Сіз тұратын қала Астанада қандай өзгерістер болып жатыр? Мәселен, ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің өтетін орны, жолақысының қымбаттағаны, тұрғындар жинаған қоқысқа ақша төленетіні жайлы білдіңіз бе? Маңызды жаңалықтар туралы толығырақ бүгінгі «Елорданың дидары» айдарынан оқыңыз. Алдымен сүйінші сұрап айтуға лайық жаңалықтан бастағанды жөн көрдік.
Бүкіл қазақтың құлағына жағар жаңалық – елордалық «Бастау» тобы Голливудтан алтынды алқалап жеңіспен оралды! Домбыраның қоңыр үнін естісе, ішке асын жерге қоятын өнер сүйер қауымның қуанышында шек жоқ!
72 ел қатысқан дүбірлі додада намысты қолдан бермеген өнерпаз жігіттеріміз - Темірлан Олжабай, Ернат Наурыз және продюсерлері Алпамыс Шаримов. Олар 7 шілде күні АҚШ-қа алыс сапарға шығып, Лос-Анджелесте өткен «World Champions» халықаралық байқауына қатысты.
«Елорданың дидары» айдарының өткен санында Qazir-ге сұхбат берген кезде домбырашылар: «Бұл сапар өнеріміздегі бір биік белес болайын деп тұр. Голливудтың өзінде болады. Әрбір әртіске бір минут қана беріледі, ағ ғана уақыттың ішінде өз өнеріңді ортаға салу керексің, өйткені олар бірден не «ия», не «жоқ» деп келесі айналымға өткен-өтпегеніңді айтады» деген болатын. Ия, жігіттер жол ұзақ демеді, мұхит асып, шекара басып байқауда бақтарын сынады. Екі айналымнан өтті. Финалға жетті. Әлемге қазақтың қара домбырасын күмбірлетті. Енді, міне, алтын медальді иеленді. «Әлем чемпионы – 2018» деген атаққа әбден лайық деп танылды.
«Әр ел бір топ командасымен, жанкүйерлерімен келіп, бірінші турдан ауылдарына қайтып жатты. Біздің ұлттық домбырамыздың қасиеті бізді Hollywood-тың сахнасына бір-ақ шығарды!!!» деп жарияланды инстаграмдағы @Bastau.Group парақшасында.
Айта кетейік, Темірлан мен Ернат Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері. «Бастау» домбырашылар дуэті ретінде 2016 құрылды. Димаштың «Бастау» атты жеке концертінде топтың тұсауы кесілді. Бұған дейін Латвия және Израильде бірінші орынды иеленіп Америкаға осылайша жолдама алған еді.
Осындай елордалықтар үшін ерекше қуанышты жаңалықты жариялағаннан кейін енді күнделікті білуге тиіс тағы маңызды аққпараттарға тоқтала кетпекпіз.
Астаналықтар үшін маңызды ақпараттар
Елорада әкімдігінің хабарлауынша, жергілікті табиғи өнімдер сатылатын ауылшаруашылық жәрмеңкесі 14 шілде күні басталды және апта сайын өтеді. Өнімдер нарықтық бағадан 10% арзандатылып сатылады. Жәрмеңкелер сенбі-жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін ұйымдастырылады. Өтетін орны: Сауран көшесі 7, ХҚКО аумағында.
Астананың қоғамдық көліктерінде жолаушылар екі түрлі төлем жасайды. Электронды жол жүру құжаты арқылы төлем 90 теңге, ал егер жолаушы қолма-қол ақшамен төлем жасайтын болса, 180 теңге. Экспресс жолаушыларды тасымалдау кезінде электронды жол жүру құжатымен төлем 180 теңге, қолма-қол ақшамен төлеген кезде 250 теңге. Қала маңындағы қатынаста электронды жол жүру құжаты арқылы – 1 километр 8 теңге, ақшалай төлем жасағанда 1 километрге 11,5 теңге төлейді. Ескеретін жайт, жол жүрудің электронды төлем жүйесі бұзылған жағдайда, электронды жол жүру құжаты арқылы төлем жасайтын жолаушы тегін жол жүруге құқылы. Сонымен қатар 7 мен 15 жастағы балалар жол жүру төлемінің 50 пайызын төлейді.
Енді астаналықтар қалдық өнімдерді эко-пункттерге тапсырып, сол үшін ақша алады. Қала бойынша қайта өңдеу шикізатын қабылдау эко-пункттері «Северное сияние», «Достар», «Достар 2», «Достар 3», «Арман қала», «Эдем палас» тұрғын үй кешендерінің жанында, «Шапағат» базарының аумағында орналастырылған. Эко-пункттерде ескі қағаздар, ақ қағаздар, қаңылтыр құтылар, целлофандар мен шыны ыдыстар қабылданады. Аталған қалдық өнімдерді барлық тұрғындарға тапсыруға болады. Өнім атауына байланысты 1 кг үшін 20-70 теңге көлемінде төленеді. Қалдықтар пункттерден «Шанхай» базары ауданындағы базаға жеткізіліп сонда өңдеуден өтеді. Өңделінбейтін өнімдер Алматы және Петропавловск қалаларына жіберіледі.
Материалды әзірлеген Мақпал Аманбай.
Мәліметтер www.astana.gov.kz алынды.