Арамызда жүрген адал,жылы жүректі,мейірбан адамдардың айтары көп.Солардың бірі бірнеше жыл бұрын «төл» жүрегін «тел» жүрекке айырбастаған азамат Жәнібек Зейнелұлы Успанов.
QAZIR: Жәнібек, қайырлы күн! Хал-жағдайыңыз жақсы ма? Бірден сұрайық, қалай бұл өзі: «төл» жүрек қағысы мен «тел» жүрек жұмысының айырмашылығы, жалпы сіздің тұлғалық қасиеттеріңізге енгізген ерекшелігі бар ма?
Жәнібек: Менің ойымша,мұнда ешқандай мистика жоқ.Негізінен «жаңа жүрек» бар болғаны бұлшық ет.Ағзада атқаратын өз қызметі бар деп қараған дұрыс шығар.Ал оның донорлық мүше ретінде табылуы мен табылуына себепші болатын адамдардың көзқарасы –бұл бөлек әңгіме.Алақаны алтыннан қымбат абзал жандылар арқылы Алланың маған жеткізген нығметі болар.50 жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Африканың кардиохирургы Кристиан Бернард жүрек ауыстыру үшін алғашқы ота жасаған.Ал елімізде мұндай ең алғашқы ота маған жасалды.Бұл жерде назар аударатын бір жайт бар,маған жасалған ота жасанды жүрек салу емес,донорлық жүректі жаңа ағзаға табыстыру.2012 жылдың тамызы болатын.Тура сегізі күні маған ота жасалып,жиырма күн ішінде үйреншікті тіршілік ортама орала алдым.
QAZIR: Жәнібек Зейнелұлы,айта отырыңызшы, қандай науқасқа шалдыққан едіңіз? Донорыңыз кім? Бірден табыла қойды ма? Жүрегіңізді жұлып алып, жаңасын сала қоюға қалай келістіңіз?
Жәнібек: О, оңай болмады ғой. Келіспеске амал да болмады: дес бермей бара жатқан дертпен жарты жылдай қалған өмірді сүруден, не де болса нартәуекел деп, алғаш рет жасалатын ота болса да, ақ халаттыларға аманаттап көрген дұрыс деп шештім, расымен де, менде басқа таңдау болған жоқ.
Отаға дейін де талай от кештім. 2005 жылдан бастап сыр бере бастаған денсаулық мені Қостанай мен Астананың ортасында дедектетті біраз. Қостанайда анализдерді түпкілікті талдайтын зертхана да, қажетті жабдық та, несін айтайық, біліктілігі мен білімі келіскен маман да болмады. Алты ай сайын Астанаға келіп тұрдым. Мені отаға дайындап жатқан кезде жұбайым толғағын күтіп, тоғызыншы айда жүрген-тін. Сол кезде отбасымды да ала келдім, сәтімен, шүкір, тамыз айында менің отамнан кейін аман-есен осындағы «Ана мен бала орталығында» босанды, содан Қостанайға қайтқан жоқпыз. Қайтпаймын да енді, бұл жерде өзім де қайталап дүниеге келдім, ұлым мен қызым осында туды.
Елбасымызға айтар алғысым шексіз, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық, халықтың денсаулығын сақтау мен жақсартуға жасалған жағдай үшін Нұрсұлтан Әбішұлының қолын алып, «Мен 2012 жылы тудым, қаным қазақ, қазақ болып тудым, отаны кәріс жасады, ал кеудемде соғып тұрған жүрек орыстікі, сондықтан да мен халықтар Ассамблеясының айрықша мүшесімін», -деп шынайы лебізімді Қазақстан халықтар Ассамблеясының жиынында жеткізген болатынмын. Шынымен де, бұл Елбасымыздың медицина саласындағы сапалы реформалары мен «Ұлт жоспары» арқасында алған асу ғой. Бұрын-соңды жасалмаған отаны жасайтын жағдай, маман, техника, мүмкіндік – барлығы бар, барлығы бар бізде.
