2019 жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.Қоғамның қозғаушы күші саналатын жас буын ел ертеңі жайлы не ойлайды және өз тараптарынан қандай бастамалардың жүзеге асқанын қалайды? Qazir тілшісінің сауалына жастардың берген жауабы «Елорданың дидары» айдарында.
Айбын Серікұлы,магистрант: Менің таңдаған мамандығым бәсекеге қабілетті деп санаймын. Өзім ауылды жерде дүниеге келсем де,жастайымнан әлемде қолданылатын озық технологиялар жайлы көп ізденіп,оқыдым.Сол үшін ағылшын тілін мектепте жүргенде оқытылатын пән ретінде ғана емес, өз бетімше түрлі әдістемелер арқылы меңгеруге талпындым. Қазір қарап отырсам елордасында өтетін халықаралық деңгейдегі шаралар кезінде аудармашысыз өз салама қатысты мәселерді түсініп,ойымды жеткізе алатыныма қуанамын.Жас өнертапқыштар,озық инновациялық жобалар,ғылыммен айналысатын жастардың жұмыстарын насихаттау арқылы оларға қолдау көрсету қажет. Тағы бір баса айтарым,ана тілімнің әлі күнге үлкен мәселелерге үн қосуға қолданыс аясы жетпейтіндігі қынжылтады. Замандастарымның кейбірі өздерінің өзге тілде сөйлеп жүргеніне намыстанбайды,тіпті үйренуге тырыспайды.Сондықтан,жастар жылында ұйымдастырылатын жиындар мен маңызды шараларда ана тілімізге басымдық бергені жөн. Ол үшін аға буын бастама көтерген жастардың бетін қақпай қолдау көрсетсе деймін.
Жанар Досымбекқызы,заңгер: Астана тұрғындарының басым бөлігі-жастар. Бәріміз де арман қуып,мақсаттарымызға жетсек деп осында көшіп келдік.Еліміздің қай жоғары оқу орындарында оқысаңыз да алған біліміңіз сапалы болса,жұмысқа орналаса аласыз.Әрине,бірден жоғары жалақы аламын, жақсы қызметке барамын деу қиындау.ЖОО бітірген жастардың көбісі мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды,кейбірі таныс жағалайды,біреудің көмегімен қызметке тұрып алғандар маңайына мұрын шүйіре қарайды. Командаға қосылып алып,қызметі ауысқан басшыларының соңында еріп жүргендердің бәрі сапалы мамандар дегенге сенбеймін. Өзі білмегесін басшының айтқанына бас шұлғып,ол шығып кетсімен қалғандарына үстемдік жүргізгісі келетін жағымпаз қызметкерлер бүтіндей бір ұжымның атқаратын жұмысын кері кетірмесе,алға бастырмайды. Жұмыс бабымен кейбір мекемелерге бара қалғанда сенің мәселең бойынша жауап беретін мамандар аз,көбісі бір-біріне сілтеп, шала-шарпы бірдеңе айтқаннан басқаға шамасы жетпейді.Мемлекеттік тілде жазған хаттарға келген жауабын оқып отырып, орысшасын қарап барып мәселенің мәнісін ұғасың-ау. Технология дамыған сайын адамның ойлау қабілеті азайып сауатсыздық көбейіп бара ма деп қорқамын.Жақында Ресейде биылғы қабылданған студенттердің жазған диктанттарында жіберген қателерін көріп шошып,арнайы оқу орындарында жиын өткізіп қарағаны жайлы әлеуметтік желіден бір ақпарат оқып таңқалдым. Біздікілер керісінше,орысша қатесіз жазады да,қазақшаға келгенде жаутаңдап қалады ғой... Ойымды қорытсам,жастар білімді,сауатты болса,құр әлеуметтік желіде арзан ой мен жылтырақ дүниеге әуестік танытпаса,әркім өзі атқаратын жұмысына жауапкершілікпен қараса,бір жыл да бәрі өзгеріп кетпес,бірақ болашақта біртіндеп көп дүние өзгерер деген үмітім бар.Ұлттың болашағы-білімді ұрпақтың қолында екенін ұмытпау керек.
