Күнделікті күйбің тірліктің жетегінде кетпей, жан рахатын сезіне білудің өзі өзгермейтін құбылысқа айналғанда ғана ісіңнің берекесі кіріп,бақытты боласың. Бақытқа бәрі сыйғанмен ол бір орында тұрмайды. Әркімге бұйырған бақыттың формасы әр түрлі, тек оны сезіне білу қажет. Қай сала болмасын, бизнес, тұрмыс, тірлік, ата-аналық борыш, адами аманат – барлығының татымды нәтижесін тек бақытты бола білсең көресің.
Бақытқа сенсең – бөленесің, қабылдай білсең – сезінесің, бағалай білсең – бөлісесің. QAZIR-мен бұйырған бақыт жайлы сырымен бөлісетін - Гаухар Утелбаева бақыт, бизнес және борыш жайында «Сырласқым келеді» айдарында.
Qazir: Гаухар, сіз бақыттысыз ба? Бақытты болудың сыры неде?
Гаухар: Бақытқа кімнің нені балайтынын қайдам, бірақ өзім бақыттымын, бірде кем, бірде кең болатын бес күн жалғанда – өзіңді бақытты сезіне білсең болғаны. Өз басым «шексіз бақыт» күйіне бөленуден қорқамын. Өйткені, өміріңе өктем өзгерістер алып келетін, шат-шадымен күйге бөлейтін барлық құбылыстың құны бар. Бәлкім бағасы қымбат болар, өтемін қалайша табамын деп ойлаймын. Ал қарапайым жан үшін қай нәрседен де бақыт табуға болады:мойныңда қарызың, басыңда борышың болмаса – бақыт. Адам қанағаты қайран қаларлықтай, минималист болса – бұл бір бақыт. Көпшілік біледі, екі рет тұрмыста болсам да қосағыммен ағара алмадым. Ал бұдан қайғы кешіп, қасірет тартып, ішқұса болған жоқпын. Бұл менің болмысыма да, табиғатыма да, мінезіме де жат нәрсе. Әлі де бұйырған бақ бар. Мен қабылдауға қашан да дайын күйде жүремін. Жардан жырақтап, ажырасу, оның үстіне бір емес, екі рет – бұл бақыт емес, үлгі аларлық жағдай да емес, оны мақтанып айтуға да келмейді. Бірақ, тұлғаның әрекеттегі, ойдағы, таңдаудағы еркіндікті түпсана түрде сезінуі – бақыт.
Qazir: Еркіндік деген не сонда?
Гаухар: Білесіз бе, бақытты сырттан, материалдық игіліктерден, мансаптан, баладан, байдан, басқадан іздеудің қажеті жоқ. Мысалы, ең таза иман – жүректе, ең жылы сөз – жүректен шығады, ең ыстық сезім – жүректе жатыр, ең қымбат адам – жүрегіңнен мекен табады. Ал жүректе жатқанның барлығы – рухани сипат. Аристотель айтты-ау деймін: «Рухани жағынан сұлу адамдар — бұлар ең алдымен бақытты адамдар». Ал жүрегіңнен кімге мекен меншіктегің келеді, нені жүректен шығарып, жүректерге жеткізгің келеді – бұл еркіндік. Ал бостандық бөлек ұғым. Қатарластарым, әріптестерім, өмірде де, бизнесте де бір-бір белсенді тұлғалардың жеке кәсіпті бостандыққа бастайтын, тәуелділіктің тұсауын шешетін жол дейтінін жиі естимін. Бос сөз, бұл бос сөз! Тіпті неге деп сұрамаңыз! Бизнес – бұл қайнап жатқан қазан: ішінде жеті түрлі жұрттан жиналған жеті түрлі дәм салып пісіргенде шығатын бір тағам сияқты. Қайнауы аспазға тәуелді, ал бизнес маған тәуелді. Бизнес – бұл адамдар, алармандар, келушілер, кетушілер, клиенттер, тұтынушылар, сыншылар мен міншілер, тіпті диванда жатып жөн сілтегіш снобтар, кадрлар, тауар немесе шикізат жеткізушілер, кеден мен заңды тағы қосып қойыңыз. Бір дүниені соңғы тұтынушыға дайын күйде жеткізу үшін бәріне тәуелдісің. Тіпті жұрттың жақсы-жаман пікірлеріне де тәуелді болып қалдық қазір. Ал уақытқа тәуелділікті қалай мойындамаймыз?
