Талдықорғандық Даирова Дина мен Нұреке Ұлжан Алматы облысында өткен кёкушинкай каратэден қыздар арасындағы ел чемпионы атанды, деп хабарлайды Qazir.kz «Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ Алматы облыстық филиалына сілтеме жаасап.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған Кёкушинкай каратэден қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының ХІІ Ашық Чемпионатында Дайырова Дина 10-11 жас аралығындағы 30 килограмға дейінгі салмақта еліміздің екі дүркін чемпионы болса, Нұреке Ұлжан 35 килограмға дейінгі 12-13 жастағы қыздар арасында еліміздегі ең үздік екенін татамиде үшінші мәрте дәлелдеп, үш дүркін ел чемпионы атанды.
Сонымен қатар, Алматы облысының намысын қорғаған Мэлс Сабина (12-13 жас) мен Нұрасылова Мария (16-17 жас) чемпионаттың күміс медалін иеленсе, Нұрғали Дана (10-11 жас), Шүкірова Гүлназ (12-13 жас) және Құсаинова Аида өз салмақтарындағы үздік үштікті түйіндеді.
Талдықорған қаласында қыздар мен әйелдер арасында Кекушинкай каратэден өткен еліміздің ашық чемпионатына барлық өңірден 15 команда қатысып, 300 астам спортшы татамиде шығыс жекпе-жегінен кімнің үздік екенін анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қарағанды командасы үздік деп танылса, Астана қаласынан келген спортшылар екінші орыннан көрінді. Жарыс иелері – Сэнсэй Сания Қасабаева жетекшілік ететін Алматы облысының командасы 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға қол жеткізіп, үшінші орынды қанағат тұтты.
Бұған дейін 16 желтоқсан күні Талдықорған қаласының «Өркен» спорт кешенінде қыздар мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының ХІІ Ашық Чемпионаты мен Ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының ХV Кубогы өтетіні туралы хабарлаған болатынбыз.
«Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» РҚБ жиырма жылдан астам уақыт ішінде еліміздің барлық өңірінде каратэнің осы бағыты бойынша 27 мыңнан астам спортшыға шығыс жекпе-жегін меңгеруге мүмкіндік жасап отырған ірі спорт ұйымдарының бірі.