«Көне дүние күмбірі» айдарында халқымыздың өткен тарихы мен сол дәуірдегі аңыз бен ақиқаттың ара жігін ажыратуға талпыныс жасаған зерттеу дүниелерді де ұсынып отырмыз.
Шыңғысхан дәуірін қазақ тарихынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені ол кезде біздің ел өмірінде көптеген тарихи ірі оқиғалар болды. Ғалымдарымыз айтып жүрген «киіз туырлықты Моғол ұлысы – түркі, моғол екені аян. Қазіргі ғылыми деректерге көз жүгіртсек, Шыңғыс хан әскерінің құрамы керей, найман, уақ, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, үйсін, Кіші жүз тайпаларынан тұрса, моңғолдарға тиесілі үлес – 5 пайызды құрайды екен. Өңгелерін жол-жөнекей уақытша ғана пайдаланып отырыпты. Шыңғысханның әлемдік сахнаға шыққанынан түркі эностары ұтылысқа шықты деп айту қиын.
Шыңғысхан 1224 жылы Жошы хандығын құрды, елін «Жошы-қыпшақ ұлысы» деп атады. Ұлыстың тілі – Қыпшақ тілі, діні өзгеріссіз қалды. Шағатай, Өгедей, Тулуй, т.б., соғыстан түскен пайдасының белгілі мөлшерін Жошы-қыпшақ ұлысына беріп отырды. Бұл басымдылық біздің әлі күнге көкейімізде жүрген «кейбір күдіктерге жауап» десе де болғандай. «Жошы-қыпшақ ұлысының» негізі кімдер дегенге келсек, әлбетте бұрынғы Көк бөрінің ұрпағы – Көк Түрік хан әулеті екені даусыз. Ендеше, Ертағы, Кертағыны жайлаған жұртты қазақ тарихынан бөле-жарып ала алмаймыз, дініне де күмән келтірудің қажеттігі шамалы.
Бүгінгі ұрпақ Жошыхан дәуірінде елге еңбегі сіңген бабалардың ірі тұлғаларын көз алдына келтіруі қиын десек те, 5-сыныпқа арналған «Әдебиет» оқулықта «Ақсақ құлан, Жошы хан» тақырыбымен берілген үзіндіде «…баласының өлгенін Жошы ханға… бір домбырашыға күймен айтқызады» деп жазады. «Ақсақ құлан» күйінің шығарушысы – Кетбұға екені талас тудырмағанмен оны оқушыға түсіндіруде нақтылық, дәлдік жеткіліксіз болып отыр. Оқиғадағы «жұлмаланған қолдың – шынашақ» екені ересектерге түсінікті болғанмен балаларға беймәлім.
«Жошы ханның ашамайға мінген жас баласы аңшылармен бірге жүріп, бір жерде ақсақ құланды қуып кетеді. ...Құланның әңгісі баланы шайнап өлтіріп кетеді. Аңшылар баланы іздеп таба алмайды. Жошы аңшыларға қаһарын төгіп: «Баламды тауып бер» деп қалың кісіге іздетеді.
«Баланы өлді» деп естірткен адамның құлағына қорғасын құямын деп жарлық қылады. Аңшылар бір жерден баланың жұлмаланған қолын табады». («Әдебиет»,оқулық, Алматы: Атамұра, 2010 жыл).
Жырда: «Мінгені тұлпар құнан-ды», – деп баланың әлі тай-құнан мініп жүргенінен дерек береді. Әлі күнге мұны ешкімнің ескергісі келмейді.
Әр тараптағы аңыздардың баяндалу сарынын байқап көргенімде аңғарғаным: оқиға желісі толық сақталған деуге негіз бар. Бірақ түрлі себептермен өзгерістер еніп отырған. Ол заңдылыққа ешкім дау айтпайды.