Qazir: Гаухар, өзіңіздің Қазақстан коммунистік халық партиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, былтырғы жыл бойынша Халық таңдауының «Жыл бизнесмені» екеніңізді білеміз. Мамандық, кәсіп жайында айта кетіңізші.
Гаухар: Бала күнімде стюардесса болуды армандағам. Сол кезде анама таудай өкпем болатын, желпілдемей, жаһан кезбей, жұрттың баласы сияқты оқу бітіріп, тұрмысқа шық. Жеңілтектенбе деген-тін. Бұл негізі сіз бен біздің ата-анамыздың дәуіріндегі ұстанымдардың рамкасы ғой, оның үстіне «жұрттың баласы» деген барометр бір керемет емес пе еді, жөн-жосықсыз жерде ұяты ұстап қалатыны тағы болатын. Қазір заман басқа, заманына қарай адамы. Әрине, қанымызбен қалыптасқан құндылықтар қалай шайқасаң да қалпын бұзбайды, мәселен ата-ана мәртебесі, балалардың бақытқа бөлейтіні, ортаңа деген, жер мен елге деген құрмет және сүйіспеншілік. Бірақ өркениет пен жаһанданудың жаңа белестерінде тұрмыз, бала тәрбиесінің де бейімделген үлгісі бар. Мен балаларымды «жұрттың баласымен» салыстырмаймын, ешкімнің ешкімге ұқсауы міндет емес, әр адам өзінше қайталанбайтын экземпляр. Мамандығым бойынша экономистпін, заңгермін. Мамандық бойынша да талай қызметті атқардым. Партяға мүше болғаныма да үш жылдан асты. Депутаттыққа да ұсынылғанмын кезінде. Сәтіне қарай тағы тың ұсыныстармен ұмтыла жатармыз. Бірақ мен саяхаттауды, әуеде қалықтап, ел көріп, жер көруді армандаған едім ғой. Сан алуан салада әр істің басын шалып көрдім. Нәтижелі болмай қойды. Аша бердім, жарытып жүргізе алмаған соң жаба бердім. Мықтап бекіндім, енді қолға алған істі қалт еткізбей, нәтижеге жеткіземін деп. Бар керегі де тек осы болған екен, жетіспегені – нақты шешімнің қабылдануы, айналысатын ісіңнің жан қалауы болуы керек. А.Жұмаділдаевтың жақсы сөзі бар: «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!».Ер адамдарға киім тігу бір естігеннен ерсілеу болуы мүмкін, әйел затына. Ешкімге ұқсамайтын, әр азаматтың өзіне арнап тігілетін киімнің бірегейлігі, дизайны, матасы, тігісі болсын, барлық жағынан ұқсамайтын болуы жетістіктерге жетелейтін ерекшелік болады деген түйінді тас қылып қойғам. Мені жасымда қолөнерге де баулымады ғой. Тігіп, пішу тұрмақ, ине сабақтап көрмеген адамға қызық та болды, қиыншылық көп кездесті. Ал мен қуыршақ ойнап қанбаған болсам керек, киім тігемін, әсемдікті әсірелеймін деп шешім қабылдап қойғам. Дәл осы тұста менің тұлғалық трансформациям басталды.
Qazir: Сонда нені меңзеп отырсыз?
