Жексенбі күні «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы ұйымдастырған «Zerdeli Meetup», яғни 11 сынып оқушыларына арналған «Арманыңдағы мамандық» іс-шарасына қатысудың сәті түсті. Бұған дейін елордалық оқушылардың түрлі пәндік олимпиадаларда жеңіске жетуіне және ҰБТ-ге дайындық, Назарбаев зияткерлік мектебі мен білім-инновациялық лицейлеріне түсуге септігін тигізіп отырған орталық жайлы жиі еститін едім. Сонымен «сабақты ине сәтімен», демекші орталықтың оқушыларымен жүздесіп, әрі олармен кездесуге келген түрлі салада табысқа жеткен жастардың ойын тыңдауға да мүмкіндік болды.
Іс-шараның басталуында мектеп бітіргелі отырған түлектерге болашақ таңдайтын мамандықтарына қатысты бүгінгі таңда сол мамандықтарға түсу үшін қанша грант бөлінетіндігі туралы пайдалы ақпарат берілді. Мысалға айтатын болсақ,егер келешекте кеден ісі мамандығын таңдай қалсаңыз бір орынға 135 талапкер бақ сынайтын болса, денсаулық саласында бір орынға 5 адамнан келеді екен,сол медицина саласының тіс дәрігері мамандығына түсу үшін 24 адамның бірі болып білім бәсекесіне түседі екенсіз. Одан әрі жас та болса,өз салалары бойынша табысқа жеткен спикерлердің ізденісі мен өсу жолдарын баяндаған таныстырылымдары орталық оқушыларына ерекше ой салғандай...
Назарбаев университетін бітірген,24 жастағы Аян Бірімжанның алғаш өмір жолында кездескен қиындықтардан сабақ алып,жетістікке жету жолдары .Одан соң 100 есімнің жеңімпазы кинорежиссер Айдие Айдарбековтың алғаш таңдаған мамандығы IT саласындағы ізденістері мен кейін білімін Лос-Анджелесте жетілдіріп, режиссураға қалай ауысқаны туралы. Еріктілердің табандылығы мен қоғамдағы орны жайлы Никита Шабаевтың әсерлі әңгімесі. Өз мамандығының құпиясымен бөліскен Ердәулет Әбсаттардың айтқандары. Тізе берсең,ең алдымен, арманыңдағы мамандыққа қол жеткізудің басты шарты өзіңе деген сеніміңді қалыптастыру қажет екенін ұқтырғандай. Әдеттегідей ұялы телефондарын шұқылап немесе қалғып-мүлгіп отырғандардың мүлдем болмауы, спикерлердің айтқандары жастар үшін қызықты, әрі олардың көкейіндегі мазалаған сауалдарға жауап берілгендігінен шығар деп ойладым.
Іс-шараның ортасы ауа сәл үзілісті пайдаланып, оны ұйымдастырушылардың бірі, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы директорының орынбасары, Назарбаев университетінің оқытушысы Өжет Мәуіттен орталық жұмысы жайлы айтып беруін өтіндім.
Өжет Мәуіт: «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы 2013 жылы ашылған. Математик жігіттердің басын қосып , алғашында бір ғана орталық ашуды жоспарлағанбыз. Қазір Астана қаласында төрт жерде орталығымыз бар,100- ден аса мұғалім жұмыс істейді. Әр бағытта математика,ағылшын,химия,биология бойынша бүгінде 2000 –дай оқушы оқиды. Елордада төрт орталық бар. Бізге оқушылар өздері келеді, Назарбаев зияткерлік мектебіне түскісі келеді,білім инновациялық лицейлеріне,Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне барғысы келетіндер соған дайындалуға келсе,кейбіреулері деңгейін көтеруге келеді.
Басында біз мұндай үлкен орталық боламыз деп ойлаған жоқпыз,алғашында құр идея бойынша мықты мұғалімдерді жинап,команда болып жұмыс істейміз дегенбіз. Өзіміз сол салада жүргендіктен біз білеміз,кім мықты екендігін.Мен өзім ағылшын тілінен шет елде оқығандықтан бәрін білемін,методикасын.Физикпін ол жағынан хабарым бар,директорымыз Ырысбек Мәуіт математик сол жағын талдайды,командадағы жігіттердің барлығы солай өз салалары бойынша таңдаулы жандар.Астана бойынша мектептерден,Назарбаев университетінен және «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келгендер.