Бақытбек Жайлаубай: Астанаға қыдырып келдім.Оңтүстік өңірденмін. Көбісі біздің жақта бәрі тамыр-таныспен жұмысқа орналасады деп ойлайды. Біздің жастар намысшыл.Олар «кешіріңіз мен өзім айта алатын тілде сөйлеймін»,- деп жалтақтап тұрмайды әрі еңбекқор. Астананың такси жүргізушілерінің көбісі біз жақтан,күнкөріс үшін келеді,ауыр жұмыстан да қашпайды,сөйтіп үй салып,дәмхана ашып алса бәрі жабылып олар оңтүстік деп шыға келеді.Бөлінбеу керек,бәріміз бір қазақтың баласымыз, даламыздай пейіліміз кең болу керек,Астана бәрімізге ортақ,болашақта біздің Түркістан да үлкен мәдени орталық болады деп талпынып жатыр ғой,бәрі елордаға ағыла бермей өз жерінде де қызмет ету керек.Солтүстікке қарай барыңдар деген көштің алдында да біздің жастар жүр. Ол жаққа да бару керек,жұмыссыз жүрген жастар қай жерде жұмыс болса ,сол жерде жүру керек.Қазақстанның біраз қалаларында болдым,жастардың жағдайы сондай нашар емес. Керісінше,бәрі оқудың соңында,жәй кәсіп ашып,қарапайым нәрселерден бастап үйренемін дейтіндер аз.Жастардың жылы деп біреу саған жағдай жасап бермейді,өзің талпынбасаң,өзіңе сеніп жұмыс істемесең...
Нұрбол Садық,кәсіпкер: Шет елде білім алғанмын,Астанада кәсібімді аштым. Астананың әрбір ғимараты мен тұрғын үй кешендерінің бәрінде тіл дамыту орталықтары,сән студиялары,шеберлік пен шешендікті үйретемін деп жарнама жасап жатқан жұрттар. Қазір әдемі сөйлеу,сән қуудан басқа дүние жоқтай,онсыз да істен гөрі сөзіміз көп заман ғой.Жастар жаңашылдыққа ұмтылуы керек,жаңа техниканы алып,озық технологияны енгізуге бейімделгені дұрыс шығар. Әншінің қымбат көйлегі мен тұратын үйлерін тамашалап,олар қатысатын арзан шоуларды қарап уақытын өткізетін жастарды аяймын. Сөйлеген сөздері мен істері қабыспайтын беттерінде қандай бояу болса,өмірлері де сондай жасанды жандардан гөрі,кей жағдайда қарапайым тұрмыс кешіп жатса да,балаларына қажетті білім беріп,шынайы қуана алатын адамдармен араласқанды бақыт санаймын.Жақында бір кәсіпкер әріптесім айтады,халықаралық форум деп барсам,талай игі істер атқарып, қайырымдылық көмек жасап жүрген біздерден гөрі жастар сол ботқа шоуларды жүргізетіндер мен оның жалған кейіпкерлерімен селфилетіп өзгелерді көзге ілетін емес деп... Жастар жылы деп жарияланғанына қуанамын әрине,бірақ өткізетін шаралардың бәрі «жердегі жұлдыздардың» өмірлерінен асып,болашағы бар нақты ғылым саласында,кәсіпкер болып халықты жұмыспен қамтып жүргендер мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды қажет ететін топтардың да бұл қоғамда үлесі бар екенін парықтай алатын деңгейге шықсақ,алға ұмтылсақ,елге қажетті кезек күттірмейтін бағдарламаларды жүзеге асырсақ дұрыс болатын шығар.
Qazir үшін пікірлерді жинап,сауалнама жүргізген: Назерке Төлеген.
Иллюстрация из открытых источников.