Орта Азияда тұңғыш рет әйел затына арналып орнатылған сәулет өнерінің ескерткіші - Айша бибі кесенесі. Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында Тараз жерінде орналасқан ескерткіш пен оның салынуына себепкер болған оқиға жайлы аңызды назарларыңызға ұсынамыз.
Айша бибі кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.) – Қарахан мемлекетінен қалған көрнекті ескерткіштердің бірі. Аңыз бойынша, Айша бибінің сұлулығынан өзге ақыл-парасаты да елге белгілі болған. Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан және екеуі қосақ болуға уағдаласады. Бірақ жан-жақтан жау анталаған заманда елін, жерін қорғаумен жүрген Қараханның уағдаласқан уақытында Айшаға баруға мүмкіндігі болмайды.
Арадан айлар өтіп, ақыры шыдамы таусылған Айша Қараханның мекені – Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі – Бабаджа Хатунды ертіп жолға шығады. Бірнеше күн жол азабын тартып, Таразға жарты күндік жол қалған кезде өзеннің жағасына демалуға тоқтайды. Сол сәтте өзеннің суық суына шомылып сергіп алған Айша сұлу біраз көзін іліп ұйқыға кеткенде улы жылан шағып алады. Бүкіл тәнін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша дереу сүйгені Қараханға ат шаптыртады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде ару қыз талықсып жатыр екен.
Сол мезетте Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызып үлгеріп, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» – деп үш рет айғайлапты. Аңыз бойынша Айшаның бибі атануы осылай болған деседі. Мұратына жете алмай, беймезгіл ажал жұлып әкеткен нәзік гүлдей аруын, арманда кеткен асығын жадтан өшірмеудің амалын сүйген жары тапқан екен.
Өнер мен архитектуралық ескерткіште өлтірмейтін құдірет барын ол таныпты. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Бүгінде Айша бибі кесенесі бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Жаңадан шаңырақ көтерген жастар ескерткіш басына келіп, тағзым етіп жатады. Айша бибі кесенесі Орта Азияда әйел затына арналған ең алғашқы сәулет ғимараты деуге болады. Кейіннен бұл үрдіс сахара салтына жат болған жоқ.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.