Биыл тамыздың сегізінде тура алты жыл болды отаның жасалғанына. Жүрегім Галина Воротниковадан,балалары Игорь мен Вероника маған жәрдемдесейік деп шешім қабылдап, жүректен жүрекке жеткен батылдықтарын білдірді. Оларға мың алғыс. Ал ауру қайдан десеңіз, менің жағдайымда дәрігерлер ангинаның асқынған түрінен туындаған деді. Диагнозым - дилатациялық кардиомиопатия-тын. 2005 жылда сыр бере бастағаннан бір жылдың ішінде тәжірибедегі және қолданыстағы барлық ем-домды жасап болдық, ол кезде трансплантация біздің елде түске кірмейтін-тұғын. АҚШ, Германия, Израиль сияқты елдерде жасайтынын Интернеттен қарап, ең кемі ота құнының 200 мың доллардан басталатынын көргенде тіптен шарасыз сияқты сезіндім. Ауылды жерде шынығып, шымыр өскендіктен, әскер қатарында болғаннан, ауыр жұмыс жасап, алыс жол жүргізушісі болып істегеннен де болар, ағзам аурумен күресін жалғастыра берді, ал мен дәрігерлердің барлық нұсқауларын мүлтіксіз орындап, әйтеуір 2009 жылға жеттім. Ал ол кезде Ұлттық медицина орталығы ашылған, сол жерде кардиостимулятор салып берді. Кезекті тексеріске 2012 жылы келгенде жақсы жаңалық жоқтығын айтып, жедел түрде Ұлттық кардиохирургиялық орталыққа жіберді. Госпитализацияның алғашқы күндерінен бастап жан-жағым үймелеген мамандар маған дөп еткізіп: «46 жастағы инсульттан қайтқан, ми өлімі тіркелген әйелдің жақындары жүрегін беруге келісіп отыр. Қазақстанда ғана емес, түгел Орталық Азия бойынша алғашқы рет жасалатын отаға енді сіздің келісіміңіз керек» - деді. Сан саққа жүгірген ойым...түһ, несін айтасыз, бірнеше сағат ішінде шешім қабылдадым, келістім. Мінекей, менің «моторым» бүгін қызметін мүлтіксіз атқарып тұр.
QAZIR: Бәрекелді, Жәнібек, отадан кейін қандай жағдайлар орын алды? Қазір немен айналысасыз?
Жәнібек: Маған ота жасалған соң көп ойландым: «Неліктен мен? Неге маған?» сияқты ойлар ғой мазалайтын. Бұл маған берілген мүмкіндік. Бұрыннан белсенді едім, жұмыста да, қоғамдық өмірде де. Үнемі өзімді борышты сезіндім, жүрегін қондырып алған әйелдің отбасына алғыс айтқым келді, донорымның жақындарына разылығымды білдіргім келді. Бірақ менің қалтам да, әл-ауқатым да көлік сыйлап, кілемге көтеруге келіссіз. Мен қарапайым адаммын. Отаны жасап қана қоймай, отадан кейін де бар күтімді көрсеткен дәрігерлерге де ризашылықты қалай білдірерімді білмедім. Бір білгенім: тағы берілген мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Ортаға пайдамды тигізіп, қандай да бір амалмен Жаратқаннан бастап жанымнан табылғандардың барлығына алғыс айтқым келді. Содан мен сияқтылар «Өмір тынысы» қоғамдық ұйымы аясында біріктік. Қазір осы ҚҰ жұмысын жүргізіп келемін.
QAZIR: Нақтырақ, толығырақ айтыңызшы, «Өмір тынысының» көздегені не? Мақсат-міндеті? Жоспары қандай?
Жәнібек: алғашқы ота жасалғаннан кейінгі екі-үш жылда Қазақстандағы трансплантация жел соққанда жалындай түсетін шоқ сияқты қызып тұрды, маған өзім сияқты проблемасы барлар келіп, хабарласа бастады. Жанарым жарқырап, жүрегім дүрсілдеп тұрған мені көргенде олардың үміттері жалғана түскенін көрген мен олардан бетер бақытты сезінемін. Түсіндім, маған артылған міндет те осы, жаңа жүрегім үшін борышымның өтемі де осы. Қазір қоғамға қызметім дәл осыған бағытталған: өз тәжірибеммен бөлісемін, адам адамға жау емес, бастысы күреске дайын болу керек. Сонымен қатар кардиохирургиялық орталықтың жүрегінің ауыр созылмалы науқасы бар пацинеттерімен жұмыс жасайтын бөлімінің әкімшісімін. Олар донорды күту парағында кезекте тұрған уақыт бойы әңгімелесу, кеңес беру жұмыстарын жүргіземін. Докторлардың айта бермейтін мәселелері туралы сөйлесе кеткенде құлшыныстары еселене түседі науқастардың.
QAZIR: Ал докторлардың қандай мәселелерді науқасқа айтпай қалуы мүмкін?
Жәнібек: Медициналық тұрғыдан алғанда бізді докторлардан артық түсінетін адам жоқ. Реципиенттер –бұл еліміздегі танылып болмаған, кеше ғана қалыптасқан адамдар тобы десек болады. Дәрігер реципиенттердің әлеуметтенуі мәселесімен айналыспайды, рухани қолдау көрсету сияқты дербес түйткілдерді айтып отырғаным ғой. Отадан кейінгі оңалу кезекті, әлеуметтену, «Өмір тынысы» ҚҰ мүшелерінің мемлекеттік органдарымен ынтымақтастығын, серіктестігін арттыра отырып қоғамға пайда келтіру амалдарын қарастырып, тиісті шаралар атқару менің мойнымда. Трансплантацияны кешкендер жаңа категория, сондықтан да олардың жоғарыда аталғандай оңалуын, қажетті дәрі-дәрмектерді алуын, әлеуметтенуін түпкілікті реттейтін заңнамалық механизм әлі меңгерілмеген. Айтып отырмын ғой, біз өте азбыз, түсіне беретін жан таппаған соң бір-бірімізбен араласа бастадық, өзара жәрдемдесетін клуб құрған соң, заңды тұлғаның қажеттілігі туды, содан ҚБ тіркелді.
Біз спорттық сайыстарға, музыкалық байқауларға қатысамыз, белсенді өмір сүрудеміз, өйткені, кез келген осындай ақпарат біздің мақсатымыздың бірі — донорлықты танымал ету. Біздің айтарымыз не? Донорлыққа, трансплантацияға келісім бере отырып донордың жақындарды бірнеше жанның өмірін құтқарып қалады, пациенттің өзін өлімнен, ал отбасын, бала-шағасын, аға, сіңілі, апа қарындасын, ата-анасын қайғыдан құтқарады.
2015 жылы «Спортивная активность после трансплантации» атты үлкен еуропалық симпозиумда болдым. Сонда спортпен шұғылдану реципиенттердің жақсы физикалық формада болуына ғана емес, өмір бойы ішіп өтуі тиіс дәрмектердің туынды зиянды әсерлерін бейтараптандыруға көмектесетінін білдім. Жүрегін ғана емес, басқа да мүшелеріне трансплантация жасалған реципиенттер арасында спортты насихаттауға кірістім. Осы бағытта біраз нәтижелі жұмыстар жасалды.
QAZIR: Қандай?
