«Көне дүние күмбірі» айдарынан ЮНЕСКО- ның әлемдік мұра ескерткіштері тізіміне енген алғашқы ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы мәліметтермен танысасыздар.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ХІV ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші, Хазірет сұлтан музей кешенінің ең басты нысаны және маржаны. 1405 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен әулие басына тұрғызылған мазар ретінде салынып біткен. 2000 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра ескерткіштері тізіміне кірген алғашқы ескерткіш.
Кесене архитектуралық әсемдігімен ғана тамсандырмайды, мұнда жерленген аруақты адам Қожа Ахмет Ясауидің орны ерекше. Қазақ халқы үшін Қожа Ахмет Ясауи дін мен дәстүрді үйлестіріп берген ғұлама. Қожа Ахмет Ясауи қазақ даласында суфизм ілімін таратушы алғашқы сопы-ұстаз. Оның ұрпаққа жеткен асыл мұрасы – «Диуани Хикмет» деп аталады, бұл кітап Құран Кәрімнің мағынасын өлеңмен берген нұсқасы, тәржіма демесе де, былайша, еркін тәпсір болып табылады: «Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым». «Түркінің Қожа Ахмет кәміл пірі», – деп жырлады Балқы Базар жырау.
Пір – Алла тағала мен адам арасындағы делдал, рухани байланысқа түсуші, өз өмірімен үлгі таратушы, саф тазалықты, пәктікті ұстануы арқылы шайтан билейтін нәпсісін жойып, Хақты мойындаушы ұстаз. Қожа Ахмет Ясауи халқына, ұлтына қызмет еткен, «әулие – даңғыл жолын» ұстанған, жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтеген, Алла рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға
Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы – ұлттық мәдени, рухани құндылығымыз болып саналады. Орталық Азияда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тең келетін сәулет өнерінің туындысы жоқ. Киелі кесене мұсылман қауымы үшін кіші қажылық мекені, туристер үшін мәдени-тарихи ландшафт, халқымыз үшін рухани қазына, еліміз үшін мәдени-тарихи құндылық. Кешен құрамындағы мәдени-тарихи, архитектуралық ескерткіштер мемлекеттілік, діни, мәдени, ұлттық бірегейлігіміздің символы, рухани жұтаңдықтан сақтайтын ұлттық символдық қалқанымыз болып табылады. Қазақ арасында кең тараған «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз оның Орталық Азиядағы ислам дінінің орталығы екенін айғақтайды.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.