Қызылорда өңіріндегі ортағасырлық құнды ескерткіштің бірі, еліміздегі жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енген Жент қалашығы жайлы бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Ортағасырлық құнды ескерткіш – Жент қалашығы. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115 шақырым жерде Жаңадарияның оң жағалауында орналасқан. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Осы аймақта орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары Жент өлкесінің қалалар тобын құрады.
Жазба деректерінде қаланың оғызқыпшақ иелігінде, 1138-1152 жж. қараханидтер билігінде болған. Тарих беттерінде «Худуд әл Алам» атты еңбекте Жентті Х ғасырға жататын оғыз қаласы ретінде көрсетеді.
Бұл – селжүктер династиясының алғашқы көтерілу кезеңінде және хорезм-оғыз қатынастарының тарихында басты рөл атқарған қала. 1220 жылы қаланы Моңғол әскері жаулап алған, біраз уақыт Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ордасы болады. Саудагерлер пайда табу мақсатымен келетін базары болғанын, ХІ ғасырда Арал теңізі Жент теңізі аталып, мұнда Анадолы түріктерінің атасы Селжүк жерленгені айтылған. Ортағасырлық жазба деректерде және археологиялық қазба нәтижелері Женттің ірі сауда орталығы болғанын, этномәдени саяси байланыстарда маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.
Жентті П.И. Лерх (1870 ж.), Каллаур (1900 ж.), И.Кастанье (1910 ж.) т.б. өз еңбектерінде атағанымен, орнын нақтылай алмаған. Сырдария өңірінің үлкен зерттеушісі, этнограф ғалым С.П. Толстов алғаш рет 1946 жылы Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оның жасын ХІІ-ХVІ ғғ. деп тұжырымдады. Оның пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғғ. Жент Хорезм мемлекетінің қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В. Андрианов, 1961 жылы С.П. Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналды. Қалада ақша сарайы жұмыс істеп, күміс және мыстан соғылған теңгелер шығарылды. «Моңғол шапқыншылығына дейін Жент үлкен қала болатын. Қаншама зобалаңға ұшыраса да ол сауда-саттыққа қолайлы қала болып қала берді... Бұл жерде әлі күнге дейін сауда орны жұмыс істейді. Саудагерлер өз саудаларын мақтап, табысты екендеріне бәсекелеседі. Қала базарлары көл-көсір... Ол жерде ылғи да таразы басы құбылып тұрады», – деп жазды ХІІІ ғасырдың тарихшысы Жамал Қаршы.
Академик В.В. Бартольд Сыр өңірдегі қалалардың ХV ғасырдан бастап қаңырап бос қалуы Сырдарияның өз арнасын басқа жаққа өзгертуімен байланысты болар деп пайымдайды. 1946 жылы Сырдария мен Әмударияның аралығында орналасқан ескерткіштерді толық аралап шыққан С.П. Толстов Женттің негізгі орнын тапты. Ол – Қызылордадан 115 км жерде орналасқан Жанқала жұрты. Жанқалада 1946-48, 1957-58 жж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі Толстов) зерттеу жүргізіп, жиналған қыш ыдыстардың негізінде қала Х-ХIII ғасырлар аралығында болған деп топшылады.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото - ашық ақпарат көзінен.