Идея бірінші болу керек,сіз оған жүгіріп талпынсаңыз ол іске асады деп ойлаймын.Ырысбек аға 2008 жылы атажұртқа оралған,мен университетті ҚазМҰУ –де оқып бітірдім.ҚХР-да, Алтайда туғанбыз сол жерден 2006 жылы келдім.Біз ағайындымыз. Алматыда университет бітірдім, Ирландияда оқып,Еуропада тұрдым.Астанаға келгеніме 2 жылдан асты. Орталықтың атауын «Зерделі ұрпақ» тәрбиелесек деген мақсатпен қойғанбыз .
Qazir: Сіздің ойыңызша, болашақта бәсекеге қабілетті мамандықтарды қалай таңдауға болады?
Өжет Мәуіт: Қазіргі заман тұрғысында жаңадан шығып жатқан мамандықтар маркетолог, пиар менеджер,нанотехнология болсын,бұлар жаңадан шығып жатқан мамандықтар.Көне мамандықтар мыналар жойылады,мынау қалады деп айта алмаймын.Бірақ көбірек үміт күтетін бұл IT саласы.Қазір барлығы Үкіметте көбірек осы салаға көңіл бөледі. «Сергек» камерасының өзін біздің IT мамандары құрған,сондықтан жұмысты азайту үшін бір ұйым немесе жеке адам болсын осы сала мамандарына жиі жүгінеді.
Ғылым саласына жастардың құлшынысы жақсы. Біздің халық көшпенді болғандықтан математикаға жақындық қанымыздан бар. Біздің құрған киіз үйлеріміздің өзі математика,ата- бабаларымыз бір жерден келесі жерге атпен қанша уақытта барады,оның бәрінің де есебі болған.Математика барлығына керек,сіздің логикаңыз болмаса бизнес ашуыңыз да қиын,IT саласына да математика керек.Cондықтан бәрінде сөзсіз математика тексеріледі,Назарбаев мектептеріне түсу үшін де математикадан 400 балл сұрақ беріледі, Назарбаев университетіне, медицина саласына түссеңіз де математикадан тапсырасыз.Математика бір сөзбен айтқанда,бәрінде де маңызды.
«Зерделіге» ең көп дегенде 2000 бала қабылдаймыз.Бізде қабылдау тесті болады,баланың деңгейін білу үшін соған байланысты топтарға бөлеміз. Біреуі төмендеу деңгейін көтеру үшін келеді,ал енді бірі алдында айтқан мектептерге дайындалу мақсатында.Біз тек таланттыларды ғана емес,ынталанып оқимыз деп келгендердің барлығын қабылдаймыз,мектепте потенциалы ашылмағандары бар, баланың құлшынысын арттыру үшін жұмыс істейміз. Соңында келгеннен -кеткенге дейінгі нәтижелерін салыстырамыз.Елге оралған қандастарымызды да оқытамыз,бізге Америкадан,Ираннан, Жапониядан келгендер де бар,қазақшасы жоқ,ағылшынша сөйлейтін, біз қазақша үйретеміз. Математика ғана орысша,қалғандары қазақ және ағылшын тілдерінде.Бір ғана орыс тобымыз бар. Кітаптар жеткілікті,өзіміз де жаза бастадық.
Арманыңдағы мамандық қандай деген сауалды іс-шараға жиналған болашақ түлектерге қойдым:
- Мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының оқушысымын. Жұмабек Нұрахмет. 10-сыныптамын,болашақтағы алға қойған мақсаттарыма жету үшін осында келдім.Өзімнің әлсіз сабақтар деңгейін көтерейін деп келдім.Көп пайдасы бар. №73 физика-математика лицейінде оқимын.Үш ай болды орталыққа келіп, оқып жүргеніме.Ең бастысы-қойған мақсатыңа жету керек,сол жолдан таймау керек. Болашақ осы физика-математика саласында деп ойлаймын.
