Бүгінде Астана қаласын толығымен жасыл желек көмкеріп тұр, аралап көрген адам мұны ит тұмсығы батпайтын қалың жынысты ну орман екен деп ойлайтыны анық. Өйткені, қаланың айналасына қолдан орман отырғызу жұмысы алғаш басталған жылдары тігілген жас көшеттердің алғашқы легі қазіргі таңда алып діңгекті үлкен ағаштарға айналды. Егер биіктігі оншақты метрге жететін ағаштардың ұшар басына көз тігер болсаңыз,басыңыздан сырғып түсер қалпағыңызды әп сәтте жерден табарыңыз анық. Бір кездері шаңы бетіне шығып, шамалы жел ұйытқи қалса тозаңы қоса көтерілетін, сөйтіп адамның берекесін қашыратын сүреңсіз дала қазіргі уақытта орманды алапқа айналды. Соның арқасында, «лүп» етсе болды қойны-қонышыңа дейін сумаңдап, балағыңан кіріп басыңа қарай қуалай жөнелетін бұрынғы кезбе желдің екпіні күрт тиылды. Есесіне қала ішіне климаттық мамыражай орнады десе болады. Астананың маңайын жасыл желекке айналдыратын, қала берді арқаның далалы аймағына қолдан ағаш отырғызу ісімен шұғылданатын «Жасыл Аймақ» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны өзі құрылған он сегіз жыл ішінде Қазақстан орманының аумағын 80 мың гектарға ұлғайтты. Өздеріңіз ойланып көріңіздерші, 80 мың гектар! Мұны адам қолымен жасалған қазақстандық кереметтің бірі дегеніміз дұрыс сияқты, өйткені біздің ұлан ғайыр даламызда бұған дейін осыншалық көлемдегі ірі шаралар атқарылмақ түгілі қолға алынып та көрмеген екен. Бұл іс сонысымен де құнды. Сөз жоқ, елорданы Алатаудан арқаға көшіру, сөйтіп арқа даласында қазіргі заман сұранысына сай қала тұрғызу үлкен мұратты көздеген ұлы жобалар екендігі даусыз, демек осы далаға салынған әдемі шаһарды көк желекпен көмкеріп, оның сәні мен салтанатын асыра түскен орман өсіру саласын да жоғарыдағы айтылған мақсатты істердің қатарына қосып қойсақ әбден лайықты-ақ болар еді.
Жалпы, Астананың іргетасы қаланып, оның бой көтеруіне етене араласқан, ат салысқан бүгінгі азаматтардың есінде болар, сонау 2000-шы жылдары қала маңы жазық дала болатын. Осы көрініске үнемі көңілі толмай жүрген Президент Нұрсұлтан Назарбаев қала маңын желектендіру жөнінде тапсырма көтеріп, оның орындалу барысын өзінің жеке бақылауына алған. Орман өсірудің алғашқы қадамы Астанада осылай басталыпты. Айтуға оңай болғанымен, тәжірибесі жоқ жаңа құрылым үшін тапсырманы жаппай өндірістік көлемде жүзеге асыру оңай болмаған. Аз болғандай, тіпті Целиноград маңайында ағаш өспейді деушілер де табылған, сол кезде. Бұл жөнінде «Жасыл Аймақ» Республикалық мемлекеттік кәсіпорының Бас директоры Жұматай Сүйіндіковтің 2015 жылы жарық көрген «Кемеңгермен кездесулер» атты естелік кітабының 98 бетінде былай деп жазылған: « Астананың айналасындағы жерлерге астық өнгенімен ағаш өспейді, тіккен көшеттердің сүйемдей ғана тамыры нәр алып, топыраққа байланып үлгерместен қурап қалады деген пікірлер көп айтылды. Жердің құнарының нашарлығы, оның төменгі қабаты суының ащылығы мен топырақ құрамындағы тұз мөлшерінің қалыпты деңгейден анағұрлым басым келуі ағаш түрлерінің өсуіне, тамыр жаюына мүмкіндік бермейді. Әлжуаз тамырды күйдіріп жібереді. Осы мағыналас пікірлердің дауылды күнгі өрттей лаулағаны соншалық, арқа өңірде туып-өскен, оның ауасын жұтып суын ішкен, ауылшаруашылығы саласының білдей мамандарының сенімдеріне де селкеу түсе бастағандай көрінетін. Осының салдары