Аптаның маңызды мәдени оқиғаларына шолу бүгінгі «Айшықты апта» айдарында (30 шілде мен 3 тамыз).
Жадыраған жаз айында Ертіс өңірінің жұртшылығы ел есінде есімдері өшпестей сақталған, қос тарихи тұлғасының мерейтойларын атап өтті.
Өткен аптаның соңында басталған қазақ халқының ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың 160 жылдық мерейтойы аптаның басында да жалғасын тапты.Бес мыңнан аса адам жиналып,35 киіз үй тігіліп,арнайы айтыс ұйымдастырылған ауқымды шара заманынан асып туып,алдағы күнді болжай білген,халық арасында әулие атанған бабамызға деген ұрпағының құрметі деп ұғу керек.
Ал бүгін, кешкі 19.00-де «Ұлы дала» этнофестивалі аясында Ertis Promenade сахнасында өтетін Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ертістің ерен Естайы» атты музыкалық фестиваліне Қазақстанның жеті облысының әншілері жиналмақ. Іс-шара барысында Естай Беркімбайұлының атақты «Құсни – Қорлан», «Бір мысқал», «Сандуғаш», «Жай қоңыр», «Юран-ай» сияқты әндері шырқалатын болады. Облыстық филармонияның концерттік-гастрольдік бөлімінің меңгерушісі Гүлсамиға Мұқанованың айтуынша сайысқа 26 номер дайындалған. Сахнада Астана, Алматы, Петропавл, Талдықорған, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының әртістері өнер көрсетеді.
Енді еліміз өнерін шетелде биіктен көрсетуге үлес қосып жүрген өнерпаздар жайына ойыссақ, Италияның Сан-Марино қаласындағы киелі сахнада өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған балалар ансамблі елге оралды. Алматылық «Адат» ансамблі жақында ғана Шекспир шығармасындағы Ромео мен Джулетаның отанына барып, өнер көрсетті. Верона қаласында өткен халықаралық фестивальде жас бишілеріміз Кавкасиури, тау халқының биі, Даймохк және шешендердің мерекелік биін орындаған.
- Жас əнші Данэлия Тулешова мен оның ұстазы балаларға арналған Eurovision -2018 байқауының ұлттық іріктеу сынына қатысады.
«Junior Eurovision Song Contest» байқауы биыл Минск қаласында қарашада өтеді. Қазақстан аталған жобаға тұңғыш рет қатысатын болады.
Елордасының мәдени жаңалықтарына тоқтала кетейік.
Еліміздің танымал музыканттары «Астана-Опера» театрының сахнасында симфониялық концерт өткізді. Өнерпаздар ХХ ғасырдың сүйікті композиторлары Хабиболла Сетеков, Арнольд Шёнберг, Дмитрий Шостаковичтің шығармаларын орындап, тыңдармандарын тәнті етті. Сахнада скрипкашы Бағдат Әбілханов, Курванжан Ахатов, Динара Сартай, Қаламқас Жұмабаева сынды әртістер өнер көрсетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «100 жаңа есім» жобасының жүлдегері, опера әншісі Медет Шотабаев Австралияда өнер көрсетеді. Жаңа спектакль Мельбурн қаласындағы әлемге әйгілі опера театрында қойылады. Композитор Рихард Вагнердің «Нюрнбергские мейстерзингеры» туындысы ең күрделі опералардың бірі. Қазақстандық өнер жұлдызы Медет Шотабаев осы қойылымда Давидтің партиясын орындайды. Бұған дейін ол әлемнің бірнеше елінде қазақ, орыс, итальян, француз, ағылшын және испан тілдерінде өнер көрсеткен. Ал бұл опера неміс тілінде қойылмақ..
Елорданың 20-жылдығы аясында Астанада 90-шы жылдардағы жұлдыздардың қатысуымен «I LOVE ASTANA, I LOVE 90’s» атты концерт өтеді. Сүйікті әуендер кеші Амфитеатр сахнасында 9 тамыз күні сағат 19:00-де өткізіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Ашық аспан астында белгілі музыкалық ұжымдар мен танымал орындаушылар өз өнерін паш етеді. «Стрелки», «Вирус»және «ALL Davay»топтары,сондай-ақ Карина Кокс («Сливки»тобы) өздерінің таңдаулы әндерін орындайды. Кеш қонағы – әлемге танымал «Ace of Base» тобының солисі Дженни Берггрен (Jenny Berggren).
Астана тұрғындары мен қала қонақтары сүйікті әуендерін тыңдап, 90-шы жылдар атмосферасындағы шоудың куәсі болады.
Аптаның маңызды мәдени оқиғаларына арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.