№74 мектептен келдік.11 сыныпта оқимыз ҰБТ- ға дайындық бөлімі. Мәуленова Ұлбибі және Алтынхан Жеңіс. Ұлбибінің айтуынша ,ол болашақта аудит саласында бухгалтер болғысы келеді.
Ал Жеңіс тіс дәрігері мамандығын қалайды екен. «Өзіме ұнайды. Отбасымда дәрігер жоқ.Бір орынға 24 адам грантқа ілігу үшін деді ғой,бірақ мені ол мәселе алған бетімнен қайтара алмайды». Жеңістің атына сай қиындықтардан қашпайтындығы сөзінен білініп тұр.
«Жаз айында мектебімізге арнайы «Зерделіден» мұғалімдер келіп тест алды,сол кезде 50 пайыздық жеңілдікке іліндім,содан бері келіп жүрмін», дейді Ұлбибі.
-Мұғалімдер мұнда өте керемет.Сен оқи алмайсың,есеп шығара алмайсың деп айтқан емес.Керісінше,алға жетелеп,талабыңды шыңдайды.Болашақта сендер бізден де озасыңдар деп қанаттандырады.Бүгінгі іс-шара біздің көңілімізді ҰБТ-ден сәл де болса бөліп, өте жақсы болды.
Мұнда көп достар таптық,пікірімізді еркін айтуға үйрендік. Мұғалімдерге ризамыз. Қилыбек ағайдың сабағын,дәріс беру әдісін қатты бағалаймын.Дәл қазіргі спикерлерден Никита Шабаевтың айтқандары көңілімен шықты. Аян Бірімжанның қарапайымдылығы ұнады.
Осы сәтте оқушылардың ортасында тұрған жігітті де сөзге тартқанмын:
- Аян Бірімжан. Алматыда туғанмын. Назарбаев университетін бітіріп өз бизнесімді аштым.Бірнеше тағамдар желісі бойынша асханаларымыз мен кафеміз бар. Менің ойымша,жастардың қызығушылығы зор. Мен қазір сәттілік серік болған,біршама жетістіктерге қол жеткізгендіктен,жастарға да оны бөлісіп,табыс сырын айтқаным дұрыс деп ойлаймын.Кітапты да оқу керек,ақпараттарды да іздеу керек,қазір қол қусырып отыруға болмайды.Осыдан 20 жыл бұрын дәл қазір сұранысқа ие мамандықтар мүлде болмаған.
IT дегенмен ешкім айналысқан жоқ, мобильді қосымша,айфон,смартфондарды ешкім ұстаған жоқ қой.Тағы 20 жыл өткенде қазіргі мамандықтардың өзіне де ондай сұраныс болмауы мүмкін.Олардың орнын басқа мамандықтар басады. Соған бейімделеміз. Жастар белгілі арманға талпыну керек. Әрбір жастың ең алдымен өзіне сенімі болу керек,немен айналысатынын білуі керек.Алға талпындыратын бағыт-бағдарың болмаса ештеңеге қол жеткізе алмайсың.
Сөз соңын Өжет Мәуіттің өткізілген іс-шара жайлы ойымен түйіндесек:
- Біздің бүгінгі өткізіп отырған шарамыз 11 сыныптарға арналған.Олар Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу үшін осында бізге келіп дайындалады.Біз бүгінгі « Zerdeli Meetup»яғни 11 сынып оқушыларына арналған «Арманыңдағы мамандық» дегенді бірінші рет өткізіп отырмыз. Ондағы ойымыз- спикерлерді арнайы шақырып 11 сынып оқушыларына мамандық таңдау жайлы көмектесу.Мұндағы мақсат-өздері сияқты жастардың аузынан қалай табысқа жеткендігін айтқыза отырып,мотивация беру. Заманауи жастар өздері бірін-бірі түсінеді,жігерлі жастардың айтқандарынан мектеп бітіргелі отырған оқушылар шабыт алады.
Qazir үшін іс-шарадан материалды әзірлеген: Бибінұр Жансейіт.