Бүгінгі «Жырақта жүргендер» айдарында диаспора мәселесі жөнінде тарих ғылымдарының кандидаты Дәурен Ескекбаевтың зерттеу мақаласын ұсынамыз.
«Диаспора» мәселесі қайтсе шешіледі?
Қазіргі уақытта қазақта өзекті әлеуметтік екі тақырып болса бірі әдетке айналған отбасылық ажырасу тақырыбы екіншісі, көші қон мәселесі. Бұл проблемалық тақырыптар қазіргі уақытта қалам ұстағандардың негізгі зерттеу объектісіне айналды. Жеке өзіме келер болсам диаспора мәселесімен отыз жылдан аса айналысып жүрмін десем артық болмас. Ең алғаш рет бұл тақырыппен танысуым 1984 жылы болатын. Ол кезде біз сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері едік. Группада жиырма бес студент, жетекшіміз доцент Әбдеш Төлеубаев (қазір тарих ғылымдарының докторы, профессор) болатын. Зерттеу объектіміз кеңес өкіметі жылдары Қазақстанның тұңғыш астанасы болған Орынбор қаласы мен облыстың қазақтар мол шоғырланған Домбар, Адамау және Ясный аудандары болды. Алдымен Орынбор қаласындағы облыстық мұрағат материалдарымен танысып, кейіннен ел арасынан этнографиялық деректер жинаумен айналыстық, әрине бұл біз үшін үлкен этнографиялық мектеп болды. Бізді әсіресе қазақ халқына байланысты мұрағаттық деректердің өте молдығы таңғалдырған еді. Бұл зерттеулеріміз келесі жылдары да жалғасып 1985 жылы біз осы құрамда Астрахан облысының Володар, Красный Яр, Харабайлы, Құмөзек, Алтынжар, Бәйбек сияқты қазақтар тығыз қоныстанған аудан, ауылдардан мол этнографиялық мәліметтер жинаған едік. Бұл өңір кешегі Жәнібек хан мен Бөкей сұлтан Ордасын тіккен, Асан қайғы жерұйығын іздеп Доспанбет пен Қазтуған жыраулар жыр төгіп, Құрманғазы күңіреңтіп күй шерткен киелі топырақ. Бұл экспедициялар менің этнограф мамандығын таңдауыма әсер етіп өміріме үлкен бұтбұрыс жасады. Нәтижесінде «Орынбор қазақтары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап (1995 ж.), кейіннен осы тақырыпта монографиялық зерттеу еңбегім де жарық көрді (Д.Ескекбаев. Орынбор қазақтары (тарихи- этнографиялық зерттеу) -Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2003 ж.-177 бет). Аспирант, кейіннен докторант кездерімде де Орынбор өлкесіне жиі жолым түсіп тұрды, сондықтан да болар одан арғы зерттеулерім «Ресей қазақтары» деген жалпы атпен докторлық диссертацияға ұласты. Айта кету керек ол кездері «диаспора» термині әлі де болса ғылыми айналымға кірмеген де болатын. Біз тек бауырластар, қандастар, отандастар деген ұғыммен жұмыс істедік.
1992 жылы зерттеулерімізді XIX ғасырларда Қазақстанның ірі әкімшілік орталығы болған Омбы облысында жалғастырып Шарбақкөл, Нововаршавск, Павлоград аудандарындығы қазақтардың материалдық мәдениеті мен этнографиялық ерекшеліктерін зерттеулер нәтижесінде «Ұмытпаңдар Сібірде қазақ барын» (тақырыбы сол жердің тумасы белгілі Қошке Кемеңгеровтың баласы Нарманбет Кемеңгеровтың осы аттас өлеңіне байланысты қойылған) деген тақырыппен сапарбаян ретінде баспасөз бетіне жарияладық (Лениншіл жас, 1990, 3 қараша, 4 бет).
Бұлардың бәрін тізбелеп отырған себебім өзімнің бұл тақырыпқа кездейсоқ кемегендігімді білдіру мақсатымен жазып отырмын. Және де қазіргі уақыттағы демографиялық факторлардың ушығып тұрған уақытында этникалық қазақтардың үштен бірінің сырт елдерде өмір сүруі мемлекеттік деңгейде қарастырылатын өзекті мәселеле екендігі сөзсіз. Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек өткен жылдың бірінші жартыжылдығында елге келгендер саны 15 100 адам болса, кеткендер саны 8 700 адам.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылдың 9 айында Қазақстаннан кеткендер саны - 28 150 адам, оның ішінде орыстар-20 464, немістер - 2331, украйндар -1839, қазақтар -1043, татарлар - 697 адам болған екен.
Көрші Ресейде қазақтар сан жағынан түрік этностары ішінде татар, башқұрт, чуваштардан кейін төртінші орында екен. Егер орналасқан территориялық аймағына қарай алып қарасақ қазақтар сан жағынан Орынбор өлкесінде орыс, татарлардан кейін үшінші орында (Орск, Адамау, Соль -Илецк, Домбар, Ақбұлақ, Новоорск, Первомайск, Белявск, Ясный, Новотроицк т.б.), Қорған облысы бойынша орыс, татар, башқұрлардан кейін төртінші орында, Омбы облысында (Шарбақкөл, Нововаршавск, Павлоград т.б.) орыстар мен алтайлықтардан кейін үшінші, Сарытауда (мұнда негізінен Бөкей Ордасы қазақтары мен Александров Гайск, Озинск, Новоузен, Дергачевск, Питерск, Краснокутск, Ершовск, т.б. жерлерде қазақтар тығыз орналасқан) екінші болса, Волгоград, Самара, Түмен облыстарында да қазақтар сан жағынан көрнекті орында. Бір ғана Астрахан облысында ғы қазақтар саны екі жүз мыңға жетіп жатса жалпы Ресейлік қазақтар түрік халықтары ішінде татарлардан (5,6 млн), башқұрлардан (1,7 млн), чуваштардан (1,6) кейінгі төртінші орында. Дегенмен де Ресейде қазақтар ресми түрде жеті жүз мың деп көрсетілсе де жергілікті қазақтардың айтуы бойынша олар миллионға жетіп қалған екен. Оның ішінде аралас некеден туып, орыс болып жазылып жүргендері қаншама.