Гаухар: Ә.Кекілбаевтың келісті айтқан бір ойы бар: «Шын азаматтық бақыт пен шын азаматтық қасірет, ең алдымен, өмірлік проблеманың қалай шешілгеніне байланысты». Сөзіңді түзесең әдетіңе айналады, Әдетіңді түзесең мінезіңе айналады. Қарап отырсыз ба, бақытты болу дәлелдеуді талап ететін теорема емес, бұл аксиома. Бұйырған бақыт бәрінде бар, ал бағалау, қабылдау, белгісін аңғара қалып, ашыла қабылдау қайсымыздың да жеке құзырымызға берілген. Қазір мен басқарып отырған «Jeff Tailor» тігін үйінің бүгін теңдесі жоқ, нарықта технологиялық шешімдер, сапа, рейтинг бойынша үздік келеміз. Бірақ бұл сіз көретін нәтиже ғана. Ал тігілетін жібінен, қадалатын түймесінен бастап, таңдаушы адамның көңіл-күйіне дейінгі маңызды нәрселер толып жатыр. Кез келген істі табыс көзі емес, сүйікті жұмысқа айналдырып алу керек. Трансформация дегенім де осы. Дөңгелетіп отырған бизнесің де сені бақытты етуі керек. Сен бизнесті ұнатып, ісіңді жан-жүрегіңмен сезініп сүйремесең, сенімен бизнестің әңгіме тез аяқталады. Танымайтын, білмейтін, тың саладағы істі бастағанда тіпті кадрлар табылмай қоятынын білмеппін. Іздене жүріп үйрендім бәрін. Банкрот болып тұрған тұсынан бизнесті қайта жандандыру оңай болған жоқ. Алға сүйреп алып шыққан өз шешіміме беріктігім, арман-мақсаттың айқындығы, шешімнің беріктігі және ізденімпаздық. Белшемнен батқан қарыздан да, көк тиын табыс көрмеген кездегі күйзелістен де, дағдарыстан да алып шыққан осындай ұмтылыс, жаңалыққа, әсемдікке созған қолыңның талмауы керек. Әлі де бәрін үйреніп болдым деп айта алмаймын, үйренгенімнен үйренерім көп қой. Жүре берсең, біле бересің. Қажетті кітап оқудан бастап, іздеп жүріп тәжірибе теретін әдетім бар. Бұл ізденіс. Менің өнімімді, қызметімді тұтынушылармен қарым-қатынас қалыптастырудың өзіне білім, дағды және тәжірибе керек. Талғамы жоғары жұрт қой қазір, кімді алсаң да, тұтынушы болған соң міні мен сыны дайын тұрады. Ал оның барлығына менің дайындығымның келісті болуы керек. Трансформация деген түпсанаңда болатын өзгерістен келетін нәтиже ғой. Адам етікші болса да үздік болуы керек. Менің де көздегенім осы. Мінсіздікке әлі жете қойған жоқпыз, бірақ ұмтылыс бір сәтке де тоқтаған емес. Мүмкіндіктің барлығы бар, бұл да бақыттың бір белгісі, тек әрекет қыл.
Qazir: Тірліктің қамын күйттеп жүргенде бала тәрбиесін осалдатып алып жүрген жоқсыз ба? Жалпы өзімізбен жарыса жетілген жеткіншектер тәрбиесіне қатысты не айта аласыз?
