Бүгінгі «Шаһарларға саяхат» айдарында Ақтөбе облысына қарасты Шалқар қаласы жайлы мәліметтерді оқырман назарына ұсынамыз.
1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Шаһар облыс орталығы саналатын Ақтөбенің оңтүстік-шығысына қарай 363 км өзі аттас көлдің жағасында орналасқан. Деректер бойынша,қаланың іргесі 1870 жылы қаланып,1922 жылы уезд,1924 жылы аудан орталығы,1932 жылдан бері Шалқар ауданының орталығы болып саналады.
2. Шаһардың тарихынан бір үзік сыр. Тарихқа жүгінсек, сонау 1870 жылы Ұлықұмның оңтүстік-батыс беткейіне, Шалқар көлінің жағасына қазақ шаруалары келіп қоныс тебеді. Олар бұл өңірде мал шаруашылығымен айналысып, алғаш жеркепе үйлер салған. 1901-1903 жылдары осы өлкеде Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысы басталып, алғашқы өнеркәсіп орны — Шалқар паровоз депосының іргетасы қаланды. 1925 жылы алтыншы наурызда Шалқарға қала мәртебесі беріледі.
3. Қала кәсіпорындары.Қаланың өнеркәсіп саласында “Көктас-Ақтөбе”, “Жаңа дәуір”, “Алай” минералды су құю цехтары, “Ақтөбе-Жаңатас” қиыршықтас зауыты, “Локомотив депосы” шеберханасы, электр, жылу қуатын, су өндіретін кәсіпорындар бар.
4. Шалқардағы әлеуметтік-мәдени нысандар.Әлеуметтік-мәдени және денсаулық сақтау салалары бойынша Шалқарда жалпы білім беретін 9 мектеп, музыка, спорт мектептері, кәсіптік-техникалық мектеп, мешіт, тарихи-өлкетану музейі, кітапхана, мәдениет үйі, ауданы аурухана мен емхана, 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория, дәріхана, “Ақниет” ЖШС-і, “Ақбөбек” сауықтыру орталығы тағы басқа мекемелер халыққа қызмет көрсетеді.
5. Қаланың өзге өңірлермен көлік қатынасы.Еуропа мен Азияны жалғас-тырып жатқан теміржол торабы бойындағы Шалқар станциясынан 24 жолаушылар пойызы өтеді. Шалқар – Бейнеу темір жолы салынып,пайдалануға берілгеннен кейін,бұрын осы екі ортаға қатынау үшін 16 сағат жүретін болса, қазір 8-9 сағат кетеді.
6. Қала маңындағы тарихи орындар. Шалқар ауданы аумағында тарихи-археологиялық және мәдени ескерткіштер, қорғандар мен обалар сақталған. Олар: Есет-Дәрібай мазары, Тұяқбай тамы, Тоқпан күмбезі, Балғазын күмбезі.
7. Қаланың қазіргі тынысы. Шалқар қаласы 3 елді мекеннен тұрады.Халық саны 27 мың 827. Соңғы деректерде көрсетілгендей, қала аумағы 61490 га,оның ішінде ауыл шаруашылық жерлері 53405 га.Қалада 62 ЖШС-і және 63 шаруа қожалығы тіркелген.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ашық ақпарат көзінен.