген «Музыкалық қиылыс» топтамасын жалғастырылады, кеште дарынды отандық және шетелдік әртістер ансамбльдік орындаушылық өнерінің нәзік қырын паш етеді. Мазмұнды концерт бағдарламасына А.Тоқсанбаевтың «Дала нақыштары» атты фортепиано, скрипка және виолончельге арналған триосы, А.Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» және «Танго тарихы» танымал топтамалары енген.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.