Жәнібек: Былтыр тамызда біздің команда Испанияда болған Дүниежүзілік спорттық ойындарға қатысты, 60 астам елден жиылғандар арасында Қазақстан алғаш рет қатысқан, бұл ұйымның қатарына еліміздің атынан енген алғашқы ұйым біздің ҚБ. Содан кейін қыркүйек айында Ақтау қаласында реципиенттер мен отаны күтушілер арасында ең алғашқы республикалық ойын өткіздік. Ол арқылы біз отадан кейін де оттай жалындаған өмірдің жалғасатындығын көрсеткіміз келді. Көптеген адамдар бұрынғы кәсіптерінен, мамандықтарынан, сүйікті істерінен айрылғандықтан депрессияға ұшырайды. Бұл туралы Германияға барғанда жергілікті реципиенттер қауымдастығымен көп сөйлестім, содан кейін құрып отырған жоспарымыз бар: паралимпиадалық деңгейде болатын халықаралық қозғалыс қалыптастыру, оған медицина қызметкерлері мен ғылыми-білім беру орталықтарының мамандары қатыстырылатын болады, ал әр реципиент өзінің жобаларын жүзеге асырып, қайта мамандық алатын болады. Өйткені дәрігерлер диагнозға сай міндеттерін атқарып, отадан алып шыққан соң әрі қарай қалай өмір сүретіндігі әр адамның өз қолында. Нәтиженің көрнектісі – бұл дүниежүзілік спорттық трансплант-ойындарда көтерілген Қазақстанның жалауы.
QAZIR: Жәнібек, жаңа өзіңіз жүрек – бұл қызметін атқарып тұрған бұлшық ет қана дедіңіз. Дегенмен сөзбен жеткізбейтін, тек қана сезінетін дүниелер бар ғой. Донорыңыздың ұлымен араласып тұрасыз ба, ол не дейді?
Жәнібек: Игорь Воротников, донордың ұлымен жақсы араласып тұрамыз. Қайғы – қуанышты бөлісіп отырамыз. Анамның жүрегінің әлі де соғып жүрудің өзі бір бақыт дейді. Бұны мен сөзбен жеткізіп айта алмаймын. Донорым суретші болыпты, бастауыш сыныптың балаларына сурет салуды, әсемділікті бейнелеуді үйреткен екен. Ал моральдық тұрғыдан, әрине, әңгіме жоқ, жақыным ғой Игорь.
QAZIR: Сіз қандай адамсыз, мінезіңіз, көзқарасыңыз дегендей?
Жәнібек: Мінезім жұмсақ, жайлы адаммын. Мінездің жұмсақтығы тәрбиеден деп білемін. Түріме қарасаңыз сұсты сияқтымын, бірақ өзім сұлулық пен нәзіктікке құштармын. Өйткені мен әкемнен небары екі жасымда қалдым. Ерте ғой енді бұл, қалай болғанда да. Ал сегіз баламен қалған анам жалғыз өзі өсіріп, жеткізді. Мен кенжесімін, анамның қасында болдым үнемі. Мінезімнің қалыптасуында да бұл маңызды болды. Әйелдің, ананың нәзіктігін, сол кездегі ата-аналардың тәрбиедегі басты тетік деп санайтын «өліп бара жатсаң да өзгеге көмектесуден тайынба» дегенін естімей өскенде, кім білген, қаталдау болар ма едім, қайырымдылықтың қайдан екенін білмей кетер ме едім. Ал қатал адам өмірдің көптеген қызықтарын сезіне алмай қалып жатады. Бір білгенім бар: балалық шақтан бастап махаббатқа қанша қанық болсаң, әрі қарай өмір сүрің де жеңіл болады. Маған анамның мол махаббаты мен сол кездің соқпағымен үйреткен тәрбиесі керемет еді. Содан да болар, отбасыма көп көңіл бөлуге тырысамын қазір. Отбасың – бұл ошағың, ең жақын ортаң, сол ортадағы ауа-райы қолайлы болса, қалған істеріңнің іске асуына да қолайлы жағдай өздігінен туып тұрады. Кеудемде жаңа жүректің соғым тұрғанына дау жоқ қой, бірақ, жастайымнан қалыптасқан құндылықтардың қай-қайсысы да өзгеріссіз.
