«Шаһарларға саяхат» айдарында еліміз бойынша республикалық маңызы бар үшінші қала болып саналатын, халық саны миллионнан асқан шырайлы Шымкент қаласы жайлы сыр шертеміз.
1.Шымкент еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қала атанды
Биылғы жылы шымкенттіктер үшін ерекше маңызды жаңалық, бұған дейін облыс орталығы саналған Шымкент қаласы халқы саны жағынан милллионнан асқан үшінші мегаполис ретінде республикалық маңызы бар қалалар қатарына енді. Бәрімізге белгілі Шымкент демографиясы дамыған,ұлтымыздың ұйытқысы деп атауға тұрарлық шаһар. Деректерге сүйенсек,еліміздегі әрбір төртінші сәби Шымкентте дүниеге келеді.Бүгінде қалада миллионнан аса адам тұрады. Маусымның он тоғызында Елбасы Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды және Шымкентке республикалық мәртебе беру туралы шешім қабылдады.
2.Шырайлы қала жайлы тарихи шындық
2014 жылы өткен археологтардыың халықаралық ғылыми конференциясында Шымкент қаласының көне қалалар қатарына жататындығы дәлелденіп, оның 2200 жылдық тарихы бар қала деп бірнеше мемлекеттерден келген ғалымдар растады.
Бұған дейін қала жайлы оның аумағындағы мекендер 11-12 ғасырларда пайда болған деген болжам айтылып келген еді. Конференцияға арнайы Франциядан келіп қатысқан тарих ғылымдарының докторы Лионетт Бертийдің айтуынша, қала жасын табылған керамикаға қарап анықтауға болады.
- Әр кезеңнің өзіне тән керамика әзірлеу техникасы бар,осыны дәйектей келе,бұл шаһарға шамамен 2200 жыл,- деді ғалым.
3. Шымкентте Орта Азия бойынша алғашқы фармацевтикалық мекеме бар.
Демек,дәрі-дәрмекті сырттан тасымай,өз елімізде дәрмене дәрісін дайындайтын зауыт Шымқалада екенін білгеніміз жөн.Тағы бір айта кетерлігі-қаланың қақ ортасын кесіп өтетін Қошқарата өзені суының да өзіндік қасиеті бар екенін мамандар жиі айтып жүр.
4.Шымкент- қаһарман батырлар қаласы
Олай деуге себеп 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде Шымкент қорғасын зауыты Одақ көлеміндегі даайындалған оқ-дәрілердің 70 пайызын дайындап шығарса,Шымкенттік 7 бірдей сарбаз Кеңес одағының батыры атағын алғанын жас буын үлгі етеді.Әрі мұнда ел аумағындағы ең үлкен ескерткіш- Бәйдібек би бабамызға орнатылған.Оның ұзындығы-10 метр,тұғырымен қоса 23 метрге жетеді.
5. Биыл Шымкент 17 аймақ аталды.
Халық саны көбейген сайын қала да жандана түскен.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қала аумағы 13 мың гектар болса,қазір ол 117 мың гектарға жеткен.
Қаланың көнеден келе жатқан мәдени ғимараттарының бірі – Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония 1956 жылдан бері жергілікті өнерсүйер қауымның жиі бас сұғатын мәдени орталығы. 2011 жылы Халықаралық Ассамблея ұйымы ел астаналары мен ірі қалалардың арасынан Шымкентті үздік қала ретінде таныды. Бұрын облыс орталығы болған қала 13 нөмір арқылы танылса,қазір Шымкент 17 аймақ болып аталады.
6.Шымкент келешекте туризм орталығына айналмақ
Осы мақсатта жаңа орталықтың қасынан 70 гектар жер бөлініп, тарихи-мәдени аймақ салынды. Мұнда «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығы, көл аумағындағы демалыс орындары пайдалануға берілді. Одан бөлек, қалаға келетін меймандар үшін заманауи қонақүй ашылды.
Иә, қалада жаңа пайдалануға берілген 5 жұлдызды санаттағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінің жалпы ауданы 34 мың шаршы метрді құрайды. 12 қабатты қонақүйде 176 жайлы нөмірлер, соның ішінде көлемі 450 шаршы метрлік Қазақстандағы ең үлкен президенттік нөмір бар.
7.Мегаполис атанған қаланың бүгінгі тынысы
Қала аумағында халықаралық аэропорт, теміржол вокзалы және бірнеше автовокзал тұрғындарға жоғары сапада қызмет көрсетіп келеді. Шымкенттің автомобиль жолдары ел аумағында ұзақтығымен ерекшеленеді. Яғни, қаланың ішкі жолдарының жалпы ұзындығы 2135 шақырым.Тарихы жағынан көне қала,сәулеті көз тартып, батыс пен шығыстың озық мәдениетін үйлестірген, халқы қонақжай, ел демографиясындағы өзіндік орны бар шырайлы Шымкент жайлы деректер осылай сыр шертеді.
Шымкент жайлы материалдарды ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырза.