Замандас. Бұл айдардағы кейіпкерлер жайлы біз емес, атқарған істері мен жүрген жолдары, ізденістері жайлы өздері таныстырмақ.
Орталық Азиядан Орталық Европаның оңтүстігіне дейін созылып жатқан далалық белдеу бейне бір алып дәліз секілді. Біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдықта көшпенділердің иелігінде болған дала ХХ-шы жүзжылдықтың ортасына дейін ірі тарихи оқиғалардың аренасы болып қана қойған жоқ, көршілес Европа және Азия елдерінің де тағдырларына ықпалын тигізді. Уақыт өте келе, көбею және азаю заңымен өмір сүрген далалық ұлыстар мен мемлекеттердің аттары бірнеше рет өзгерді. Бұл - өзіндік мәдениеті, өмір сүру салты және шаруашылық формасы бар тұтастай бір әлем еді.
Кезіндегі атақты сақтар, ұлы ғұндар, ежелгі түріктер мен жауынгер мажарлар, ер қыпшақтардың бүгінгі қазақтармен генетикалық байланысы бар ма? Сіз бұл сұраққа тарихи әдебиеттер мен оқулықтардан нақты жауап ала алмайсыз. Тым сараң, әрі үзік-үзік көне грек, парсы, қытай жылнамалары қазіргі қазақстандық тарихшылар тарапынан зерттелу үстінде. Ал Европа мен Ресей далалықтардың өзара тарихи және тектік байланысы барлығын мойындауға әзір емес.
Венгрлер (мажарлар) шығыспен туыстығын бірнеше ғасыр өтсе де ұмытқан жоқ. Көптеген мажарлар өздерінің тамырын шығыстан іздейді. ХVШ-ХХ ғасырлардағы венгер саяхатшылары мен зерттеушілері көптеген шығыс елдерінің ішінде осы күнгі Қазақстан аумағына да жеткен. Қазақтардың мәдениеті мен қауымдастығы венгер ғалымдарын мына екі мәселе бойынша қызықтыруда. Біріншіден, өз тарихтарының хронологиялық тәртібін анықтау үшін жаңа материалдар табу, өйткені олар алғашқы бетте Солтүстік Қазақстан аймағында және Арал өңірінде өмір сүрген. Екіншіден, түп атасы қазақ болып табылатын қыпшақтар тарихын зерттеу. Осыдан 800 жыл бұрын венгерлермен араласып кеткен қыпшақтар бүгінде Венгрияның он миллион халқының 300 мыңын құрап отыр.
Венгрия өз тарихы, мәдениеті, тілі, ас дәмі, әлбетте менталитеті жөнінен европалық басқа елдерден ерекше. Бұл ел маған бірден ұнады. Шығыста оны Мажарстан, яғни мадиярлар елі деп атайды. Орыстар Венгрия, украиндар Угорщина, европалықтар Хунгария дейді. Мен оны Қазақстаннан қашықта, Европа жерінде халқымызбен ұқсастығы басымдылығынан, тамыры бірлігінен ұнаттым. Мұнда мен өзіме туыстық сезіммен қараған қаншама жақсы адамдарды жолықтырдым.
Көптеген ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі Ш-ші мыңжылдықта Батыс Сібірде және Солтүстік Қазақстан аймағында өмір сүрген фин-угор халықтарының арғы ата-бабаларына мадиярларды да жатқызып жүр. Міне, солар шамамен б.д.д екінші мыңжылдықтың соңында балық аулау және аңшылықпен айналысып, оңтүстікке қарай біртін-біртін жылжи бастайды. Дала шегіне жеткен соң, олар көшпелі өмір салтын ұстанады. Кейінірек олардың біразы Арал өңіріне дейін жетіп, сосын Жайық пен Еділ бойына, қазіргі Башқұртстан аумағына қоныстанып, Ұлы Венгрия мемлекетін құрайды.
ІХ ғасырда Карпат аңғарында қоныстанған венгер тайпалары өздеріне үйреншікті болған тірлікпен айналыса берді. Мал бақты, егін салды. Ара-тұра аймақтарда болып тұратын ұрыстарға қатысты. Арпат ұрпақтарына Европаны түпкілікті мекен етіп қалуы үшін европалық өмір салтын қабылдап, христиан дініне еніп, және отырықшы мемлекет құруы қажет болды.