QAZIR: Қайырымдылық дейсіз, Жәнібек, жай-жапсарын айта кетіңізші, қандай қызметпен айналысып жатырсыз қазір? Қазақстан халықтар Ассамблеясының мүшесі екеніңізді мен білемін. Мұның қайырымдылыққа қандай қатысы бар?
Жәнібек: Менің өмірім өзгерді. Енді мен өзгенің өмірін өзгертуге тырысамын. Белсенді түрде трансплантация ісін, донор болуды насихаттаймын.
QAZIR: Сіздің оқиғадан кейін, отаңыздан соң адамдар донорлыққа ден қоя бастады ма?
Жәнібек: Әрине, динамика байқалды, алғашқы отадан кейінгі екі жылда жақсы байқалды, бірақ бұл қажеттілікті толық жаба алмайды. Мысалы ауыстырылатын бүйректің 80% туыстардан, жақындарынан алынады. Ал мен бұған қарсымын.
QAZIR: Неліктен қарсысыз?
Жәнібек: Дені сау адамның мүшесін мүгедек адамға салғаннан қандай пайда, егер нәтижесінде қос мүгедек болатын болса? Адам өлімінен кейінгі донорлық әлі де дамымай тұр. Бүгінгі күннің өзінде статистиканы қарасаңыз 3500 астам адам донор күтуде, арасында балалар да бар. 2012 жылы маған жасалған ота сияқтылардың саны отандық медицинада 65 болды, 2013 жылы 164 адамға, 2014 жылы 224 адамға, 2015 жылы 300 жуық, ал 2016 жылы 306 болды, ал былтыр және биыл көрсеткіш төмендеп отыр, 282 адамға 2017 жылы ота жасалды, ал биылғы жарты жылдықта жасалған ота саны 100 жетпейді. Айтып кеттім ғой, бізде барлық мүмкіндік бар. Сырттан қараған адамға бұл бір палатада жасалатын ота ғана, ал іс жүзінде медицина мамандарымен қатар авиация мен өрт сөндіру қызметіне дейін жұмылдырылатын жұмысты атқаруға қажетті жабдықтың та ең озық түрі бар. Тек донор жетісе бермейді. Кейбіреулер тіпті жылдап күтіп жүр. Ауру болса асқынып бара жатыр.
QAZIR: Адам өмірін құтқарудан қорқамыз ба, сонда қалай?
Жәнібек: Негізінен, елімізде келісім беру презумпциясы бар. Бірақ біз әлі күнге дейін туған-туыстарының келісімін сұраймыз. Келісімділік презумпицясы дегеніміз адам миының өлімі тіркелген соң мүшелерін басқа адамдарға салу. Заңнамалық түрде реттеліп жатқан жағдай бар, бірақ шынайы көрсеткіштерге қарасақ жылағымыз келеді. Ал олардың бірі моральдық, біреу діни ұстанымдарына байланысты, біреу білместіктен бас тартады.Қайтыс болған бір адамның мүшелерін трансплантациялау арқылы 8 адамның өмірін құтқаруға болады, ойлап қараңыз, сегіз бірдей адамның өмірін, одан да көп адамның қайғысын қайтаруға болады. Ал көрсеткіштер не дейді? 2012 жылы 1 ғана адамның мүшесі донорлыққа берілді. Былтыр небәрі 24 адамнан алынды. Қоғамда қалыптасқан пікір әр түрлі.
QAZIR: Қалай қоғамның пікірін өзгертуге болады? Донорлықты дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізу керек деп ойлайсыз?
Жәнібек: Трансплантация мен донорлық туралы әңгіме айта бастасақ жұрттың барлығы өзінің донор болатындығын немесе болудан бас тартатындығын айта жөнеледі. Көпшілігі күндердің бір күнінде өзіне донордың қажет болып қалуының мүмкін екендігін ескермейді. Неге? Неге ойланбайды? Донор болудан донор іздейтін күйге түсудің күні аяқ асты екенін саналы түрде барлығы біледі. Біз сияқтыларға көмектесу керек, донорға мұқтаждардың да отбасын құруға, бала тәрбиелеуге, қоғамға қызмет етуге қауқары бар, қайдан білесіз, біздерден бұрын соңды тарихта болмаған тұлға туатын шығар, Эйнштейн мен Пикассолар, Абайдай ағартушылар, Абылайда хандар өсетін шығар. Ал біз келісімдік презумциясы бола тұра кімде-кімнің келісімін күтеміз. Бұл да бір даулы мәселе. Заң жүзінде егер адам тірі кезінде құзырлы мекемеге барып, жазбаша және ресми түрде қарсылық білдірмеген болса автоматты түрде донор деп танылады.
QAZIR: Нормативтік-құқықтық базаның кемшіліктері бар ма, неге донорға қатысты қажеттілік жабылмай жатыр? Қоғам неге дайын емес?
Жәнібек: Білесіз бе, жергілікті, барлық облыс орталықтарында қалыптастырылған орталықтар жүргізетін ақпараттандыру жұмыстары жеткіліксіз. Адамдар артықшылықтары мен донор болудың барлық игілігі мен, қайырын білмейді. Ойбай, қоғам дайын емес деген әрине оңай, бірақ бұл қоғамның пікірі емес, бұл жалған желеу, шын мәніне келгенде қоғамның пікірін білдіретін бірде бір жалпылай сауалнама әлі жүргізілген жоқ, тіпті 18 миллион халықтың жартысына жуығын болса да қатыстырып, қалай қарайсыз донор болуға деп сұраған адам бар ма, мекеме бар ма? Жеке ұйымдар да, мемлекеттік ұйымдар да мұнымен айналысып отырған жоқ. Орталықтандырылған бақылау мен база жоқ қой. Бары күту тізімінде тұрғандар, болды. Көріп отырсыз ба мәселенің неде екенін?
QAZIR: Ал бұл орайда не істеу керек?
Жәнібек:Ғылым мен техника дамыған заманда қажетті ақпараттың барлығы қолда тұр ғой, электронды үкімет , цифрландырылған технология – барлығын адамзат игілігі үшін қолдланғымыз келсе тым болмаса жасы кәмелетке толған қазақстандық азаматтардан сұрау керек, олардың келісім беруі міндетті емес, барлығы келісе беруге міндетті емес, бірақ біз сұрап жатқан жоқпыз. Германияда, тағы да көптеген еуропалық елдерде көлік жүргізуге куәлік беретін кезде, болмаса төлқұжат алған кезде сұрайды: «сіз донор болуға келісесіз бе?» деп, ал бізде бұл да қолға алынбаған.
QAZIR: Жәнібек, бұл өзекті мәселе, сонымен қатар балалар донорлығына елімізде заң бойынша тыйым салынған, бірақ бұл да дамытылуы тиіс деп ойлаймын, сіздің ойыңыз қандай? Соған қоса донорлықтың дамымауының тек қана келісімнің болмауына байланысты деп бір ғана себебін атаған жөн болмас, бұған экономикалық әлеуметтік ахуалдың да ықпалының бары анық қой?
Жәнібек: Балаларға қажетті ота, мысалы жүрегіне трансплантация жасау керек болса көбіне Үндістанға жіберіледі. Білеміз, бұл барлық жағынан шығын мен шырмалған шым-шытырыққа соқтырады. Бірақ біз алдағы уақытта тіпті ақылы түрде де балаларымызға донор таба алмай қалатын жағдайға кезігеміз, өйткені, ешбір мемлекет өзге елдің науқастарының қажеттілігін ашуға міндетті емес. Әрине, айта берсек айтатын нәрсе көп. Ал көрсеткіштердің төмендеуінің жалғыз ғана себепке байланысты еместігімен келісемін, оны өзіңіз журналист ретінде жеке талдама жасап, саралап көрерсіз. Саясатты да, экономиканы да қозғамай-ақ қояйын. Бірақ, қоғамды, жалпы жұртшылықты тиісінше көңіл бөліп, донор болуға шақырамын.
