Бұған дейін еліміздегі әр өңірден қасиетті нысандар тізіміне енген орындар жайлы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда Астана қаласының нысандарымен таныстырған едік. Бүгін Алматы қаласынан осы тізімге қандай орындар енгенін біле аласыздар. Қаншама ғылыми деректер мен аңыздарды топтастырып жарық көрген қос жинақтан туған өлке тарихын білуге қызығушылық танытқан әрбір оқырман өзіне қажеттісін алар деген ойдамыз.
Медеу шатқалы
«Медеу» мұз айдыны 1972 жылы салынған. Дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, яғни Кіші Алматы өзенінің сағасындағы әсем табиғат аясында орналасқан. Теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте. Айналасын 21 мың гектар орман-тоғай қоршап жатыр. «Медеу» деп аталуының сырына үңілсек, Верный қаласында ХІХ ғасырдың соңында Медеу Пұсырманов есімді қоғам қайраткері өмір сүрген. Ол кісі 1850 жылы дүниеге келіп, 1908 жылы, яғни небәрі 58 жасында дүниеден өтіпті. Медеудің әкесі Пұсырман батыр болған деседі. Медеудің өзі де жас кезінде батырлығымен көзге түскен. Қоғамда сөзі өтетін, беделді Медеу Пұсырманов 1893 жылдары Верный қаласының кіші болысының бірінде старшын да болған екен. Өзі басқарған аудан тез гүлденіп, сол кездердегі ірі құрылыстар бірінші сол ауданда пайда болған көрінеді. Көшпелі халықты отырықшылдыққа бейімдеу жұмыстарының басы-қасында да болған. Әсіресе қазақ жастарына ерекше көңіл бөлген Медеу Пұсырманов қазақ балаларына арнап арнайы пансионат та ашқан. Сондықтан спорт кешеніне Медеу Пұсырмановтың есімін беру туралы шешім қабылданды. Шымбұлақ, Талғар асуынан салынған ұзындығы 3500 метр болатын шапшаң сырғанап түсу жолы және еңістігі 11-29 градус, ұзындығы 1500 метр болатын үлкен жол спортшыларымызға үлкен мүмкіндіктер береді. Сапасы жағынан Еуропаның ең таңдаулы деген шаңғы жолдарына беріспейтін құрылыс. Әлемдегі ең ірі қыстық спорт түрлерінің биік таулы кешені. 1983 жылдан бері «Медеу» мұз айдынында спринтерлік және классикалық көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әр түрлі халықаралық жарыстар өткізіліп, дүниежүзілік, еуропалық және ұлттық рекордтар жасалып үлгерді. «Медеу» 1975 жылдан бастап коньки спортынан әлем чемпионаты, әлем кубогы, КСРО біріншілігі сынды ірі жарыстарды қабылдай бастады. «Рекордтар ұстаханасы» саналатын «Медеу» мұз айдынында 120 әлем рекорды тіркеліпті.
Көктөбе
Көктөбе – Іле Алатауының бөктеріндегі көрікті жерде орналасқан төбе. Ол теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте, Алматы қаласының оң түстік-шығысында орналасқан. Абсолют биіктігі 1070 м, салыстырмалы биіктігі 370 м-дей. Беткейлері тіктеу келген. Көктөбеде биіктігі 372 м болатын телевизиялық мұнара, қала тұрғындарының демалыс аймақтары, т.б. орналасқан. Көктөбе – Алматы қаласына панорамалық шолу жасайтын орын. Көктөбеге әуе трамвайы арқылы арқан жолмен, жаяу жүріп, болмаса арнайы микроавтобуспен көтеріліп баруға болады. Биіктіктен таулар мен қаланың керемет көрінісі алақандағыдай көрінеді. Арқан жол Алматы қаласының орталығын Көктөбемен байланыстырып тұр. Арман кинотеатрының артында Достық даңғылының (Абай көш. қ.) бойында орналасқан жөнелту станциясының ұзындығы 1727 метрді құрайды, арадағы жолдың ұзақтығы – 6 минут. Арқан жол 1967 жылдың 4 қарашасында пайдалануға берілді. Көктөбе – Қазақстанның ең көрікті әрі таңғажайып орындарының бірі және теңіз деңгейінен есептегенде бұл әлемдегі ең үлкен мұнара болып табылады.
