Бұл қаланың стартап-қауымдастығын дамыту мен қолдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Жобаны Астана қаласы әкімдігі мен «Астана Innovations» АҚ, Seedstars халықаралық бизнес-инкубаторы және BІ Group компаниясы бірлесіп жүзеге асырады.
«Бұл алаң желісінде 70 мыңнан астам әлемдік стартап бар Seedstars бастамасымен жұмыс істейтін ТМД-дағы алғашқы коворкинг-орталық болмақ. Қалалық мәселелерді шешуге арналған орталық тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн жұмыс істейді. Резиденттердің қызметтеріне тәлімгерлер, кеңесшілер мен техникалық мамандардың ауқымды желісі жатады. Сондай-ақ, мұндай формат коворкинг-кеңселердің ғана емес, қатысушылардың жұмыс орнында тұруына арналған коливинг алаңдардың ұйымдастырылуын көздейді, - деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев. Оның айтуына қарағанда компания қаланың цифрлық экономикасының әлеуетін арттыру бойынша жоспарлы жұмысты жүргізіп келеді. Елорданың Қазақстандағы ең ыңғайлы да тұрақты дамитын қалалардың біріне айналуына мүмкіндік беретін көптеген смарт-жобалар жүзеге асырылып жатыр.
2017 жылы компания Astana Innovations Challenge жобасын іске қосты. Ол әртүрлі саладағы жас инноваторлар, кәсіпкерлер, стартапшылар, сарапшылар мен тәлімгерлердің басын қосты. Бүгінге дейін 12 стартап-байқау өткізілді. Әрбір байқаудың тақырыбы елорда тұрғындарының мәселелерінен туындаған қала әкімдігінің қалалық технологиялық тапсырмалар пулынан анықталады. Өткен жылдың басынан шамамен төрт мыңға жуық адам осы сынды хакатондарға қатысып, онда көптеген стартап-жобалар жасалды.
Astana Innovations Challenge-Saccess қатысушылары е-ПИК жобасына қатысты. Бұл жоба тұрғындардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Үйдің кіреберістерін, шлагбаум және үй-жайдың басқа жерлерін ашу үшін бір ғана кілтті пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгін жоба Қонаев 35 және 35/1 мекен-жайлары бойынша орналасқан ғимараттарда қолданылды. Жалпы, бұл жобаны 17 кіреберіске қолдану жоспарланған.
Келесі іске қосылған жоба - TuraQShare тұрақ орындарын жалға алу беруге мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Бүгінгі таңда жоба қаланың 6 тұрғын үй кешенінде іске қосылды.
Docchain жобасы - blockchain технологиясын қолдана отырып, заң құжаттарын айырбастау қызметі. Жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінде сыналды. «Kompra» жобасы бизнес серіктестердің сенімділігін тексеруге бағытталған. Бұл кез келген қазақстандық компанияны 40 заңды және қаржылық көрсеткіштер бойынша үш минутта тексеруге мүмкіндік береді. Олар: салықтар, сот іс-әрекеттері, қызмет сапасы нашар жеткізушілер, банкроттар және жалған кәсіпорындар. Бүгін жоба Астана хабының резиденті болып табылады.