Гаухар: Басқаның баласында шаруам жоқ. Өзімдікілерге қатысты тәрбиедегі тактикам өзгерек. Ана мен баланың байланысы қайшыласаң да үзілмейді ғой. Мен бала болғанда отбасымның қиналғанын жиі көрдім, үш бірдей апалы-сіңілі қызды оқыту, тоқыту, ішіндіру мен киіндіру ешкімнен кем болмасын деп ата-анамыз аянбады. Үнемі жүздерінен мүмкіндік пен қажеттіліктің келіссіздігін көрдім. Шаттанып, шадыман болған шақтарын байқамағанмын. Көрдіңіз бе, кейіннен мен де сондай күйде болдым, екі рет тұрмыста болсам да бір бақытқа кенеле қоймадым. Бұл жолдасымның кемшілігі де емес, бұл қалыптасып қалған картина. Ал мен өзімнің бақытсыз екенімді балаларыма көрсетпеуім керек. Аналардың барлығы балаларымның бақыты үшін деп тырмысып жатады, ал менің ұстанымым мүлде өзге. Балам бақытты болсын десең өзің бақытты болуды үйрен. Ал бақыт – бұл сен тиген бай емес, есіктен төрге дейін емен жиһаз қойылып, күміс шам ілінген баспана да емес, құрып кетсінші, бұл бизнес те емес. Бақыт мүлде материалдық игілік емес. Бұл кеше, бүгін, дәл қазір кешіп отырған күйім. Бақыттың құпиясы да, құлпы да жоқ, бұл әркімнің шешімі. Тәрбиенің де татымдысы осы шығар, үп еткен желден бәйектеп, балаларын гиперөбекке бөлейтін ана емеспін. Эмоцияға да сараңдаумын. Бірақ, балаларымның беті ашық, беделді жүруіне нұқсан келтіретін беймәдени әрекетке ешқашан бармаймын. Кемшіліктерім бар шығар, бірақ еш картинадан купальникпен ашық-шашық жүргенімді көрмейсіз, шатақ мінезбен іліккен даудан мені таппайсыз. Дұрыс-бұрыс дүниені меңзеп отырамын, бірақ тыйып, баланы бетінен қағуға жоқпын. Бұны кемшілік деп бағалап жатқандар болса өздері білсін, бірақ бала неғұрлым еркіндікті сезініп өсетін болса, болашақта өзіне жауапкершілікті алу, шешім қабылдаудағы батылдық соғұрлым басым болады. Ал айналайын өтіп кетсе балаға, өз бетінше өмір сүруі қиын ғой. Тәрбиенің тірегі осы деп санаймын.
Қашан да икемді болу керек деп үйретемін. Икемді болу деген әр нәрсеге көндігіп, көнбіс болу, құбылыстарға мойынсұна беру емес. Бұл бейімделу. Үйде дайын тамақ жоқ па? Тамаша! Құрбымның үйіне қонаққа баруға керемет себеп. Далада қалып қойдық па? Бәрекелді, ашық аспан астында жұлдыз санап жататын тамаша мүмкіндік. Ақшаң жоқ па, алақай! Бұрынғыдан да белсене жұмыс жасайтын жағдай туды! Көріп отырсыз ба, көпшілік алға тартып айтатын проблема да жоқ. Тәрбиеге де трансформацияланған түрде, шектен шықпайтын бостандық белесінен қараймын.
Qazir: Кез-келген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дейтін жағдай бар, көптеген бизнес-субъектілері қайырымдылық шараларына бей-жай қарамай ат салысып, жәрдем көрсетіп жатады. Қайырлы іске сіз қалай қарайсыз?
Гаухар: Білесіз бе, бизнесі бардың бәрі миллионер емес. Ал қайырымдылықты миллионер ғана жасай алады деген тағы дұрыс емес. Қайырлы істі жасаудың да өз жөні бар, ісің қайтсе қайырлы болмақ: өзіңе зияны келмейтін, аузыңнан жырып алмайтын, шын жүректен, жаның ауырмайтындай халде болғанда жасау - бұл моральдық борыш. Мен де көптеген шараларға қатысамын, тек серіктестік пен қойырымдылық арасында айырмашылық бар. Оның үстіне өзіңіз де білесіз, кейінгі кезде тек алсам деген алақан жайғыштар жыпырлап кеткен. Көмектес, жәрдем жаса деп көп келеді. Жалғыз ғана мысал айтайын, есімін атамайық. Жақында ғана, бір жұманың жүзі шығар, жұмысқа баласын жетектеген әйел келді, тағы бір балам мүгедек дейді. Содан, қойыңызшы әйтеуір, әңгімелесе келе нені ұқтым: баласы мүгедектік бойынша жәрдемақы алады, өзі күтімші ретінде мемлекеттің көмегін иеленген, алатын атаулы көмегі тағы бар, тұратын баспанасы бар, қол-аяғы балғадай жолдасы жатыр үйінде. Мен ұсынған тазалықшы жұмысының ақысын азсынып емес, еріншектігінен келіспеді. Ойлап қараңыз: бизнес – бұл күнделікті нан-шайыма тауып, қажеттіліктерімізді өтеп отырған жалғыз табыс көзі менде. Менің де екі балам бар, баспанам жалдамалы, мемлекет жалғыз басты ана екенсің деп есіркеп отырған жоқ, күн-түні жегіліп жұмыс жасаудамын, кімнің кімге көмектесуі керек сонда? Ал жалпы, жұртпен қатар жыл сайын жан басына есептелетін зекетімді беріп тұрамын. Қайырлы іс қылғың келсе – зияныңды тигізбе. Жұмыс барысы бойынша жобаларын арқалап, кеңес сұрай келген стартаперлерден ешқашан көмегімді аяған емеспін. Қарасаңыз қазір тәжірибелік, кітаптан оқып алған емес, іс жүзінде жинақталған кеңестің өзін тегін таба алмайсың. Қандай ұтымды бизнес-құралдарды қазіргі уақыттың талабына сай пайдалану керек, коммуникация тетіктерін табу, қызмет тұтынушылардың тұрақтылығы сияқты кеңестерді кезінде маған ешкім тегін таратқан жоқ, жүз жығылып, мың сүрініп жүріп жиған тәжірибем, айтып кеттім емес пе жоғарыда, маған өте қымбатқа түсті. Оның да құны қыруар қаржы. Мінекей, менің қайырымдылығым осы.
Qazir: 2016 жылы «Жыл блогері» атандыңыз. Өзіңіз айтқандай, сыншыл, міншіл жұрт көп. Әлеуметтік желідегі парақшаларда өзіңізге, бизнесіңізге қатысты түрлі пікір айтып жатады. Оқырмандарыңыз бар, тілектестеріңіз бар, бақталастарыңыз да бар шығар. Оларға арнайы айтарыңыз бар ма?
Гаухар: Негізінен әйел заты жаратылсынан ерке келеді, есейген сайын еркелік еселенетін сияқты, бірақ бұл ерсі көрінбейтін, есті еркелік, бұл әйел затына тән дүние ғой, осы қабілетті жоғалтып алмау керек. Күңкілеп кухнядан шықпайтын келіншектер ақыл айтқанда, әрине, ашуым келеді. Бірақ, бәріне ұнауға да міндетті емеспін. Жақсы болсын, жаман болсын, мейлі, әйтеуір мен жайлы, бизнесім жайлы жазып жатыр, айтып жатыр. Бұл да бір бақыт, мүлде мыңқ етпей қоюға қарағанда. Қандай екеніне қам жемеңіз, қандай да бір эмоция тудыра білсеңіз – сіз тұлғасыз. Үйлесімділік тілеймін, бұл өмірде де, өзіңнің өзгемен тіл табысуыңда да, бизнесте де қажетті құрамдас. Бірақ үйлесімділікке ұмтыламын деп езіліп кетуге, бизнесті берекелі етемін деп ошақ басынан безіп кетуге болмайды. Жан дүниенің нәзіктігі, жаңашылдық пен жасампаздыққа үнемі ұмтылыс, үздіксіз ізденісте болуға құлшыныс жоғалмаса жабылмайтын дәптер сияқты дерекке толы қазынасың. Осының барлығын ойыңмен, сөзіңмен, іс-әрекетіңмен, қабылдап жатқан шешімдеріңмен және ұстанымыңмен ұтымды формулаға айналдыруға болады. Бұл да аксиома. Бұл – постулат!
