Аптаның жұма күні әдеттегідей ел өміріндегі негізі мәдени оқиғаларды шолып өтпекпіз. Бүгін1- маусым,яғни жаздың алғашқы күні және жаздай жанымызды жадырататын балалардың мейрамы.
Биылғы балаларды қорғау күні «Астана Операның» театралдық студиясының бесжылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, бүгін «Астана Опера» Камералық залының сахнасында театралдық студияның тәрбиеленушілері мерекелік бағдарлама ұсынбақ. Хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметованың айтуынша,бұл концертке екі айдай дайындық жүргізілген. Жаңа бағдарламаға Ж.Бизенің «Кармен» операсынан марш, «Япырай» қазақ халық әні, сонымен қатар жақын арада Үлкен зал сахнасында тұсауы кесілетін Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан үзінді енгізіліп отыр.
V театр маусымының репертуарынан да ішінара көріністер көрсетілмек. Сонымен қатар,балет студиясының жас әртістері кең ауқымды бағдарлама әзірлеген. «Шолпы» қазақ халық биі, Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен вариация, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен полька, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Китридің вариациясы және өзге де нөмірлер кештің көркін қыздыра түспек.
Бүгін басталатын тағы бір мәдени шара жайлы тоқталсақ, ол Астананың 20 жылдығына арналған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Алпамыс» атты ерекше театрландырылған цирктік шоу.
«Алпамыс» театралды-цирк шоуы қазақ тарихының өткенінен сыр шертетін Алпамыс батыр туралы аңыздың желісі бойынша ежелгі Бозоқ қаласының көшелері мен алаңдарында өтеді. Ұлы халық пен ежелгі керемет қаланың аңызға айналған өткен күні туралы шоуды ауқымды театралды-цирк көрсетілімдеріне мамандандырылған, «Журавли» спорт театры қояды.
Бүгін басталатын театралды-цирк шоуын 1 маусымнан 31 тамызға дейін бейсенбі мен жексенбі аралығында елордадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені аумағынан тамашалай аласыздар.
Шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнерінің насихатталуы жайлы айта кетсек, Түркия астанасы Анкарада түркі әлемінің көрнекті ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевтың есімдері ұлықталды.
«Қазақстан күндері» мәдени шарасы аясында Кечиөрен ауданындағы Жамбыл көшесіне ақынның өмірбаяны жазылған ескерткіш тақта орнатылды.
Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жазушылар одағының мүшелері, жергілікті қазақ диаспорасы мен Ақтөбе және Алматы облыстарынан арнайы делегация қатысқан салтанатты шарада сөз алған аудан мэрі Мұстафа Ақ Жамбыл қазақ халқына ғана емес, түрік еліне де ортақ тұлға деп атап өтті.
Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева Германия астанасы Берлинде өнер көрсетті.
Классикалық музыка кеші Эрнст Ройтер атындағы концерт залында өтті. Айман Мұсақожаева Варшава камералық оркестрі сүйемелдеуімен және белгілі дирижер Дариуш Микульскийдің жетекшілігімен Моцарттың «№4 концертін» орындады. Ол Страдивари скрипкасымен асқан шеберлігін паш етіп, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Халық әртісі қалың көрерменге қазақтың «Боз айғырын» орындады.
Айман Мұсақожаеваның айтуынша, ол өзінің шетелдегі өнер сапарларында Нұрғиса Тілендиев, Құрманғазы және барлық көрнекті композиторларымыздың шығармаларын орындайды. Мақсаты-неміс жұртшылығы мен басқа мемлекеттердің қоғамын қазақ өнерінде өшпес аты қалған тұлғалармен таныстыру.
Енді еліміздің өңірлеріне ойысақ, Шымкентте Абай мен Шәкәрімге арналған көрме ашылды.
Көрмені Семейдегі Абайдың «Жидебай Бөрілі» қорық-музейі ұйымдастырған.
Шымкент қаласының орталығындағы Абай саябағының «Хәкім Абай» музейіндегі көрмеге елімізге танымал абайтанушы ғалымдар мен ақын-жазушылар, белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, А.С.Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясының және Ұлықбек атындағы № 3 жалпы орта мектебінің ұстаздарымен оқушылары қатысты.
Қасиетті Қаратау мен киелі Қазығұрт жеріндегі жылжымалы көрме қызығушылық танытқан қонақтар үшін 2018 жылдың 8 маусымына дейін өз жұмысын жалғастыратын болады. Көрме қонақтары Абай мен Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректермен танысып, танымын кеңейте алады,- дейді көрмені ұйымдастырушылар.
Маңғыстау облысында «Ғаламдық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын насихаттау аясында «мәдени» баспасөз туры өтті.
Испания, Италия, АҚШ, Қытай, Египет, Ұлыбритания, Франциядан келген 15 журналист сапардың бірінші күні Маңғыстаудың туристік жерлері - «Бекет ата» және «Шопан ата» жерасты мешіттеріне барды.
Журналистер сапар қорытындысы бойынша, өздерінің әсерлерімен бөлісті.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен жетістіктерін және орта шағын бизнестің дамуы туралы айтты. Өңір басшысына Қазақстанның және Маңғыстаудың бірегей мәдениетін сақтау және туристік әлеуетті дамыту туралы сұраққа жауабында
облыста кафе мен санитарлық аймақтары бар 10 визит орталықтарын салуды жоспарлап отырғандығын, оның ішінде экскурсиялық және көрме орталығы, сыйлық, ұлттық өнімдер дүкендері болатынын жеткізді.
- Өзбекстан шекарасына дейін 85 шақырым жол құрылысы жүріп жатыр. Жолдың ұзақтығы бойынша туристерге қажетті барлық қолайлы жағдайды ұйымдастыру бойынша орталықтар салынады. Бекет ата қорымы тек қана Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның да сәулеті ерекше тарихи және архитектуралық ескерткіш. Қазақ халқы әдеп-ғұрыптармен мәдениетті тарихтағы ең қиын кезеңде сақтап қалған ел. Біздің елімізде өзінің мәдениеті, дәстүрі мен тілін сақтаған 130 өз ұлт өкілдері тұрады. Барлығы бірлік пен тұрақтылықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде - деді Ералы Тоғжанов.
Ақтөбеде қала күніне арнап, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры тұңғыш рет ашық аспан астында спектакль қойды.
Театр труппасы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады. «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы жанындағы жаңа алаңға халық көп жиналды. Драма театр бұл шығарманы алғаш рет 1997 жылы қойған еді. Содан бері актерлер құрамы бірнеше рет жаңартылды. Көрермендердің көз алдында өткізілген қойылымды қала жұртшылығы жылы қабылдады.
Апта бойғы мәдени жаңалықтар легі осы.Біз маңызды оқиғаларға ғана тоқталдық.
Мәдени шолуға өзек болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.