Шымбұлақ
Шымбұлақ – Алматы қаласынан 25 км жерде, Кіші Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 2270 м биіктікке орналасқан спорттық тынығу кешені. 1949 жылы «Медеу» мұз айдынымен бір мезгілде Шымбұлақ шатқалында тау шаңғысы кешенінің құрылысы да басталды. Кеңес Одағында алғаш рет Германиядан алынған аспалы және сүйретпелі жол (шаңғы тебушілерді тауға шығаратын құрылғы) осы жерде салынды. 1950 жылы Шымбұлақ беткейінде альпинистік үшсайыстан алғаш рет бүкілодақтық жарыс өтті. Аспалы жол 1954 жылы салынып бітті. Таудың кереметтей көрінісі, жұмсақ климаты мен шуағы мол күндердің көп болуы, қар қабатының ұзақ уақыт жатуы туристер мен тау шаңғысы спорты әуесқойларын еріксіз өзіне тартады. 1956 жылдан тау шаңғысынан республикалық чемпионаттар өткізіліп тұрады. Елімізде тау шаңғысының дамуына үлкен үлес қосқан осы базада ұзындығы
3100 м 2 аспалы жол спортшыларды 3200 м биіктікке алып шығады. Аспалы жолдардың ұзындығы 3 мың м-ге созылып жатыр, жоғарғы және төменгі нүктелерінің биіктігі 800 м. Шаңғымен шапшаң түсу жолдары халықаралық талаптарға сай.
Верный бөбектер үйінің ғимараты (қазіргі Алматы музейі)
Қазіргі Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесінде 1892 жылы салынған Верный бөбектер үйі – қаланың үздік ғимараттарының бірі. Танымал сәулетші Поль Лионель Базиль Гурдэнің жобасымен тұрғызылған. 1897 жылдан бастап бөбектер үйі Жетісу облыстық қамқоршылығының құрметті мүшесі Н. Пантусовтың қамқорлығында болды. Бөбектер үйі қамқоршыларының арасында
П. Зенков, Л. Фидлер және басқалары болды. Облыс губернаторы, қалалық әкімшілік өкілдері, дін қызметкерлері, Верный қаласының тұрғындары, Верный уезінің қазақтары және басқалары тұрақты түрде жәрдем көрсетіп тұрды. Кеңестік уақытта бөбектер үйі Есік қаласына көшіріліп, 1929 жылы ғимаратта ҚазАКСР үкіметі, кейінірек медицина мекемесі, №1 балалар клиникалық ауруханасы, Алматы медицина колледжі орналасты. Бүгінгі таңда мұнда Алматы музейі орналасқан.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш
Алматы қаласы, Қабанбай-Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында
1992 жылы «Бұл жерде 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады» деп жазылған белгі тас қойылды. Арада 15 жыл өткеннен кейін Алматы қаласының әкімдігі аталған ескерткішті орнатты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ғимараты
Ғылым академиясы ғимаратының кешені – Алматы қаласы, Шевченко, Құрманғазы, Қонаев, Пушкин көшелерінің шаршы аумағындағы жерде орналасқан Верный кезеңінің бірегей ғимараты. 1948-1957 жылдары салынған ғимарат сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қамқорлығына алынған. Ғимарат кешенінде ҚР Ғылым және білім министрлігінің орталық ғылыми кітапханасы, 18 ғылыми зерттеу ұйымы, ағарту бағдарламасы бойынша 3 ұйым жұ мыс істеді. Кешеннің бас жобалаушысы – әйгілі сәулетші, фундаменталист, көптеген ғимараттардың, Мәскеудегі Ленин мавзолейінің авторы, академик А.В. Щусев. Ғылым ордасын ашуға оның алғашқы басшысы Қаныш Сәтбаевтың зор септігі тиген. Ғалым академияның ғылыми мекемелерінің, кешеннің орналасу аймағын және негізгі даму ережесін жасап, жалпы құрылымын ойластырды. 1981 жылы ғимараттың оң жағынан сәулетшілер В. Экк, М. Павлов, А. Ордабаевтың жобасымен «Ғалымдар үйі» салынды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің бұйрығына сәйкес, «Табиғат музейі» мен «Археология музейі», сондай-ақ екі жаңа – «Сирек кездесетін кітаптар музейі» мен «Қазақстан ғылымының тарихы музейі» жұмыс істейді.
