Әр жұма сайын «Айшықты апта» айдарында осы апта бойы өткізілген маңызды мәдени жаңалықтарға тоқталатын боламыз.
Сонымен өтіп бара жатқан аптаның басты мәдени оқиғаларымен таныс болыңыздар
Осы аптада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай елімізде тұңғыш рет «Рухани қазына» фестивалі өткізіліп,оған 150-ге тарта мәдениет саласының қызметкері қатысты.
Шара барысында белгілі болғандай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан бастап еліміздің жеті облысында бірнеше музей ашылып, жаңадан үш кітапхана іске қосылған. Бағдарлама аясында Алматы облысында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы және Солтүстік Қазақстан облысында латын әліпбиін зерттеу мекемесі ашылған.
Аптаның тағы бір тоқтала кетуге тиіс жаңалығы- тұңғыш рет өткен жас ақындар мен жазушылар форумы. Форумда көптеген көкейтесті мәселелер қозғалды.Оның ішінде мәдениет туралы заңға әдебиет жөнінде бап енгізу, Азия әдебиет академиясын ашу, халықаралық әдебиет байқауларына қатысуға мүмкіндік жасау, аудио кітаптар қорын құру сияқты ұсыныстар айтылды.
Форумда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жас таланттардың еңбегін шетелдің 6 тіліне аудару арқылы еліміздің талантты жастарын дүние жүзіне кеңінен таныту басты мақсат екендігін жеткізді. Оның айтуынша, ақын жазушыларды қолдауға биыл 250 млн теңге бөлінген. Ол қаржы қаламгерлердің кітабын шығаруға жұмсалмақ. Таңдалып алынған әр туындыға 1,5 млн теңге берілмек.
Өздеріңізге белгілі өткен жылдан бастап, «Алтын адам» әлем музейлеріне шеруін бастаған болатын. Осы аптада осы шеру аясында Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты көрмесі өз жұмысын бастады.
Бұған дейін көрме Ресейде, Белорусияда өткен еді, енді оны Еуропадағы Парижден бастап, Америка Құрама штаттарымен, Жапониямен аяқталатын елдер күтуде.
Енді еліміздің өңірлеріндегі мәдени жаңалықтарға тоқталсақ, Жетісуда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылды.Ескерткіш ақынның туған жері Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылына қойылды. Авторы –мүсінші Қазыбек Жарылғапов. Биіктігі 10 метр.Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл атамыздың ескерткіші Украина астанасы Киевте, Сербия астанасы Белград пен Түркияда бар.
Сондай-ақ, биыл Қызылордада аймақтың тарихы, мәдениеті және экономикалық жетістіктерінен сыр шертетін фотоальбом түріндегі кітап жарық көреді. Жинаққа АҚШ пен Еуропа елдеріндегі архивтерден Сыр өңірінің тарихи орындары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған фотодеректер енгізілмек. Жыраулар мектебін заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта "Қазақ дәстүрлі өнер академиясын" ашуды жоспарлап отыр.
Ал, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі 25 мамыр мен 3 маусым аралығында Қызылордада "Шахнама" атты ирандық көрмені өткізбек.
Қарағандыда ақын Ғалым Жайлыбайдың 60 жылдық мерейтойына арналған «Аққулардың жыр жаздым қанатына» атты шығармашылық кеші өткізілді. Кеш аясында К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрында С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының ұжымы Ғалым Жайлыбайдың поэмасы бойынша «Қара орамал» спектаклін қойды.
Ғалым Жайлыбай – «Құрмет» орденінің иегері және «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Жазушылар Одағының С.Есенин атындағы алтын медаль иегері. Оның 20-ға жуық әндері және үш томдық туындылары бар.
Апта бойғы өткізілген барлық мәдени шаралардың негізгілеріне ғана тоқталдық.
Елордамызда алдағы аптада бас қаламыздың 20 жылдығына орай, қала әкімдігі 28-30 мамырда үшкүндік қызыққа толы бағдарлама ұсынғалы отыр. Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, 28 мен 30 мамырда астана тұрғындары мен қонақтарына арналған тегін іс-шара ұйымдастырылады.
28 мамырда «Вечная иллюзия» көрмесі, Тұңғыш Президент кітапханасында, «Астана BOOM» балмұздақ жәрмеңкесі Жастар сарайында ,
29 мамырда «Қазақ елі» монументі алаңында отандық және ресейлік эстрада жұлдыздары қатысатын ашық аспан астында Open Air «Ұлы Дала бірлігі» концерті
30 мамырда «Астана опера» театрында Дж. Верди «Травиата» операсы мен Есіл өзені жағалауында Есіл өзені бойынша су экскурсиясы өткізілмек.