Qazir: Өткенге өкінішіңіз бар ма, Гаухар?
Гаухар:Жоқ, ештеңеге және ешқашан өкініп көрген жоқпын. Себебі басымнан өткеннің бәрінен баға жетпес сабақ ала білдім.
Qazir: Жақын-жуық арадағы жоспарларыңыз қандай?
Гаухар: Қазірдің өзінде тапқан-таянғанды әлі жақсарып, жетіле түсуге жұмсаймын. Жоспар көп, маған ірі жобалар керек. Мысалы, бизнесімді дөңгелете бастағанда ер адамдарға арналған киім тігетін мамандар, нарықта бірегей тігін бұйымдарын шығаратын технологиялар тапшы болды. Қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің жағдайы жарымаған ғой. Желмен жарысып дамыған жиырма бірінші ғасырдың бірлігі болғанымыздың өзі бақыт емес пе, шет-шекараны ғылым мен технологияның барлық жетістіктері жоқ қылды, мүмкіндік көп. Соның барлығын, сайып келгенде елімізге елеулі өнеркәсіптік технология енгізуге жұмсамақпын. Ағымдық мақсат – дөңгелетіп отырған істі іркіліссіз жүргізе беру, бұл менің жұмыскерлерім алдындағы аманатым, әрқайсысы нәпақасын адал еңбегімен тауып, отбасын, бала-шағасын асырап отыр. Маған сенім білдіріп, етек-жеңімді жинасып, жанымнан табылып жүр. Тігін үйінде жұмыс жасап жүрген әр адамның еңбегін ерекше бағалаймын. Біздің өнімге тапсырыс беріп, өкінбей тұтынып жүрген әр клиенттің кіршіксіз сенімі – бұл мен алған аванс. Оның барлығының ақталуы керек. Ал алдағы уақытқа межелеп жүрген жобам – бұл елімізде мата шығаратын, шыт көйлек пен шытынаған сырт киім шығаруға дейін мүмкіндік беретін фабриканың іргесінің қалануын қолға алып, сонау еуропалық элиталық киім-кешектерден кем болмайтын, француз сән үйлеріндегі үлпілдеген бұл мен бөзге бергісіз өнім шығару.Бұның барлығын дүние жинау үшін емес, іске асырып, жұрт қызығын көретін жобаға айналдыру. Адамның қайтпас сапарға аттанатыны хақ емес, пе? Кете қалсаң алғаның, жиғаның мен тергенің емес, бұл дүниеге бергенің қалады.
Qazir: Бәрекелді, Гаухар! Тұщымды пікіріңіз, стереотиптерден сытылып шыққан шымшыма ойларыңыз орынды-ақ. Оқырмандарымыз орынды талқыға сала жатар, ал енді балалық шағыңыздан бір естелік сұрасам қалай? (көп ойланып, күрсіне жалғастырды)
Гаухар: Жасымыз 10-15 аралығында, үш апалы-сіңіліміз ғой. Ауылды жерде тұратынбыз. Бір күні әке-шеше, отбасы болып барлығымыз бір дастархан басына жиналдық. Негізінен кешкі асқа жиналу дәстүр ғой, санамда ойып тұрып орын алған сол күн өзінің оған дейін де, одан кейін де қайталанған емес. Алғаш рет ата-анамызбен ашық сөйлесіп, сырластық. Сол кеште бала мен ата-ананың рөліне байланысты басымдық танытқан шеше, ақырып ұрыспаса да балалық қылықтарың үшін үнсіз, қабақпен қамшылайтын әке емес, ең жақын, ең адал және жанашыр жандардың жадыраған риясыз күлкісі көңілімді шаттандырды. Тіпті бармақтай-бармақтай болып, отыра кетсең басып алатын маса да болған жоқ (күліп). Масайрап, марқайып, ата-анамыздың ақтарыла айтқан жастық шақтарындағы хикаяларын естіп, сплин-сезімдерден толық арылып, ерекше күйде болғам. Есімнен кетпейді, сол кеште ескен желдің самалын, ішкен шәйдің дәмін, естілген күлкінің тәттісін, жұлдыздардың жарығын, жүзіміздің бал-бұл жанғанын айтсаңызшы...
