«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыздың «Көне дүние күмбірі» айдарында Батыс Қазақстан облысындағы Тақсай кешені жайлы мәліметтермен таныстырамыз.
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде бес бірдей қорған кешені табылды. Бұлар шартты түрде «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4» және «Тақсай-5» болып аталды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынғанымен, жәдігерлер аз болды.
«Тақсай-1» қорған кешенінде ағаш бөренемен жабулы жерлеу орны, 4 ат жүгені қазылып алынды. Үшінші обадағы жерленімнен, яғни Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Долинный ауылдық округі территориясынан археолог мамандар ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйелдің жерленген орнын анықтады. Бұл орыннан табылған материалдар мен жерлену тәсілі, жерлеу элементінің конструкциялары, көптеген сары металдан жасалған бұйымдары және салт жоралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды. Жерленген әйел адам ерекше мәртебеге ие болғанын және қоғамдағы жағдайы жоғары болғанын көрсетеді. Ағаш бөренемен жабу астындағы шығыс жақ қабырғасына қарай жерленген әйел адамның мүрдесінің басы батысқа, беті оңтүстікке қарап жерленген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі, жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысық тұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған. Сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолында қоладан жасалған алтын сапты айна ұстаған. Айнаның тұтқасы жуан және онда барақ иттің басының бейнесі салынған. Барақ ит, тұмсығы өткір, көзі дөңгелек жыртқыш құс бейнесінің бастары қырынан салынған. Айна сабы кертештелген, ол жаңғақ ағашынан жасалған қаппен құндақталған. Айна ғалымдарға сол кездегі тарихты анықтау үшін таптырмас дерек болып табылады. Қабірдің оңтүстік-батысында жаңғақ ағашынан жасалған қобдиша табылды. Қобдишаның ішінде салт-жоралғылар жасайтын заттар салынған, олар: ақ саздан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ. Ал үңгірдің орта тұсында түйе басты қола қазан, ағаш ыдыстың құрсауы, тана көзді шыны ыдыс анықталған. Үңгірдің батысында ат әбзелдерінің кейбір бөлшектері шашылып жатқан. Әсіресе, қабірдің оңтүстік жарының безендіруі ерекше қызығушылық туғызады, ол жарты шеңбер тәріздес, сәуле шашып тұрғандай етіп жасалған. Жарты шеңбер қабырғаларының астынан алтын жапсырмалар мен алқа шыққан. Жерленімде құрамы жағынан әр түрлі мүліктік бұйымдар қойылған: ернеуі алты алтын жиектемемен өрнектелген ағаш ыдыс, жартылай сфералы қабырғалары астына қарай тарыла түсетін қола қазан, түтін салатын ыдыс, шынылы полихромды ыдыс. Қабыр шұңқырының солтүстік-батысынан салт жоралық кешен табылды.
Сонымен қатар, кешеннен сирек ұшырасатын ғажайып жәдігер тарақ – «Тақсай тарағы» табылды. Бұл жасалған мерзімі және сонау ежелгі адамдар бейнеленген көрінісі жағынан өте сирек кездесетін жәдігер болып табылады. Тарақта б.д.д І мың жылдықтағы ірі тарихи оқиғалардың бірі, яғни Иранның ахеменидтері мен дала көшпенділері арасындағы екі дүниенің тартысы бейнеленген болуы керек. Жаңғақтан жасалған ағаш қобдишаға қасқырдың башпайлары, тұтқасы сүйектен жасалған пышақ, соғыс көрінісі бейнеленген ағаш тарақ салынған. Тарақтың үстінде алебастрдан жасалған сауыт, қасқырдың күрек тісі және тістер, сонымен қатар келсап пен келі және жұмыр кесек тас жатыр. Күрек тістердің бірінде алтынмен қапталған күрек тісті-салпыншақтар сияқты тесік жасалған. Бұл күрек тісті-тұмарлар жергілікті шеберлердің қолымен жасалуы мүмкін. «Алтын ханшайыммен» бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Алтын бұйымдармен бірге қола айна, тұмарлардың табылуы оның сарматтың абыз әйелі екендігін танытады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштерге жататын Тақсай қорған кешеніне шамамен 2,5 мың жыл болған. Сол себепті археологтармен осы кешенді зерттеумен қатар сақтау мен қорғау жұмыстары да жүргізілуде.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.