Осы жерде ойымызды қорытындылай отырып кейбір ойларымызды ортаға салғымыз келеді. Сырттағы Отандастарымызды зерттейтін арнайы өкілетті (пәрменді) статусы бар диаспорология ғылыми зерттеу орталығы ашылса деген үміт бар, бұл орталық қауымдастық жанынан құрыла ма немесе Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бір бөліміне айнала ма мұны алдағы уақыт көрсетер. Айтпағымыз бұл идеяны өз тарапымыздан бұдан он жылдан аса бұрын да қозғаған едік (Алтын бесік, 2006 жыл, №3, 20-23 беттер).
Мәдени орталықтардың мүмкіншіліктерін пайдалана отырып олардың да «рухани жаңғыруын» қолға алсақ болар еді. Мәселен, «Алматы Менеджмент университетінің» (бұрынғы Халықаралық Бизнес Академиясы) осы «Ұлытау» жобасын ұйымдастыра бастағанына бес жылдан асты. Мақсаты басқа тілдік ортада жүрген өз ішіміздегі Отандастарымызды (бұған сырттағы қандастарымызды да қосуға болады) шұғыл түрде қысқа мерзімде жеделдетілген бағдарлама бойынша қазақ тілі мен салт дәстүрлерінің негізімен таныстыру, оқыту. Бұл бағдарламаның бірнеше артықшылық жақтары бар: біріншіден, ол қаладан шалғай жерлерде жаз айында Қазақстанның табиғаты әсем әр түрлі өңірлерінде жыл сайын (екі- үш апта бойы кезең - кезеңімен) өткізіліп тұрады. Мәселен, кейінгі оқулар әр жылдары Бурабайда, Баянауылда, Қарқаралыда, Алакөлде, Есік қаласы маңында («Алтын адам» табылған жерге таяу) ұйымдастырылып тыңдаушыларға өте зор әсер қалдырды. Жобаның «Ұлытау» атануы да, тарихи Ұлытау өңірінде тұңғыш рет өткізілуімен байланысты болған еді. Әдетте, дәріс түске дейін болып, тыңдаушылар түстен кейін сол жердің көркем табиғаты және тарихымен таныса отырып таза ауада еркін тыныстауға мүмкіндік алса, бір жағынан Отандық туризмді дамытудың бір жолы деп қарастыру керек. Екіншіден, қысқа уақыт аралығында бірнеше топтарға (тілді меңгеру деңгейіне қарай) бөлініп қазақ тілін игеруге қадам жасай алады, егер қызықты болса келесі жылы да келіп жалғастыруларына болады. Үшіншіден, бұл дәрістер арнайы жабдықталған киіз үйлерде (арасында үзілістерде арнайы ұйымдастырылған «қымыз брейктер» болып тұрады), түстен кейінгі практикалық сабақтар қазақтың дәстүрлі тұмысына байланысты жүргізіледі (бие байлаудан бастап бие сауу, қымыз дайындау; бауырсақ, ет пісіру т.б. ұлттық тағамдар мәзірі; баланы бесікке салу, тұсау кесу, бата беру, бас тарту т.т. ұлттық дәстүрлер). Біз Ресей қазақтарын осы жобамен таныстырып, арнайы құралдар арқылы видеороликтер көрсетіп, оқу - әдістемелік құралдарымызды таратып қанша әлек болсақ та қандастарымызды иландыра алмадық-ау деген ой-сезімде қалдық, олардың да осының бәрі тегін болса ғой деген ойлары да қылаң беріп қалғандай болды. Әрине, бұл бір ғана оқу орнының көтеретін жүгі емес. Бұл жобаны сол қандастарымыз шоғырланған аймақтарға апарып ұйымдастырса да болар еді, бірақ оған тек бір ғана ұлтжанды жанкештілік аздық етеді, мемлекеттік қолдау керек.
Бір ғана Қазақстан халықтары ассемблеясынан тоғыз бірдей депутатымыз бар. Ал сырттағы қазақ қандастарымыздың саны Қазақстандағы қазақтан басқа барлық этностардың санын қоссақ та көп. Ал ширек ғасыр ішінде елге келген бір миллион қазақтан бір депутат шықпауы қалай?
Сөз соңында айтарымыз елге бет түзеген отандастарымызды тобынан бөлмей, бытыратпай бір аймаққа бірыңғай орналастыру да көп жемісін берер еді. Кезінде ұйғырлар мен дұңғандарды, түріктер мен кәрістерді де тобын бұзбай біртұтас қалпында іргесін бөлмей орналастырған жоқ па едік. Бір сөзбен айтқанда көштің көлікті болуы өз қолымызда, тек дұрыс бағдар керек.
Дәурен Ескекбаев
ҚР ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері.
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты.