«Шаһарларға саяхат» айдарында Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Степногорск қаласының іргесі 1963 жылы қаланған. Шаһар облыс орталығы Көкшетау қаласынан 220 км қашықтықта орналасқан.
Степногорск қаласы Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Павлодар қалаларымен автомобиль жолдары арқылы байланысқан. Қаладан 200 км шақырымда мемлекеттік маңызы бар Алматы-Екатеринбург магистральды жолы өтеді.
Тұрғындар саны 43 мың 587 . Қала мәртебесі 1964 жылдың 6 сәуірінде берілді.
2. Шаһардың өткен тарихынан. Қала Ақсу өзенінің бойында орналасқандықтан, арнайы зерттеулер анықтағандай бұл өзен маңына ұйымдастырылған эспедициялардың нәтижесінде 5-6 мың жыл бұрынғы қола дәуірінің төрт қонысы мен қорымы табылған. Степногорск қаласы жанындағы алты километр аумақты зерттеген Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен қалалық өлкетану мұражайының бірлескен экпедициясы болатын.
3. Қаладағы кәсіпорындар. Шаһарда химия,микробиология,тамақ,құрылыс материалдары,энергетика дамыған салалардың қатарында. Ірі кәсіпорындары жайлы тоқталғанда, “Степногорск подшипник зауыты” АҚ, үй-құрылыс комбинат, темір-бетон бұйымдар заводты, сүт-консерві, тамақ комбинаттары, “Биомедпрепарат” ғылыми-өндірістік комбинаты және кен-химия комбинаты,жөндеу-механика зауыттары ойға оралады.
4. Әлеуметтік-мәдени мекемелер. Қала тұрғындарына медициналық қызметті 7 аурухана мен 9 емхана жүзеге асырады. Мұнда жалпы білім беретін 13 мектеп, 2 кәсіптік-техникалық мектеп, оқу комбинаты,аймақтық колледж,жас техниктер станциялары,балалар мен жастардың шығармашылық үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар мәдениет және демалыс саябағы мен 2 кинотеатр, 2 спорт кешені, 4 шаңғы базасы,стадион халыққа қызмет көрсетеді.
5. Степногорск аумағындағы минералды-шикізат базасы.
Бұл өңір ірі алтын,қалайы,вольфрам мен уран кен орындарымен танымал. Сонымен бірге техникалық алмастар,ұсақ қабыршақты мусковит, вермикулит,апатит,каолин,фосфор-глауконит шикізаттары бар.
6. Тарихи-мәдени ескерткіштері. 10 тарихи-мәдени ескерткіш тіркелсе, олардың ішінде Ақсу өзенінің оң жағалауында орналасқан тас дәуірінің тұрағы, тас дәуірінің Курган тобы, қола дәуірінің обасы көпшілік келушілердің қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ , Ақсу және Бестөбе ҰОС жылдарында қайтыс болған жауынгерлер ескерткіші мен Нұрмағамбет Сағынаев кесенесі, №6 мектеп-гимназия алаңында Абай ескерткіші, ауған-жауынгерлеріне орнатылған монумент бар.
2017 жылы академик Қаныш Сәтбаевқа арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
7. Қаланың қазіргі тіршілік-тынысы. Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы қала экономикасына 21,4 млрд. теңге бөлінген. Жеке инвестициялардың үлесі 97,7 пайызға жеткен. Қала бойынша әр түрлі салаларда 3,5 мыңдай субъектілер тіркелген. Соңғы уақытта «Дәрігер плюс» медициналық кабинеті пайдалануға берілген, көп пункциональды «Гамма центр», балаларға арналған Food Time Kids» ойын кафесі, «Бағдаршам» төмен бағалар дүкені ашылған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде оқушыларды қажетті мамандыққа баулу үшін мектепаралық оқу-өндірістік комбинатында бизнес-инкубатор, жазғы демалыс аймағының базасында «Елім-ай» лагері жұмыс істейді.
Ашық көздердегі мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.