Биыл жастар жылы болып жарияланды. Біз жас буынның өздеріне сенімділік қалыптастырып, жаңашыл идеяларына жол ашылатын, әлеуметтік мәселелеріне назар аударылатын мүмкіндік берілгендігін ескере отырып, өзіндік айтар ойы бар жастар өкілдерімен бірнеше сұхбаттар жарияладық. Бүгін жастардың тәрбиесі мен қоғамдағы орны жайлы ҚР еңбегі сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен ашық әңгімемізді ұсынамыз.
- Жастар қоғамның қозғаушы күші дейміз, сіз бірнеше қоғамдық қозғалыстар мен бірлестіктерді құрып, басқарып келесіз. Шындығында жас буын тәрбиесінде ең алдымен нені ескеруіміз керек деп ойлайсыз?
- Әрине мемлекет тарапынан жастарға арналған бағдарламалар аз емес. Оның орындалу барысына жауапты адамдар бар. Ал, біздің «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы дайындаған «25» деген бағдарлама бар. Оның солай аталуы мен мәнін түсіндіре кетейін. Бір ғасырдың өзі төрт ширек ғасырдан құралады, әр ширек ғасырда 25 жыл бар. Біздің мақсатымыз - балаларды тек отбасы ғана емес, бүкіл қоғам болып тәрбиелеу. Сонда ғана «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұрпақ тәрбиесінде белгілі нәтижеге қол жеткізуге болады. 25 жаста қазақтың ұлы ер жетіп міндетті түрде үйлену керек,ал қазақтың қызы болса, бой жетіп, осы жасқа келгенде тұрмысқа шығуға тиіс. Бұл жерде тағы баса айтарым, қазақтың қызы тек қана өз ұлтына, яғни қазақ жігітіне күйеуге шығуы қажет. Сонда ғана жауапкершілік артады,ажырасу болмайды. Қазіргідей демография мәселесі деп жалтақтамаймыз. Мені көп жағдайлар қынжылтады. Әсіресе,ар мәселесі. Қазір ата-бабаларымыз айтқан : «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөзді ескіліктің қалдығына балайтындар, өздерін өзгелерге қарап тең дәрежедеміз деп санайтындардың қарасы басым. Мұндай түсініктің соңы қаракөз қыздарымыз бен қазақ әйелдерін ар-ұятты аяққа таптап,ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізге мұрын шүйіре қарап,менталитетімізге жат тұрпайы арсыз істерге апаруда. Мұны ұлт үшін үлкен трагедия деп санаймын.
Оның себебін неден іздеуіміз керек, бұл жаһанданудың бір үлгісі ме, жоқ әлде ұлттық тәрбиенің әлсіреуінің көрінісі ме?
- Оның екеуі де бар. Кейінгі жылдарда адамның жанын түршіктіретін,қанын қайнататын сорақылықтар мен азғындықтар белең алып барады. Күні кеше қазақ айтқан: «Жарлы болсаң да,арлы бол; ар жазасы бар жазадан ауыр » деп тәрбиелеген ұлттың ұрпағы осындай опық жегізер оспадар әдеттер мен намысыңды келтірер абыройсыздыққа барар деп кім ойлаған?! Бұған жол беріп отырған өзгелер емес,өзіміз. Кінәліні алыстан іздемей-ақ қояйық.
Тәуелсіздік алғанымызға 28 жылға аяқ басты. Алғашқы кездері елімізде тұралаған экономиканы аяқтан тұрғызып алайық деген саясат болды. Бірақ оның қос қанатындай саналатын ұлттық идеология жайлы сөз қозғалғанмен, іс жүзінде жастарымызға алдағы күндеріне адастырмайтын темірқазықтай ұлттық құндылықтарды ұлықтау кемшін түсіп жатты.Тіпті болмады демеймін,әрине.
Бұған дейін де біздің талай қиындықты басынан өткерген халқымыз тәуелсіздік алғаннан кейін де дәл қазіргідей бай мен кедейге жіктеліп, байы аспанмен таласқан зәулім сарайларда, кедейі біреудің жалдамалы лашық сияқты үйлерінде тұрамын деп ойлаған да жоқ. Оған дәлел, тілсіз жау өрттің кесірінен елордамызда ажал құшқан бес періштеміз жайын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Керісінше, бізде барлық қалаларымызда түнгі клубтар мен «сауна 24» деп маңдайшасына бақырайтып жазып қойған азғындықтың ордалары көп. Сіз ойлаңызшы, «дәріхана 24» , «дүкен 24» десек әрине, адамның қажеті үшін олардың тәулік бойы жұмыс істегендері дұрыс. Ал,ондағы арсыздықтардан кейін тәніңді тәулік емес, жылдап жусаң да кетіре алмайтын жын ойнақ орындардың көбеюіне кім мүдделі? Тапқаны жалдамалы пәтері мен ішер асы,киер киімінен артылмайтын жандардың ондай орындарға баруға ақшасы жетеді ме, мұндай орындар еліміздің алға дамуына, өзгелерге танылуына керемет үлес қосып жатыр ма?
