Астананың 20 жылдық мерейтойына аз ғана уақыттар қалды. Біз «Елорданың дидары» айдарында ел астанасына көрік беріп тұрған көшелердің атаулары мен тарихына тоқталсақ, бүгін оның мәртебесін өсіріп, көпшілікке танымал етуге үлес қосып жүрген жандар жайлы сөз қозғамақпыз.
Ниеті жоқтың сылтауы көп, ниеті бар амалын табар... Бүгінгі кейіпкеріміз ақ қалатты абзал жан. Дәрігерлік жұмысынан бөлек, шала туған сәбилер мен көздері жәудіреп жетім қалған балаларға қолынан келгенінше көмектесіп жүрген астаналық азамат.
Латиф Парпиев – реабилитолог дәрігер, филантроп. 1988 жылы 10 қаңтарда ОҚО Кентау қаласында туған. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2006-2013 жж түлегі. Астана медициналық университетінде онкорадиолог резидентурасын тәмамдаған. Астана қаласының онкология орталығында жұмыс істеп, кейін медициналық кәсібін балаларды оңалту бағытында жалғастырған. «28 ілмек» және «Best for Kids» қоғамдық қорының белсенді мүшесі.
Біреуге көмектесу үшін, қалтаның ақшаға толғаны емес, жүректің мейірімді болғаны қажет. Латиф, сен өмірлік миссияңды тапқан сияқтысың?
Ия, өз жұмысымнан көп нәтиже көріп жатқан соң таптым деп айта аламын. Ол – дәрігерлік. Денсаулығы нашарлаған балаларды емдеп, оларды аяқтарына тұрғызу маған қуаныш сыйлайды.
Жұмысыңды ақша үшін істейсің бе?
Ақша адамның өзінің өмір сүруіне, жүріп-тұруына қажет екені рас. Бірақ мен мамандығымды ақша үшін таңдаған емеспін. Еш әсірелеусіз айтайын, балалардың сауыққанын және ата-аналарының қуанышын көру, олардың алғысын алу мені осы бағытта одан сайын еңбек етуге итермелейді... Шын жүрегіммен, ұрпағымыздың денсаулығы мықты болғанын қалаймын...
Реабилитолог дәрігердің қызметтік міндеттеріне не кіреді?
Неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, онкологиялық және жүрек қан-тамыр жүйесіндегі операциядан кейін, ересектер мен балалардың денсаулығын оңалту процедураларымен айналысады. Емдік дене массажы, логопедиялық массаж, денені шынықтыру, сонымен қатар дене бітімі өзгерген науқастарға ем тағайындау негізгі міндеттеріміз болып саналады.
Ғаламторда ата-аналар сенің кәсібилігің жайлы жақсы пікір жазып, алғысын аямаған. Қанша баланы аяққа тұрғыздың?
Ммм... Көп. Санын айта алмаймын.
Дәрігерлерге жиі мін тағылады, кәсібилігіне көп сын айтылады. Бұған сенің көзқарасың қандай?
Турасын айтсам, сондай сөздерді естісем, сол жерде отырмауға тырысамын. Ия, ондай дүниелер өмірде кездесіп тұрады. Тіпті, атақты дәрігерлердің өздері жұмысты енді бастағанда қателіктерге кезіккен. Барлығы тәжірибемен келеді емес пе? Мүмкіндігінше түсіністікпен қараған дұрыс шығар...
Ауыр жағдайдағы науқастардың, олардың туысқандарының көз жасын көру сен үшін стресс туғыза ма?
Жұмысымды жаңа бастағанда қиын болушы еді. Маған дәрігер мен науқастың қарым-қатынасы жайындағы психологиялық оқулықтардың көмегі тиді. Алайда адам баласы болған соң, әлі де аяйсың. Сол кездерде әлеуметтік желідегі парақшама ойымды жазу арқылы іштегіні шығарып, бір жеңілдеп қалатыным бар.
Тек науқас балаларға массаж жасайсың, талайын емдеп те алдың. Ал профилактика үшін деп сұранғандарға массаж жасауға бас тартасың. Неге?
Себебі мен невропотолог не ортопедтен диагноз алған балалармен ғана жұмыс жасаймын. Жалпы, ата-аналарға айтарым, дені сау балаға массаж жасалмайды. Балаларыңызды бөтен аға-тәтелермен қорқытпаңыздар. Олардың арасында қолында сертификаты ғана бар, ал медициналық білімі жоқ массаж жасаушылар жиі кездеседі. Одан да сол массаж бен гимнастиканы сау балаға әке-шешесі өздері күнделікті жасап отырса, анағұрлым қауіпсіз.
«28 ілмек» ұйымымен бірге мерзімінен бұрын туған сәбилерге киім тоқисың, жетім балаларға жәрдем беретін «Best for Kids» еріктілерімен балалар үйіне барып тұрасың. Не себепті уақыт тауып қайырымдылықпен айналысасың?
Себебі өзім балалық шағымда қиыншылық көрдім...
Қандай?
Еске алғым келмейді..., ең бастысы, қазір бәрі жақсы.
Біздің оқырмандармен қандай өмірлік тәжірибеңмен бөлісер едің?
Өмірде мұңаймаңыздар, жарқырап күліп жүріңіздер, кітап оқыңыздар!
Сұхбаттасқан: Мақпал Аманбай