болар адамдарды ақылын әрі-сәрі етіп, апыр-ау, ағаш өспейдісі несі деген дүдәмал ойларға қарай сүйрелей бастағандай. Бұл күндер күпті ойлардың көбейіп, нақты жауаптардың бұлыңғырлана түскен сәттері болды. Елбасының ерік-жігері болмағанда ғой, мейлінше ширыға түскен неғайбыл ұсыныстар қайшылығының немен аяқталары белгісіз еді. Бұл жолы да Президенттің сенімділігі көңілімізді демеп, оның «Астананың айналасына қолдан орман өсіріледі» - деген шешімінен кейін елорда маңын көкжелектендіру ісі қолға алынды ... Шынында да сол кездері Астананың айналасындағы жерлер ағаш өсіруге жарамайды, жарайтын болса баяғыда қаулаған орман болып кетпес пе еді деген тақлеттегі алып-қашта сөздердің қаулап кеткені рас болатын. Желдей ескен қаңқу сөздер айтыла келе жұртшылық арасында қайшы пікір тудыра жаздады. Абырой болғанда сол жылдары қолмен тігілген көшеттердің барлығы тамырын тереңге бойлатқан, көлеңкесі мол ұшар басы күнмен таласқандай биік желектерге айналды. Осыдан кейін ғана ағаш отырғызуға қарсы айтылған гу-гу әңгімелер сап тиылды. Өзі бастамашы болған бұл істі әсте жадынан шығармаған Президент «Жасыл Аймақ» кәсіпорнына бір күнгі жұмысын арнап,жыл сайын келіп-кетуді дәстүрге айналдырды. Осындай бір жұмыс сапары кезінде республиканың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Елбасымыз: «1998 жылы бас қаламыз осы жерге жайғасқаннан кейін Астананың жанынан орман егу тапсырмасын бердім. Алғашқыда «мына жерге ештеңе шықпайды...», «жері жақпайды...», «шығатын жер емес...»-деген мағынадағы көптеген сөздер айтылды. Білемін, әр уақытта да ондай пікірлер болады. Өткен осы жылдар ішінде Астана төңірегіне 70 мың гектар орман өсті. Бұл ресми түрде «Астана орманы» аталғанымен, мұны жұртшылықтың әлдеқашан «Президент орманы» деп жаппай атап кеткенін де жақсы білемін. Мейлі ғой, қалай деп айтсақ та, халқымыз атасы отырғызған бақтың қызығын келер ұрпағы көретін болады» - деп, ағынан жарылғанына да жұртшылық куә.
«Жасыл Аймақ» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, өзі айналысып келе жатқан саланы ұзақ жылдан бері зерттеп, оның қыры мен сырына үңіліп келе жатқан ғалым Жұматай Отарбайұлының айтуынша, бір гектар жерге отырғызылған жасыл екпе ағашы 1 сағатта 200 адамның тынысынан шығатын көмірқышқыл газын өз бойына жұтып алады. Ал, осы айтылған аймақтың жасыл ағашы 10 гектар су айдынының ауаны тазалау мен ылғалдандыру қызметтерін атқара алады. 1 гектар жерге егілген орман жарты тоннаға жуық көмір қышқыл газын, 100 килограмм хлорлы қалдықты, 25 килограмм фтор мен ауаны ластаушы өзге де зиянды қалдықтар қоспаларының 60-80 пайызын жұтып алады екен. Демек, Елбасымыз Астананың маңын жасыл желек ормандарға бөлеуді көздегенде, ең алдымен қаланың экологиялық тазалығы мен халықтың денсаулығын ойлаған екен.
Міне, Президенттің Астананың айналасы мен арқаның бос жатқан даласын жасыл желекке айналдырудағы мақсатын осылай деп түсінетін «Жасыл Аймақ» РМК-нің еңбеккерлері жыл сайын бес мың гектар алқапқа орман көшеттерін отырызып келеді. Қай заманда да көшет отырғызып, желек баптау қасиетті іс саналған. Сондықтан да, жасылаймақтықтар тақырға жан бітіретін, арқа жонына жал бітіретін игі жұмыстарын алдағы уақытта жалғастыра береді. Өйткені, «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» - деген.
Берден Қабылов.