Сенбі күн жан дүниелеріңізге жылылық пен жайлылық әкелсін деген тілекпен «Жүректе қайрат болмаса» айдарында жазушы,ақын Әкім Ысқақтың «Алтыным» кітабынан көңіл тербейтін жазбалардың жалғасын ұсынамыз.
АЛТЫНЫМ!
Алтыным! Шаттығыңды шарықтат, жігеріңді жалындат, жылылығыңды жоғалтпа. Ол-сенің ізгілігің, жақсылықты іздеуің, парасаттылығың, адамдығың емес пе?! Шуақты болған сайын ғана қуатты боласың. Сонда ғана іштегі жандүниең жарқырай, жайнай түседі. Дала суық, мұз болғаны ештеңе емес, көңіл суық, мұз болғаннан құдай сақтасын!
* * *
Алтыным! Бақытсызға уақыт өтпейді. Бақыттыға уақыт жетпейді.
* * *
Күн бар жерде көлеңке табылады. Ал көлеңкеден күнді таппайсың.
* * *
Алтыным! Адам болуың - жүрегіңдегі гүлді солдырмай, тоңдырмай алып жүруің. Ал бақытты адам болуың - сол гүлді құлпырта, жайната білуің!
* * *
Алтыным! Бәрін өзің шешесің. Тағдырың да өз қолыңда. Әйтсе де араб халқының мына сөзі еріксіз ойға оралып отыр: “Өткеніңе қызықпа. Жақсыдан ешкім кетпейді және жаманға қайта оралмайды”.
* * *
Алтыным! Қара бастың қамымен жүріп, күйкі тірліктің құлына айналсаң, қарабайырлықтың шеңберінен шыға алмайсың. Ал, айналаңа шапағатың тиіп жүрсе, гүлдей жұпар шашқандай сезінесің, өмірдің де тылсым сыры осында болса керек.
* * *
Алтыным! Бұл өмірдің де өзіне лайық формулалары, тендеулері бар. Әйтсе де жазылмаған зандылықтар, шешілмеген түйіндер көп.
* * *
Алтыным! Жеңіс деген - шабуылға шығуың, өзгені жығуың емес қой.Жеңіс дегенің - өзгеге тілеулестігіңнің арқасында жандүниеңнің көктемге бөленуі, жақыныңды қадірлеуің, өзіңе дем беруің.
* * *
Алтыным, өмір қызық. Сен біреуді сүйесің, ал ол өзгені сүйеді. Сен өзгеге тілеулес болып уайымдайсың, ал ол оны сезбеуі де мүмкін. Сен үшін ол құдіретті, қасиетті адам, ал өзге біреу үшін тіпті де олай емес.
* * *
Алтыным! Әр күнің өткенде келмеске кеткенін ұмытпа. Жаңа күнің жеткенде мәңгілік сәтің туғандай қарсы алғын.
* * *
Алтыным! Өмірдің сынын қабылдай біл. Қайғыны бастан өткермеу мүмкін емес. Бақыт пен нағыз өмірдің шын қадірін сонда сезінесің.
* * *
Алтыным! Әрине мүмкіндік болса, шаршамауға, өзгеге ренжімеуге тырыс. Ол адамды дертті етеді.Қайда жүрсең де шабыт пен шаттығыңды жоғалтпа!
* * *
Алтыным! Өмірдің жақсы жағы адамға деген сүйіспеншілік. Бір адамды құрметтесең, ол да сені сыйлағысы келіп тұрады. Жақсы сөз мерейіңді өсіреді. Өзгеге қол ұшын беріп, көмектескің келеді. Барлық жақсы қасиеттер өзгелерді құрметтеуден, ұната білуден басталады. Бақыттылық – адамға қуаныш сыйлау.
Әкім Ысқақтың«Алтыным» кітабынан (жалғасы келесі аптада).