Тура осындай табиғи зона Солтүстік Америка жерінде ғана бар екен. Алматыға келген туристерді де осы бір ғажайып табиғат сыйы аз қызықтырмаса керек. Астананың 20 жылдығына Алматы облысы сыйға тартқан –Жетісу саябағында да Шарын шатқалы бейнеленген әдемі орын бар. Біздің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамыздың мақсаты- жалпыұлттық 100 қасиетті нысандар тізіміне енген киелі орындарды оқырманға таныстыру.
Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым, Талғар ауданынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Шатқалды бойлай ағып жатқан Шарын өзені ең үлкен өзен аңғары болып есептеледі. Табиғаттың мұндай көркі сонау 30 млн жыл бұрын пайда болған. Биіктігі 150-300 мм құрайды. Туристердің қызығушылығын оятқан «Долина замков», ұзындығы – 2 км, ені – 20-80 м. Шарын шатқалын Америкадағы үлкен шатқалдың інісі деп салыстырып жатады. Жергілікті халық шатқалды «қорғанды қамалдар аңғары» деп атайды. Шатқалдан ежелгі суретшілердің төл туындыларын көруге болады. Жабайы аңдардың бейнесі арқылы бұл аймақта палеолит дәуiрiндегі құс-жануарлардың мекендегенін аңғаруға болады.
Шарын – қазақ елінің туристерін құшақ жая қарсы алатын қонақжай мекендерінің бірі. Төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіреді. Оның пішіндері қолдан салынған ғимарат, мұнараларға қатты ұқсайды. Егер алып тастардың қасынан ілгері өтіп, жолмен тіке қарай алға беттей берсе, Жер Ананың шеткі нүктесіне аялдап қалған секілді күй кешуге болады. Шарын шатқалының «Австралия Ұлттық саябағы» мен «Аризон толқынына» ұқсайтын белгілері бар.
Шарын шатқалының төменгі аралығында үнділік бөріқарақат (барбарис) тораңғы терегі жайлап өскен. Күз айларында бұл аңғар қып-қызыл жидектерге толады. Шарын өзенінің сағасында шағын орманы тамырын тереңге жайған. Осы тектес табиғи зона тек Солтүстік Америка жерінде ғана бар. Бұл орман бұрын Жетісу жағалауында жойылып кеткен хайуандар кезінен бері өмір сүріп келеді. Осы аймақта 1500-ге жуық өсімдік түрі өседі. 2005 жылы каньон аумағы мен шаған орманына қорық жасалып, қазіргі таңда «Қызыл кітапқа» енгізілген. Шарын ұлттық табиғи саябағы аумағынан геологиялық замандарда кеңінен таралған, кейіннен жойылып кеткен өсімдіктер мен жануарлардың (піл, мастодонт, мүйізтұмсық, стенон жылқысы, т.б.) қазба қалдықтарының танымдық маңызы зор. Шарын ұлттық табиғи саябағының экологиялық туризмді дамытуға, экологиялық білім мен тәрбие беруге қосар үлесі зор. Шарын – табиғаттың адамзатқа берген ғажап сыйы.
ЖАМАНШЫҢ КРАТЕРІ
Жаманшың кратері Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, аудан орталығынан 40 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Зерттеушілер Жаманшың осыдан 1,1 млн жылдар бұрын оңтүстік шығыстан – солтүстік батысқа қарап ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) құлау салдарынан пайда болғандығын анықтады. Жаманшыңды алғашқылар болып зерттеген 1937-1939 жылдар аралығында ғалым А.Л.Яншин мен В.А.Вахрамеев болып табылады. Геологтар Жаманшыңда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады. Жаманшыңның құпияларын табу зерттеуші ғалымдарға оңайға түскен жоқ. Сондықтан да бұл жердегі геологиялық жұмыстар 1946, 1957, 1961 және 1963 жылдары одан әрі жалғасын тапты. Зерттеу жұмыстары кезінде ол жерден қара түсті шлактар, әйнектің ерекше түрлері көптеп кездеседі. Табылған кен үлгілері Мәскеудегі білікті ғалым Петр Флоренскийге жіберіледі. П.Флоренский 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде негіздеп дәлелдеді. Осыдан табылған ерекше тастарға жаманшит, иргизит деген атаулар берілді. Осыдан кейін барып, яғни 1977 жылдың жаз айында метеориттер жөніндегі комитеттің экспедициясы жұмыс істей бастайды. 1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.
Жаманшың атауы туралы аңыз көп. Ол жерге өсімдік те шықпай, жәндіктер де жолай алмағандықтан, жұрт Жаманшың деп атап кеткен. Жаугершілік жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар осында келіп паналаған, құрсанып келген қуғыншылар таба алмаған. 1960 жылдары осы Жаманшыңда құпия әскери бөлімше тұрған. Алып машиналар, қару-жарақтар, оқ-дәрілер, тіпті әскери ұшақтар қонатын болған. Жаманшың аумағынан табылған тектиттер ТМД елдері территориясында бірінші рет Ақтөбе облысынан ғана табылып отыр. Бұрынғы замандарда адамдардың бұл заттан түрлі бұйымдар жасағаны да зерттеушілерге мәлім.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.