Бүгінгі «Замандас» айдарынан ел тыныштығын сақтауда ерен еңбегімен құрметке бөленіп жүрген қарағандылық тәртіп сақшысы жайлы әріптесі жазған мақаланы ұсынып отырмыз.
Тәртіп сақшыларының қиын да қызықты қызметін абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Темірдей тәртіпті сақтап, ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етуде полиция қызметкерлеріне жүктелер міндет зор. Себебі, олар өздерінің денсаулықтары мен күшін аямай, халқымыздың бейбіт тыныштығын қорғауда. Қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, абзал істерімен, адамдық болмысымен әріптестер арасында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз аз емес. Елге қызмет ету жолында ерен іс атқарып, ел алғысына бөленіп жүрген тұлғалардың бірі- Қарағанды қаласының ІІБ криминалдық полиция бөлімінің ұйымдастырушылық бақылау және «А» қамтамасыз ету бөлімшесінің жедел уәкілі полиция капитаны Ертай Шарипұлы Сисембаев.
Ертай Шарипұлы 1989 жылы қаңтар айының 09 күні Ресей Федерациясының Волгоград облысы, Суровинский ауданындағы Свиридовка ауылында дүниеге келген.
1996 жылдың күзінде Қарағанды қаласының №66 орта мектебінің табалдырығын аттап, 2005 жылы ойдағыдай аяқтаған. Табиғатынан елгезек, әр нәрсенің сырын білуге құштар талапты бала, мектепте оқып жүрген кезінде-ақ оқу озаттарының қатарында жүріп, қатарластарының алды болған. Білімге құштар бозбала 2005 жылы Кеңес Одағының батыры, халық қаhарманы
Т.Я. Бегельдинов атындағы әскери мектеп интернатқа түсіп, 2007 жылы тәмамдайды. Сол жылдың жайма шуақ тамызында Семей қаласының Қазақстан Республикасының ІІМ Заң колледжіне түсіп, 2009 жылдың маусымында аяқтайды. Сол жылдың қыркүйегінде «Болашақ» университетіне сырттай түсіп, 2012 жылы «заңгер» мамандығымен оқу ордасын тәмамдайды.
Болашаққа деген ұшқыр арман-қиялдарына бірте-бірте қол жеткізген талапты жас жігіттің ендігі мақсаты ел тыныштығын сақтау жолында қызмет ету болып табылды. Сөйтіп, ол өзінің еңбек жолын Қарағанды қаласының ІІБ Октябрь полиция бөлімінің қоғамдық қамтамасыз ету бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлар қызметін ұйымдастыру жөніндегі инспекторы қызметінен бастайды. Жас маман іскерлік дағдыларын ұштауда уақытымен санаспай, еш тынбастан еңбек етеді. 2010 жылдан бастап Қарағанды қаласының ІІБ Октябрь полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарды, 2012 жылдан бастап Қарағанды қаласының ІІБ Жедел басқару орталығының инспекторы лауазымында қызмет атқарады. Бұл салада 5 жыл бойы абыройлы қызмет етіп, Қарағанды қаласының ІІБ криминалды полиция бөлімінің ұйымдастыру бақылау және «А» қамтамасыз ету бөлімшесінің жедел уәкіл лауазымына тағайындалады.
Әрине, жедел уәкіл болу ауыр болса да, осындай қадам жасауға еш мүдірместен шешім қабылдайды. Жедел уәкілдің еңбегі оңай емес, зор жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Десек те, жаңа қызметі барысында алдына қойған мақсатын қандай жағдайда да жүзеге асыру үшін табандылық танытып, саланың қыр-сырын жетік меңгеруге бар күш-жігерін салады. Саланы қамтитын барлық нормативтік құқықтық актілерді терең зерделеп, білімін шыңдайды. Жүктелген зор міндеттің маңыздылығын әбден түсініп, ауыр да жауапты сәтте ұстамдылық танытады. Жасынан өжет, қылмысқа қарсы күрес жүргізу негіздерін шебер меңгерген жігіт Отан алдында қызмет ету жолында көзге түсуде. Қылмыс әлеміне қарсы күресте көптеген операцияларға қатысып, қылмыстарды ашқан. Кез-келген сәтте уақытпен санасуды білмейді, қашанда берілген тапсырманы дер кезінде орындап, етене араласады. Соның алғысы болар, қазіргі таңға дейін қызметі үшін талай мәрте марапатталған. Әсіресе, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Халық қаhарманы Бауыржан Момышұлына 100 жыл» медалімен және көптеген марапаттауларға ие.
Қазақтың нағыз батырларына тән қасиетті бойына жинап, антына адал болған Ертай Шарипұлы сынды азаматтарымыз ортамызда көп болғай!
Қарағанды қ. ІІБ
МТАБ жетекші маманы
Әсемхан Сағатқызы