QAZIR: Қай елдің медициналық жүйесінің донорлық пен трансплатация бойынша прототипін үлгі етіп алсақ болады?
Жәнібек: Нақты механизм қалыптастыру үшін ойлап табатын, бас қатыратын ештеңе жоқ. Жалпыға ортақ көрсетілетін мемлекеттік қызмет барысында халыққа қызмет көрсету арқылы болса да сауалнама жүргізіп алу жеткілікті, бастапқысында. Қолымызда қандай да бір деректер болғанда «домбыраны» қалай қағу керектігін де түсінетін боламыз. Ал қазір бар болғаны қанша адамға донор керектігін, қанша адам күту тізімінде қанша уақыт тұрғандығынан басқа түк білмейміз десем де болады. Ал трансплантация бойынша үздік ел бүгінгі таңда Испания болып отыр, онда да қажеттілік жүз пайыз жабылып отырған жоқ, ал қазақстандық көрсеткіштердің қандай төмен екендігін осыдан-ақ біле беріңіз.
QAZIR: Жаңа бір сөзіңізде бас тартудың себебі діни, әлеуметтік және жеке тұлғалық ұстанымдар мен көзқарастарға байланысты дедіңіз. Менің білуімше біздің дінімізде мәселе адам өмірін құтқаруға қатысты болса тыйым жоқ.
Жәнібек: Иә, бұл туралы біз Қазақстан Мұсылмандарының Діни Басқармасының мамандарымен де біраз әңгіме өрбітіп, теологтардың топшамаларын алғанбыз. Бір адамның өмірін құтқару тұтас үмметке жасаған жақсылықпен тең екені айтылған аят та бар. Ал тұлғалық ұстаным дегеніміз шындыққа тура қарайтын болсақ – адамның тиісті ақпараттан бейхабарлығы ғана. Айтып кеттім, ақпараттандыру, насихаттау жұмыстарын қолға алудан бастау керек. Түгел қоғам үшін тон пішпей, әркімнің келісімін біліп отыратын бірегей жүйенің болуы тиіс.
QAZIR: Жәнібек, өзекті мәселе бойынша өткір пікіріңізбен қоса ұсынысыңызды да айта кеттіңіз. Әңгімеңізге көп рахмет, алда бірнеше сұрақ, қысқа-нұсқа:
Өтірік айтасыз ба?
Жәнібек: Жоқ.
QAZIR: Неге?
Жәнібек: Өтірік өмірді қиындатып жібереді. Оның үстіне өмір деген қас-қағым сәт емес пе?! Мен оны өзгелерден жақсы білемін. Кез келген уақытта ғұмырың таусыла салады, сол сәтте мүмкіндігінше таза болуға тырысу керек.
QAZIR: Күзді жақсы көресіз бе?
Жәнібек: Керемет, күзден күзге жеткен сайын көңілімнің көкжиегі кеңейіп сала береді.
QAZIR: Не үшін?
Жәнібек: Түрлі түсті бояуы көз қуантады.
QAZIR: Нені ұнатпайсыз?
Жәнібек: Күтуді. Өзім де күткенді жақсы көрмеймін, өзгелерді күттірмеуге тырысамын.
QAZIR: Адамдардың бойында қандай қасиеттерді бағалайсыз?
Жәнібек: Уәдеге беріктікті бағалаймын.
QAZIR: Қандай құндылықтар басым, үшеуін атап кетіңізші?
Жәнібек: Уақыт, әрине денсаулық және отбасы.
Әңгімелескен Жәннат Манасбайқызы.