Еліміз бойынша бірінші маусымнан бастап 1 жарым миллион балаға арналған 12,5 мың мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастап та кетті. Жаз бойы 125 қала сыртындағы және 2000-ға жуық шатырлар, спорттық киіз үйлік лагерьлер жұмыс істейді. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жайлы бүгінгі «Қоғамдағы үш анық» айдарында.
Жаз –балалардық саусақпен күн санап асыға күтетін сүйікті мезгілі. Жылдың тоғыз айында күнделікті сабақ оқып білім алу үшін мектеп қабырғасында отырып, табалдырығын тоздырса, осы аңсап күтетін үш айлық демалыстарын әр оқушы қызықты өткізуді армандайтыны рас. Соған сәйкес, балғындардың ата-аналарымен қатар мектеп әкімшіліктері де алдын-ала балаларды қызықтыратын бағдарламаларға толы ойын-сауықтық, сауықтыру лагерлерін ұйымдастырады. Оған қоса қала маңындағы түрлі табиғат аясындағы лагерлердің де іші балалармен толығады.
Qazir қала тұрғындары арасында "Балаңыз демалысты қайда өткізеді?" деген тақырыпта сауалнама жүргізген еді.
Сұлушаш Қанаева, Астана тұрғыны: Менің ұлым жылда Бурабай маңындағы «Балдәурен» демалыс лагеріне барады. Оған онда қатты ұнағаны соншалық, биыл үшінші жыл қатарынан барғалы отыр.Тамаша табиғат аясында өз қатарларымен бірге демалғаны дұрыс деп ойлаймын. Күн сайын компьютер мен планшетке үңіліп отыратын қала баласына бір уақыт еліміздің көрікті жерлерінде болып, лагерьде ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатысып,өзіне достар тауып қайтқаны қандай жақсы!
Айнұр Мекебаева, кітапханашы: Менің қызым 2-ші сыныпта оқиды. Меніңше, оны әлі сырттағы лагерлерге жіберу ертерек. Сондықтан оны өзінің мектебінде өтетін сауықтыру лагеріне жіберемін. Бағасы да қымбат емес. Он күнге 5300 теңге төлейміз. Қызыма да ұнайды. Бірінші сынып та да барған еді. Отбасымызбен демалыс алғасын бірге Қарқаралыға барып демалып қайтсақ деп жоспарлап отыомыз.
Асылзат Омарова, көп балалы ана: Менде мектеп жасындағы балалар саны үшеу. Олардың барлығын бірдей лагерге жібере алмаймын. Олар өздері келісіп біреуі барады. Ал қалған екеуі кезектесіп ауылға ата-әжесіне көмектесуге барады. Нағыз демалыс ауылда таза ауада деп ойлаймын. Өзіміз солай ауылда алаңсыз асыр салып, достарымызбен бірге түрлі ойындар ойнап өстік қой. Сондықтан жыл сайын ауылға ата-әжесіне жіберіп тұрғанды жөн санаймын.
Міне өздеріңіз куә болғандай ,әр бала тоқсан күндік ұзақ демалысында бірі алаңсыз ауылда ата-әжесінің қасында, енді бірі еліміздің басқа өңірлеріне, шетелге саяхаттап қайтса, тағы біреулері сауықтыру лагерьлерінде демалады. Қалай болған күнде кез-келген бала жазғы демалысын қызықты етіп өткізіп, келесі жаңа оқу жылына тынығып, ерекше ынтамен келуі тиіс. Бұған қатысты елдің болашағы балаларымыз үшін бүгінде аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, бір ғана Астана қаласының өзінде 77 мектептің жанында 34000 нан аса бастауыш сынып балаларын қамтитын лагерьлер жұмыс істейді.
Мұндай мектеп жанындағы лагерьлердің негізгі міндеті – оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытып,балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, сондай-ақ оларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау.
Жалпы барша қазақстандық оқушылардың жазғы демалысының мәнді өтуіне ел Үкіметі ерекше көңіл бөліп отыр. Олардың қауіпсіздігін сақтау да назардан тыс қалмайды. Еліміз бойынша бірінші маусымнан бастап 1 жарым миллион балаға арналған 12,5 мың мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастап та кетті. Жаз бойы 125 қала сыртындағы және 2000-ға жуық шатырлар, спорттық киіз үйлік лагерьлер жұмыс істейді.
Бұндай қолдаулардан отбасының қарауынсыз қалған және ерекше күтімді қажет ететін балалар да назардан тыс қалмайды. Ондай балаларды сауықтыру, ойын-сауықтық лагерлермен қамту үшін республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге бөлінген.
Сөз соңында айтарымыз қандай бала болсын олардың әрқайсына еліміздің ертеңі деп қарап, келешекте елдің тұтқасын ұстар олардың әр күнін шаттыққа толтыру маңызды.
Салтанат Сәдібекқызы