«Айшықты апта» айдарында әдеттегідей осы апта бойы ел өміріндегі ерекше маңызы бар мәдени оқиғаларға шолу жасаймыз.
Аптаның маңызды, әрі көңіл жадыратар жағымды жаңалығы -Ақорданың баспасөз қызметі хабарлаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгендігі.
«Ұлттық домбыра Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі»,- делінген мәтінде.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ -домбыра»,- деп Қадыр Мырза-Әлі жырлаған ұлттық домбыраға құрметіміз енді арнайы белгіленген мереке күні одан әрі арта түспек.
Мәскеуде Ресей Федерациясындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілділігінің ұйымдастыруымен Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетіндегі «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығында, «Болашақ» бағдарламасының иегерлері қазақ тілін үйреніп жатқан студенттермен дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел барысында, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілі С. Керімбаева «Болашақ» бағдарламасының 25 – жылдығына орай әзірленген арнайы презентациясында бағдарлама туралы толық ақпарат беріп, бағдарламаның иегерлері Қазақстан Республикасының жетістіктері мен Астананың 20-жылдығы қарсаңында бас қаланың тарихы мен көрікті жерлері жайлы таныстырды.
Астананың 20 жылдығына арналған арнайы мәдени шаралар легі мерейтой жақындаған сайын артып келеді.
Астанада 24-30 маусым аралығында халықаралық балет өнерінің фестивалі өтеді.
Айтулы шара бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қойған «Жизель» балетімен басталады. Фестиваль бағдарламасында классикалық қойылымдармен қатар, заманауи хореографтардың тың туындылары сахналанады. Шараға отандық театр ұжымдарынан бөлек, Қытай ұлттық балетінің балет труппасы, Испанияның аңызға айналған Castro Romero ұжымы Голландия, Португалия және Словения ұлттық балеті, Ресейдегі Үлкен театр өнерпаздары қатысады. Сонымен қатар шара аясында әлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы аясында Шымкент зообағының «Африка» зоологиялық аймағы пайдалануға берілді.
Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына Шымкент қаласының миллион тұрғындары атынан Астана қаласына жануардың 20 түрін сыйға тартатынын атап өтті.
Елордаға Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.
Ал,Сыр елінде жас көрермендерге ерекше сый тарту етілді.
Еліміздегі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың тырнақалды толықметражды мультфильмі жарыққа шықты.
Балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы анимациялық шығармалар құрастырушы осылайша сырбойылық жас көрермендерді қуантып отыр. «Сиқырлы кілт» туындысы Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналып отыр. Сыр өңірінің тарихы, географиялық ерекшелігіне бір жарым сағат саяхат жасалатын бейнекөрініс 6 ай бойы әзірленген. Басты кейіпкерлер Ару, Әли мен Мәди сиқырлы кілтті іздеп, аймақты аралап, түрлі кедергілерді жеңіп шығатын мультфильмде ұлттық қолөнер, салт-дәстүр және тағамдар кеңінен насихатталады. Бүлдіршіндер көңілінен шыққан анимациялық туындының енді барлық аудандарда таныстырылымы өтеді.
Батыс Қазақстан облысындағы Сырым Датұлы атындағы музей аудандық мұражайлар арасында еліміз бойынша ең үздік деп танылып, бас жүлде бір миллион теңгені олжалады.
Қазіргі таңда оның жарты бөлігі аудандық мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Ал қалған жәдігерлер алаш қайраткерлерінің штаб-пәтері болған тарихи ғимаратта жинақталыпты. Мұнда XX ғасырдың басындағы белгілі қоғам қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедовтың өмірінен сыр шертетін деректер және Халел Досмұхамедовтың өз үйінде тұтынған заттары қойылған. Әсіресе көне фарфор ыдыстар мен жиһаздар құнды жәдігерлер санатында. Музейде сондай-ақ даңқты батыр, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының жорықты жолдары мен осы өңірдің тумасы, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған бұрыштар бар. Жүлде есебінен түскен қаржы мұражайды жөндеу мен қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсалады.
Павлодарда өтетін «Ертіс синема» халықаралық кинофестиваліне 20-дан астам мемлекеттен қатысушылар өтініш жіберген.
«Ертіс синема» халықаралық кинофестивалі - «Рухани жаңғыру» жобаларының бірі,оған қатысушылар арасында жеңімпаздар 5 номинация бойынша анықталады.
«20-дан астам мемлекеттен қатысушылар өтініш жіберді, олардың басым бөлігі ТМД елдерінің өкілдері: Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, Грузия. Сондай-ақ, Франция, Испания, Англия, Үндістан, Аустралия, Болгария, Израиль, Сербия, Босния және Герцеговина, Мысыр, Иран және Ирак елдерінің авторларының жұмыстары да бар», - деп атап өткен Павлодар облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының бас маманы Исатай Хикметов БАҚ-пен кездесу кезінде осындай ақпараттармен бөлісті.
Өтіп бара жатқан аптадағы мәдени шолуға арқау болған жаңалықтар ашық ақпарат көздерінен алынды.