Жаңалықты естісең атыс-шабыс та, ішіп алып көшеде кетіп бара жатқан жазықсыз адамды көлігімен жайпап кетіп жатқандар да сол түнгі клубтардың «қонақтары». Осы азғындықты тоқтатпасақ, күлкімізді тия алмай қаламыз. Болашақ ұрпақтарымыздың, немере, шөберелеріміздің жағдайын ойласақ осындай намысқа кір келтіретін, ұлттың арына дақ түсіретін сорақылықтарды болдырмайық, күресейік дер едім. Тағы бір мәселеге ерекше көңіл аудартқым келеді.Бұл менің қазақтың бір намысты азаматы ретіндегі жанайқайым. Бұны бірінші рет айтып отырған жоқпын. Бірнеше сұхбат берген кездерде дабыл қақтым. Біз Қазақстанды туризм еліне айналдырамыз деп әкім, министрлер болып алашапқын болып жүрміз ғой. Ол қандай туризм? Біздің ата-баба салтымызды құрметтейтін, ұрпақ тәрбиесіне зиян тигізбейтін болса әңгіме басқаша.Қасиетті жерімізге, елімізге азғындық лас дүниелерді әкелетін болса оған біз төзбеуіміз керек, алдын-ала тосқауыл қоюымыз керек. Жақында әлеуметтік желіде бір лауазымды шенеуніктің «Қазақстан аруы» байқауын өткізсек,оның шығынын шетелден келетін туристердің өзі жабайын деп отыр деп айды аспанға шығарғанын оқып,қаншама жандар қарсы пікірлерін айтып,айыптап жатты. Сонда біздің елімізді әлемге таныту мен халықты асыраудың тиімді жолы- аруларымызды жартылай жалаңаштап өзгелердің алдына алып шығу болып қалғаны ма? Мұны қандай алға даму, көрегендік деп айтуға болады?
Бұрындары : «Қарындастан айырылған қиын екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді» деп елім-айлаған жұртымыз, енді сол қаракөз қарындасын жат жұрттықтың алдына өзі алып шығады деп ойлаудың өзі қандай қорқынышты еді!Тізе берсек ұлтымыздың ұлылығына, халқымыздың тазалығына кір келтіретін, абыройын төгетін, намысын таптайтын зұлым әрекеттер барған сайын көбейіп барады.
- «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деп ұлттық тәрбиеміздің ақсаған тұстары мен қоғамдағы келеңсіз жайларды біраз тізбектедік-ау деймін. Жастар бойында өз елін, жерін сүюге, өткенімен мақтануына, келешегіне бағыт алуына жол сілтейтін дүниелер де баршылық қой...
- Мені адам ретінде де, өз елін сүйетін азамат ретінде де,жылдар бойы айтып жүрген,қолға алған істерімнің болашақта кең қолдауға ие боларына сендірткен де ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы.
Бұл мақаланы оқыған кезде рухтандым. Бұған дейін білесіздер, біз Ұлттық ат спорты қауымдастығын құрдық, оның құрамында облыстық,аудандық филиалдарымыз жұмыс істеп жатыр. Ұлы Даланы Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейін ұшы қиырсыз созылып жатқан кеңістіктікті ата –бабаларымыз сансыз жорықтарға жандарына серік болған жауынгер қазанаттардың үстінде жүріп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерін бермей қорғады емес пе?! Халқымыздың даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең басты¬сы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептеймін. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар. Менің жақын досым, ұлт патриоты Марат Нәбиев пен бірге 2011 жылдың 12 қазанында ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын «Ұлы Дала Қырандары» атты республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысын құрдық. Бұл қозғалыстың да, негізгі мақсаты¬ -- Ұлы Дала мәдениетін жаңғырту және ел бірлігін нығайту болып табылады. Бүгінде біздің қырандар көптеген игілікті іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп халық құрметіне ие болып жүр. Олардың ішінде, «Ұлы Дала Даңқы» -«Музей Славы Великой Степи» мұражайының 2013 жылдың 10 мамыры күні алғашқы тасы қаланды. Енді сол жұмысты жандандыру мұражайды ашып, жас ұрпақтың көз қуанышына айналдыру бағытындағы жұмысымыз кеңінен қолдау тапса деген ниетпен бастаған игілікті ісімізді жалғастырудамыз.
- Біз ұрпақтар сабақтастығы деген сөзді жиі айтамыз,кезінде бір жылды солай жариялап іс-шаралар да жүргізілгені белгілі. Ал, қазір жастар тарапынан «алдыңғы буын өкілдері біздің ой еркіндігіміз бен жаңашыл идеяларымызды қолдаудан гөрі «қоғамдық қолбала» етуге, жастық жігерімізді жағымпаздық әрекеттерге пайдалануға жақын тұрады деген пікірлерді естіп жүрміз...
- Шындығында бұл қоғамда бар дерт. Мен бұл мәселені түбірінен бөліп қарамас едім. Қазіргі бір жойылмай келе жатқан дерт- жемқорлық. Егер жемқорлықтың желкесін қимасақ, осы келеңсіз жағдайлар көбейгеннің үстіне көбейе береді. Барлық былықтың басы коррупцияда жатыр. Коррупцияға белшесінен батқан тұлғалар, кейбір министрлер, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарап,тек баюдың жолына түскен. Олар жастар тәрбиесін ұмыт қалдырған. Екінші мәселе, қазақтың рухын көтеру, рухы мықты жастарды тәрбиелеу. Олардың бойына патриоттық, намыс сезімдерін берік орнықтыру болып табылады. Ол үлкен жұмыс, біздің қоғамда үлгі болатын тұлғалар қалмай бара жатыр. Жастар кімге еліктейді? Зиялылары зиянды әдеттерден арылмай жатса...
Әкем марқұм айтатын «балам өзің таза болсаң,отбасың да солай,одан отаның да сондай болады» деп. Сол өсиетін бәрінен жоғары қоямын. Әділетті қоғам құрып, озық елдердің қатарына қосылу үшін жастарды жағымпаздыққа емес, жасампаздыққа баулуымыз қажет.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы .