12-13 қазан күндері елордамызда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтеді деп естігесін,біздің Qazir тілшілері де отандық өнімдерді шығарып отырған кәсіпкерлер жайлы білу үшін арнайы Достық көшесі 3 мекенжайы бойынша орналасқан «Көрме» орталығына арнайы бардық.
Бұған дейін де өткізілген байқауларды көріп жүргендіктен,бұл жолы қандай жаңа өнім бар екендігіне қызығушылық таныттық. Көрмеге алғашқы кездердегідей азық-түлік өнімдерін шығарушылар емес,машина жасау өнеркәсібі өнімдері,лифт және әрлеу материалдары мен қоса фармацевтикалық ,жиһаз т.б түрлі бағыттағы өндірушілердің тауарлары көптеп қойылған.Еліміздің әр өңірлерінен келген кәсіпорындар өкілдері мен жеке кәсіпкерлер де аз емес.Көрме-байқауды ұйымдастырушы: «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Көпшілік қарасынан байқағанымыз,әсіресе ерлерге арналған жейделер қойылған орында сатып алушылар саны көп. Сырттай бақылап тұрып,бұл отандық өнімді өндіруші «DALATEX» тігін фабрикасының директоры Дінмұхамед Абизовты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Қызылорда қаласында тігілетін ерлер жейдесіне сұраныс жоғары,бағасы 5 мыңнан басталып-12 мыңға дейін жетеді. «Әдейі кең даламыз бен пейілімізді білдіріп, фабрикамыздың атын солай атағанбыз»-, дейді фабрика басшысы. Ал екі күн бойы елордалықтарға бұл сапалы жейделер 5 мың теңгеден сатылмақ.Сондықтан Астаналықтар көрмеге барып,отандық өнімдерге қолдау танытыңыздар.Біз аталған фабрика өнімдері,отандық бизнестің болашағы жайлы сұхбатты алдағы сейсенбіде «Жүректе қайрат болмаса» айдарында толық нұсқасын ұсынатын боламыз. Тағы бір айтарымыз- көрмеде 500 теңгеден ойыншықтар сатылып жатыр. Шымкенттік кәсіпкер Рәбиға Байтемірованың «Navruzhlastik» фабрикасының түрлі-түсті ойыншықтарын да көрмеге келушілер көптеп сатып алуда. «Біздер де мынадай бар,мынадай бар» -деп өздері келіп өнімін ұсынып отырған 1150-ден астам өндірушінің әрқайсы да елімізде шығарып отырған тауарларын өткізуге,өндірістерін ұлғайтуға,отандық нарықты сырттан әкелінетін сапасыз өнімдерден қорғауға мүдделілік танытып отыр. Бұл тұрғыда көрмеге арнайы барып қатысқан ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің ФБ-дағы жеке парақшасындағы мәліметтеріне сүйенсек, «биыл экспорттың оң тенденциясы сақталуда. 2018 жылдың 7 айындағы деректер бойынша экспорт 34 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26% жоғары. Тауарлар экспортының қазіргі географиясы 123 елді қамтиды. Оларға шамамен 800 тауар түрі экспортталады. Соңғы 8 жылда Қазақстан сыртқы нарықтарға 46 жаңа тауар түрін шығарды. Атап айтқанда, рельстер, автомобильдер, күн панелдері, газ қазандықтары, жылтыр плиталар, картридждер, пос-терминалдар, бие сүті, алюмин профилдері, құбыржол арматурасы, шырағдандар, электровоздар, шатыр материалдары, полимерден жасалған медициналық бұйымдар, IP-MEDIA коммуникаторлары»- деп атап көрсеткен. Екі күн бойы елордамызда өтіп жатқан көрме жайлы алдағы уақыттарда арнайы сұхбаттар жариялайтын боламыз.