Нарықтағы бағадан екі есеге төмен тұратын 364 пәтердің иесін анықтау үшін астанада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі конкурс жариялады. Конкурс нәтижесі бүгін шығарылатын болады. Бұл пәтерлер «Нұрлы Жер» МБ –сы аясында үлестірілмек. Ол туралы Елордалық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (ТҚЖБ) Орталық филлиалының директоры Жансұлтан Матаев арнайы БАҚ өкілдеріне өткізген шарада мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек Qazir тілшісі Жансұлтан Матаевтан мемлекеттік бағдарлама аясында халыққа берілетін пәтерлердің жалпы саны мен құны және жарияланатын конкурстың талаптары жайында сұрап білген болатын.
Qazir: Жансұлтан мырза, бүгінгі күні Астанада арнайы конкурстан өткен 364 пәтер иелері анықталып, баспаналы болмақ. Конкурсқа қатысушыларға қандай талап қойылды?
Жансұлтан: Негізі бұл бағдарламаға банк салымшылары мен әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж жандар ретінде кезекте тұрған адамдар қатыса алады. Алдағы үлестірілетін пәтерлердің иелері де сол адамдар болмақ. Тек негізгі талап: азамат міндетті түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу керек.«Ол кемінде 3 жыл банкте ақша жинауы қажет. Конкурсқа құжат тапсырғанға дейін үміткерлер алғашқы жарнаның 20% жинауы шарт. Несиенің жылдық проценттік мөлшерлемесі – 5%. Ал егер азамат біздің банкте 7 млн теңге жинаған болса, пәтерді бірден сатып алуға да мүмкіндігі бар.Алайда пәтерге ақшасы жетпесе, олар алғашқы жарнаның 20% салып, пәтерді несиеге алуға да мүмкіндік беріледі. Біз конкурс әділетті өту үшін «балдық жүйені» енгіздік. Бұл жерде кімде-кім ақшаны уақытылы салып отырған болса, соның балы жоғары болады. Және бір талап: салымшы соңғы 2 жыл астана тұрғыны болуы шарт. Және отбасы мүшелерінің басында үй болмауы қажет.
Qazir: Жалпы бір пәтерге неше үміткерден келіп тұр?
Жансұлтан: Бүгінгі есеп бойынша бір пәтерге 10 үміткер таласуда. Бірақ пәтер, сол 10 үміткердің конкурс талабына сәйкес келгеніне берілетін болады .
Qazir: Жансұлтан мырза, жалпы баспанамен қамту бойынша құрылған мемлекеттік бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Осы жақын күнде үлестірілетін 364 пәтерден тұратын тұрғын үй аталмыш бағдарлама бойынша салынған астанадағы екінші кешен болып отыр. Ал, келесіде берілетін тұрғын үйдің пәтер саны қанша және қаланың қай ауданынан бой көтеруде?
Жансұлтан: Иә аталмыш бағдарлама 2017 жылдан бастап іске қосыла бастады. Содан 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сүйенсек, республика бойынша 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.Ал астанада бүгінгі берілетін 364 пәтерге дейін, Қошқарбаев-Жұмабаев көшелері аумағында 620 пәтерлік тұрғын үй кешені пайдалануға берілген болатын. Ал келер жылы қала бойынша 1825 пәтер өз иесін табады деп жоспарлануда. Мұндағы Ұлы Дала-Мәңгілік ел көшелері аумағында салынып жатқан 7 үй 2019 жылдың екінші және үшінші тоқсандарында пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Сарайшық-Бейсеков көшелері аумағында көп қабатты 5 үйдің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.
Qazir: Бүгінде осы арнайы бағдарлама бойынша берілетін пәтер бағасы қандай?
Жансұлтан: «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған пәтердің бір шаршы метрінің құны – Астана, Алматы қалалары бойынша 180 мың теңге, басқа қалалар үшін 140 мың теңге. Мысалы, бір бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 7 млн теңге. Қысқасы; пәтерлердің бағасы нарықтық бағадан екі есе төмен.
Qazir: Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша пәтер алуға кезекте тұрған адам саны 46 000 –нан асады екен. Ал салымшы ретінде көрсеткіш қандай?
Жансұлтан: Ол жағынан елордамыз көш басында. Қазір Астана қаласы бойынша банктің 170 771 салымшысы бар.Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының жалпы саны – 1,2 млн адам. Жалпы жинақ сомасы 562,3 млрд теңгеге тең.
Qazir: Ал банктің қаржылай және төмен пайыздық қолдауымен қанша азамат баспаналы болды? Бүгінгі көрсеткіш бойынша?
Жансұлтан: Жыл басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің көмегімен 26 мың азамат баспаналы болды. Олардың 19450-і үйді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында заем рәсімдеді. Бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Сұхбаттасқан: Салтанат СӘДІБЕКҚЫЗЫ.