Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілетуді мақсат еткен ақпараттық топ Қызылорда облысының бірқатар елді мекендерінде болып, кешенді іс шараларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Qazir.kz.
Жаңақорған, Шиелі ауданындағы ауылдарда болып ақсақалдар, аналар, жастар ұйымдарымен ұрпақ сабақтастығының үлгісі болатын іс-шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Ауыл кітапханаларымен бірге «Буккроссинг» - кітап алмасу шараларын ұйымдастырып, жастардың кітапқа деген құштарлығын оятуға атсалысты.
Зиялы қауымның қатысуымен жастар арасында «Ұлы мұра - ұрпаққа аманат» кездесуін, қазақстандық этностар арасында «Рахмет саған, Қазақ елі!» эссе жазу байқауын, «Қазақтану», «Өзгерісті өзіңнен баста» лекторийлерін, мектеп оқушылары арасында «Мен рухани жаңғыруды қалай түсінемін» тақырыбында шығарма жазу, «Ұлы дала өнері» көрмелерін ұйымдастырды.
Облыс ауылдарынан басталған шаралар кешені, Қызылорда қаласының «Достық» үйінде, Қорқыт ата, Болашақ университеттерінде жалғасты.
Жергілікті қауыммен бірлесе ұйымдастырып жатқан шараларымызға тұрғындар да риза болуда. Іс шараларға елдімекен әкімдері, кітапхана ұжымы, этностар қкілдері, мектеп оқушылары, аудандық және ауылдық ардагерлер алқасы, аналар алқасы, жастар ұйымдары өкілдері қатысып, іс шараларға өз үлесін қосты. Кітапханаларда оқырмандар кітап алмасатын буккроссинг орталықтары ашылып, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әріптестік байланыс жолдары қарастырылды. Сондай ақ, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мен жергілікті ҮЕҮ-лар мен ақсақалдар, аналар, жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеп, Рухани жаңғыру бағдарламасын ілгерілету бойынша Меморандумдарға қол қойылды», - дейді Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының басшысы Жаңыл Әпетова.