Венгрия христиан мемлекеті болып танылды. Венгрия батыстық христиандықтың шығыстық қамалына айналды. Шындығына келсек, венгр корольдері ұзақ уақыт бойы халықты Тәңірге табыну мен оның дәстүрлерінен ажырата алмады. Тәңірі - ғұндар мен мадиярлар, қыпшақтар үшін жалғыз Аспан қожасы еді. Бұл олардың бірден-бір Құдайы, көне діні болатын. Бүгінгі күні көптеген қазақтар жаратқанды есіне алғанда «Алладан» гөрі «Тәңірі» дегенді жиі айтады.
Скифтер, ғұндар, түркілер, мадиярлар, қыпшақтар Батыс пен Шығыстың мәдениетінің өзара ықпалдасуы мен әрекеттесуі жолындағы өзінше энергия көзі болып, сауда айырбасы және тығыз экономикалық байланыстарды дамытуда орасан зор роль атқарды. Бұл ынтымақтастық өзінің тамаша жемісін беріп, әлемдік өркениетте қуатты серпін туғызды.
Қазақстандықтар үшін Орталық Европада дәл Венгриядай халқы, тілі жағынан соншалықты тығыз сабақтасып, байланысып жатқан басқа ел жоқ. Мажарстан біздің ел үшін - Европаға көпір.
Екі халықтың туыстығы, достығы жөнінде насихаттау жұмыстары көрме, телехабар, кездесу және дөңгелек столдар арқылы жүргізіліп жүр. Біздің фотокөрмелеріміз Алматы, Астана, Павлодар, Түркістан, Лисаковск, Қарағанды, Теміртау, Арқалық, Балхаш және Жезқазған қалаларында өтті. Мажарстанда Дебрецен және Қарсақ қалаларында көрсетілді. Екі жүзден астам мақалалар жарық көріп, сегіз телехабар дайындалды.
1998 жылы, арнайы шақырумен Ұлытауға венгр ғалымы Петр Кун келіп Әулиетау, Едіге тауларының етегінен бір уыс топырақ алып, Байқоңыр ауылының жұтшылығымен, Жезқазған университеті студенттерімен және қала мәдениет қызметкерлерімен кездесу өткізген болатын. «Ұлытау» қорық- мұражай 2011жылы 1 мамыр - Халықтар, бірлігі күні Ұлытау аудандық орталығында венгр халықының ұлттық киімдерімен, ән-билерін көрсетіп, тарихымен жұртшылықты таныстырды. Ал 2012 жылдың маусым айында Арқалық қаласының әкімдігімен бірлесіп Мажарстаннан келген салт атты экспедиция мүшелерін қарсы алып, қөрме өткіп кездесу болды. Мажар экспедиция мүшелері атбасын Ұлытауға бұрып, Ұлытаудың ескерткіштерімен танысты. 2012 жылдың желтоқсан айының 11жұлдызында Қарағанды қаласының «Сарыжайлау» кинотеатрында, осы мекеменің ұйымдастыруымен, Қазахстандағы Мажарстан елшісі Имре Ласлоцкидің қатысуымен «Ұлытау» қорық-мұражайы «Қазақстан мен Мажарстан достығы» атты көрме өткізді.
2015 жылы 2 сәуірде Астана қаласында «Алтай - Дунай» Халықаралық экспедицияның және венгр мен қазақ жігіттерінің ат үстіндегі өнерлерінің көрінісі өтті.
Бугінгі күнде біздің қорық-мұражай Мажарстандағы қорық мұражайлармен достық байланыс жұмыстарын жүргізуде. Мен осылайша ұлы дала бойынан туысқандық байланыс іздерін тауып, өзімнің туған жерім- қасиетті Ұлытаумен жалғап экспедициялар ұйымдастырдым. Алда әлі талай ізденістер арқылы туысқандық қарым-қатынастарды нығайта түсеміз деп сенемін.
«Ұлытау» қорық-мұражай директоры,
«Алтай – Дунай» экспедициясының
жетекшісі Бақтияр Қожахметов
Фото: Автордың жеке архивінен