Орталық және Кеңсай зираты – көрнекті қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар жерленген жер Орталық зират
Орталық зират бұрынғы Иверско-Серафим қыздар монастырінің орнында пайда болды. Қазіргі уақытта Орталық зират Алматы қаласының орталығындағы Райымбек (бұрынғы Ташкент) көшесінің бойында орналасқан. Орталық зиратта Ұлы Отан соғысы майдангерлері, соғыстың түрлі зардаптарынан және госпитальде қайтыс болған жауынгерлер мен тыл ардагерлері, сондай-ақ әйгілі әнші Күләш Жасынқызы Бәйсейітова, қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері Мұқан Төлебаев, қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев, ақын, әнші-композитор, домбырашы Иса Байзақов, қазақтың әйгілі актері, режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Кенжетайұлы Айманов, актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық әртісі Қалыбек (Қалибек) Қуанышбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаяхметов, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбанов, қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші Әбілхан Қастеев және басқа да Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет және қоғам қайраткерлері жерленген.
Мұхтар Әуезовтің музей-үйі
1961 жылы Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның тұрған үйін музей ету туралы Қаулы шығарды (1961 жылдың 10 тамызы). 1963 жылғы 28 қарашада Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін ашты. Екі қабаттан тұратын бұл үйде Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылын өткізген (1951-1961). Бұл үйде «Абай» романының бастапқы екі кітабы, қазақтың алғашқы музыкалық комедиясы «Айман-Шолпан», алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр», көптеген пьеса, әңгіме, повестер, тамаша аудармалар дүниеге келді. Мұхтар Әуезовтің музей-үйі Алматы қаласы, Төлебаев көшесінде орналасқан.
Дінмұхамед Қонаевтың музей-үйі
1969-1993 жылдар аралығында бұл үйде белгілі қоғам қайраткері Д.А. Қонаев тұрған. Мемориалдық музей-үйде Д.А. Қонаевтың балалық шағы, қызметте өсу баспалдағы, қоғам қайраткері ретінде қалыптасу жолы туралы деректер мен тарихи мағлұматтар және жеке заттары сақталған. Мемориалдық музей-пәтер 2012 жылы 12 қаңтарда Д.А. Қонаевтың 100 жылдығына орай ашылды. Пәтердегі заттардың орналасуы түгелдей дерлік өзгеріссіз, сол қалпы сақталған. Үй ауласында автокөлігі сақтаулы. Аталған жәдігерді мұражайға Д.А.Қонаевтың туыстары тапсырған. Музейде Қонаев тұлғасы, оның мемлекетті дамытып-өркендетудегі рөлі мен еңбегі көрсетілген. Тарихи тұлғаның жұмыс кабинетінің интерьері және басқа да күнделікті өмірде тұтынған заттары Қонаевты тек мемлекет қайраткері ғана емес, адамгершілігі мол, тағылымы терең, ой-өресі биік қарапайым жан ретінде де ашып көрсетеді. Дінмұхамед Қонаевтың музей-үйі Алматы қаласы, Төлебаев көшесінде орналасқан.
«Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабынан