Будапештте «Қазақстандағы мажарлар: тарихы мен бүгіні» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Мақсаты – Қазақстанға жасалған орнитологиялық экспедицияның қорытындысын көпшілікке таныстыру.
Конференцияға Мажарстандағы ҚР Елшілігі өкілдері, Мажар ұлттық өнер академиясының мамандары мен Венгрияның археология, орнитология саласын зерттеп жүрген ғалымдары, қазақ-мажар қатынасын зерттеп жүрген жас ғалымдар қатысты. Сонымен қатар Қазақстанда аталмыш экспедицияның көшін бастаған этнограф Бабақұмар Қинаят пен торғайлық Құрманғазы Жанділдин де конференция қатысушыларының қатарында болды.
Шараның ашылу салтанатында мажар жазушысы, суретші, режиссер Семадам Дьердь, қазақ даласына жасалған экспедицияның мақсаты мен барысына тоқталды. «Қазақстанда таулы аймақтар, далалы, сулы,өзен-көлді жерлер көп болғандықтан, құстардың да көптеген түрлері мекендейді. Аңға салатын құстар, су құстары, дала құстары, тау құстары қазақ даласының табиғатын одан сайын көрікті етуде», - дейді ол.
Атап өтейік, ғылыми экспедиция 9 қыркүйекте Астана қаласынан басталып, Қостанай облысы аумағындағы«Наурызым» ұлттық паркінде жалғасты. Ұлттық парк аумағында негізінен орнитологиялық ізденістерге ден қойылған. Экспедиция құрамындағы мажар ғалымдары Торғай ойпатын мекен еткен мадьярлар ұйымдастырған «Алтын дала» резерватында да болды. Мұнда Амангелді және Жангелді аудандары аймағындағы далалы, шөлейтті ақаптардың табиғи ерекшелігі мен аң-құс популяциясын зерттеген. «Кейін Арқалық қаласы арқылы Ұлытауға қарай өттік,- дейді экпедиция құрамында болған этнограф Бабақұмар Қинаят.
«Табиғат зерттеушілері ретінде, мажарлық ғадымдарды, негізінен, топырақтың құнарлы бөлігі, өңірлердегі шөп жамылғысының жағдайы қызықтырды. Оның ішінде құстарды алыстан бақылау, суретке түсіру жұмыстары жүргізілді»,- дейді ғалым. Ұлытаудан Жаңақорғанға бет алған ғылыми экспедиция қазақтың көрнекті қаламгері Ақселеу Сейдімбектің басына зиярат етіп, құран бағыштады. Кейін Ақадыр, Балқаш жері арқылы Алматыға, Шарын мен Іле Алатауы, Алтынемел ұлттық парктерінде орнитологиялық, зоологиялық зерттеулер жүргізілді.
Ғалымдардың айтуынша, орнитология ғылымында «Орта Азия және Қазақстанның құстары» тақырыбы әлі де зерттеуді қажет етеді. Осы аймақтардағы құстардың түрлері мен таралу ареалы жөнінде дау туғызатын тұстар бар дайді», - дейді дүниежүзілік деңгейдегі орнитолог Банкович Атилла.
Аталмыш экспедиция қорытындылары Мажарстанның белгілі «Allat vilag» - «Жануарлар әлемі» атты ғылыми басылымының биылғы санында жарияланды. Сонымен қатар зерттеу нәтижесі мажар ғалымдарының еңбектерінде көрініс таппақ.
Qazir үшін материалды дайындаған Жанар Мақсұтқызы.