Алғашқыда жоғары жылдамдықты интернетпен пилоттық жоба ретінде Алматы қаласы мен облысы және Астана қаласы мен Ақмола облысы қамтылады. Кейін кезең-кезеңімен аймақтарға тарайды. Бұл туралы бүгін «IOT Astana 2018» екінші халықаралық форумында айтылды, деп хабарлайды 24 kz
2021 жылы еліміз 5 G интернетпен толық қамтылады. Көздеген меже іске асса, ғаламтордың жылдамдығы 100 есе арта түседі. Бұл ретте IOT, яғни интернет құрылғыларын дамыту да басты мақсат. Бүгінде Қазақстанда 25 млн құрылғы осы жүйеге қосылған. Ал 2025 жылы көрсеткіш 4 есе артып, 100 млн-ға жетуі тиіс. Ғаламтор индустриясын дамытуға бағытталған халықаралық форумда осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Интернетпен қамтушы компанияның департамент директоры Самат Имбаевтың айтуынша, 5 G-дің ең атап өтетін нәрсесі – үлкен жылдамдық беру және желідегі уақытты кідірісті төмендету. IOT датчиктер қолданылады және де В2В дейді бизнес өкілдеріне қолданылады. Үшіншіден, абоненттер қолданылатын телефонның өзі дамып, оның бағасы төмендеген сайын қарапайым халыққа да тиеді.
IOT дегеніміз бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан Смартсити және цифрландыру бағдарламасында кеңінен қолданылатын интернет құрылғылары. Мәселен, күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын бейнебақылау қондырғылары да оның көмегімен жұмыс істейді.
Форум аясында осы интернет құрылғылары қолданылатын жобалардың шағын көрмесі ұйымдастырылды. Отандық өнертапқыштар жасаған инновациялық туындының бірі – кілтсіз ашылатын домофон. Яғни сіз үйде болмасаңыз да кіреберістің есігін мобильді қосымша арқылы аша аласыз. Тағы бір инновациялық туынды «ақылды каска» жобасы.
« Біз каскаға арнайы датчик орнаттық. Оның көмегімен бұл темір қалпақты киген қызметкердің денсаулығын бақылауға болады. Егер өндіріс кезінде қандай да бір жарақат алса, шұғыл көмектесуге мүмкіндік бар. Қазір жобаны біз пилоттық жүйеде сынап көрдік. Тиімділігін дәлелдеді. Енді жуырда қолданысқа шығарамыз»,- дейді жоба менеджері Оксана Загаевская.
Бизнес пен мемлекеттік органдар және белді сарапшылар басқосқан форум аясында маңызды келісім де орнады. Астанада бірыңғай бейнебақылау жобасы жасақталмақ. Ол үшін көшелер мен аулаларға қосымша тағы 25 мың бақылау камерасы орнатылады. Кейіннен барлық қондырғылар бір орталықтан басқаралып, қадағаланып отырады. Бұл шара қаладағы қауіпсіздікті сақтауға серпін бермек. Жобаны іске асыру үшін ұлттық компания мен Астана әкімдігі меморандумға қол қойды.
Фото: ашық ақпарат көзінен.