Qazir: Кімге алғыс айтасыз?
Гаухар: Әрине, ата-ананың қолдауын қашан да қымбат бағалаймын, қажетінде көрсете білді. Балаларымның мені жерге қаратпай келе жатқанына разымын. Бұл онсыз да белгілі, айтылмаса да арнаулы алғыстар ғой. Ал былайша маған титтей де болса түйін жасап, қорытынды түзуіме себепші болған, бір дүниеге баулып, үйрете білген адамдардың әрқайсысына тау-тау алғыс айтуға бармын. Олардың өздерінің бұл туралы білмеуі де мүмкін. Мысалы: бір оқырман, көрісіп-біліспеген, бизнес түгіл бір күн жұмыс жасап көрмеген келіншек ФБ-парақшама жазған бір постқа «мінезіңді түзет» деген ақыл айтыпты. Айтысып-тартысып, сөз таластыратын деңгейге түспедім. Ол мені сұрамаған жерде жөнсіз пікір айтпауға, қолыңмен ұстап, көзіңмен көрмеген затқа баға бермеуге үйретті. Мың алғыс! Аспаздық ісімен айналысатын Айнұр деген құрбым бар, арнайы сабақ етіп, ақыл айтпаса да кішігірім бизнесінде береке бар, ісімен аз болсын, көп болсын, қанша қаражат болса да оның есепті талап ететінін, үнемі жоспарлы жүруді үйретті. Рахмет! Ондай мысалдар көп, айтқым келгені: сабақ аламын десең сабылып сансыз семинарларға барудың қажеті жоқ. Тек тәжірибеге сүйен. Өзің іздене біл. Ақылды да, сабақты да адамның айтқанынан емес, тәжірибесінен түзу керек.
Қысқа-нұсқа
Qazir: қорқамын...
Гаухар: күлсеңіз де шынымды айтайын, жатарда жарықты өшіруден қатты қорқамын.
Qazir: жиі...
Гаухар: ұрсысамын, бірақ ашуым шай орамал кепкенше, қайтуым тез.
Qazir: ...сенемін
Гаухар: елімізге бизнесте де, билікте де креативті команда келіп, елеулі өзгерістер болатынына, әрине жақсылыққа бастайтын, ерекшеліктер енгізетініне сенімім зор.
Qazir: басты құзырыңыз...
Гаухар: бизнесте бұл – коммуникация, ал өмірде – сабырлылық.
Qazir: қымбат...
Гаухар: маған артылған сенім.
Qazir: ұнайтын түс...
Гаухар: қанық қошқыл, қою қоңыр, тура шокладтың түсі.
Qazir: басты үш құндылық...
Гаухар: жұрт жауыр болған отбасы, бала-шаға деген дүниеден өзге құндылықтарды басым деп бағалаймын, ол – еркіндік, тәжірибе және дербес, адами құзырлар.
Qazir: нені кешіре алмайсыз?
Гаухар: алдағанды, жалған сөйлеуді...бірақ, мұным да жалған шығар, мен бәрін кешіремін, өйткені Ол кешірімділерді жақсы көреді.
Qazir: Қандай кемшілігіңіз бар?
Гаухар: Мойындаймын, мен жалқаумын. Жалқаулығым сонша, күні ертең жұмыс жасамау үшін қазір жұмысты қырып атқаратын кез деп санаймын.
Әңгімелескен : Жәннат Манасбайқызы