Бүгінгі тәуелсіз елдің азаматы ретінде тың көзқарасқа бой алдырсақ, аңыздардағы айтылатын оқиғаға қатысты кейіпкерлер ретінде алынған бірқатар бұлтартпас тарихи жайларды саралауға тура келеді. Ол – Алашахан мен Шыңғысханның өмір сүрген уақытының сәйкеспеуі, Шыңғысханның баласы жалғыз ғана Жошыхан еместігі, Жошы хан құнан мінген бозбала емес 46 жасында ажал құшқан егде азамат.
Оқиғаны баяндаушылар әсерілеп айтқанды ұнататыны, тыңдарманға да керегі сол екені мәлім. Ақсақ құлан Шыңғыс қаған мен Жошы хан ортасында өрбігені әлдеқайда әсерлі болары әркімге тиімді. Кезінде ол саясатқа да, ұлтаралық қарым-қатынасқа да қолайлы болды. Қырғыз бауырларымыз оны жолбарысқа талатып қоюы, жолбарысты «Буканың комыз» күйімен ұйықтатып тастауы осының бір айғағы.
Бұл күй мен жырда «құлан» туралы мәліметтерде де қайшылық бар. Оны өңдеп айтушылар жануардың мінезіндегі ерекшелікке де мән бермеуге тырысқан. Ендеше, құланнан ажал құшқан Жошыхан емес, «жас ханзада» да кездейсоқ табиғат апатынан жазым болған деуімізге негіз бар. Демек, осы уақытқа дейін «кейбір саясатшылардың» ойлағанындай ханзада арқа өңіріндегі құландардың жаппай көзін жоюға жол сілтеген «қанқұйлы қарақшы» емес, керісінше, маңайында топталған нөкері барында «балалық, жастық желігімен дандайсыған» қарапайым ғана пенденің бірі. Көптеген айтушылардың сөз саптасында «жас ханзада» дегеніне қарағанда жасы бәлкім, он үш-он бесте болуы да мүмкін, тіптен одан да жас шығар? Әйтпесе ат жалын тартып мінген болса, соңында ұрпақ қалып, әңгіме жалғасы табылған болар еді. Жастық албырттық сақтық шарасын естен шығарып алды. Оның үстіне ұшқыр жүйрік айғыр да делебесін қоздырды… Сөйтіп, ажалмен бетпе-бет қалып, оқыс жағдайға тап болды.
Жошы жағдайы сәл басқарақ, өйткені ол – Хан! Оны табалаушылар жыртылып айырылады, тіпті ондайлар бірге туғандары арасынан да табылады. Ендеше, оның қазақтан басқа арқасүйер кімі бар? Сондықтан да «бала өлді» деп естірткеннің «көмекейіне қорғасын құямын!» – деді. Сөйтіп, тығырықтан Жошы мен қазақ тағдыры бірге аман шығуы қажет болды.
Сәл зер салайықшы. Қырықтың қырқасына шыққан беделі асқақ хан қандай ат мінеді? Жырда «Қуып ақсақ құланды, Мінгені тұлпар құнанды» деген сөз бірнеше қайталанады. Ел билеген Жошы хан тұлпар мінсе жараспас па, ол неге аяқ артар ат таппай құнан мініп, құлан қуып жүр? Жошы ханға құнан міну жараса ма? Ендеше ол сөз «Сол қу құлан, ту құлан, Балаң өлді – Жошы хан!» деп Жошының өзіне тікелей арнап айтылып тұр емес пе? Сол тұста жанашыры Кетбұға абыз елін де, Жошыханды да құтқарудың амалы ретінде «Ақсақ құлан» күйін елге таратты. Оның қырық тарау болып тартылуының сыры да осында. Жас ханзаданың «жалғыз шынашағын» Қумола өзені бойындағы итауыздың басына жерлеп, ел жадына сақтауды аманаттады. Ол орынға кейінгі жылдары белгі қойылды.
Сондықтанда қарапайым халық қыршын жастың қазасын шын пейілімен аза тұтты…Ел жадына сақтап, басына дұға оқып жүрді. Бұл қазақтың ғана менталитетінде, әдет-ғұрпында, салтында бар асыл қасиеті.
Тоғанбай қажы Жәменкеұлы
Фото: e-history.kz