«Шаһарларға саяхат» айдарынан бүгін табиғаты таңғажайып,көрікті де,әсем қала - Көкшетау жайлы деректермен таныстырамыз.
1. Қала тарихынан бір үзік сыр. Шаһар жайлы жарияланған деректерді қарасаңыз,
1868 ж. Көкшетау сыртқы округі таратылып, оның орнына Ақмола облысына бағынатын Көкшетау уезі құрылғандығы туралы жазылған. Ал, 1895 ж. Көкшетау бекінісіне қала мәртебесі берілді делінген. Ал 1898 жылы жарық көрген «Ресейдегі болыстар мен елдімекендер» деген басылымда Көкшетау уездік қала делініп, «онда 2 мешіт, 1 шіркеу, пошта-телеграф кеңсесі, бастауыш мектеп, 15 орындық аурухана, дәріхана, 2 дәрігер бар» деп жазылған. Үйлердің барлығы да ағаштан қиылып салынатын болған. Соған байланысты Көкшетауды кезінде «ағаш қала» деп те атаған. Тіпті 1910 жылы шойын құю шеберханасының механигі Захаров тұңғыш рет өз киноаппаратымен дыбыссыз киноны алғаш рет осы Көкшетау қаласының тұрғындарына көрсеткен екен.1944 ж. 16-наурызда орталығы Көкшетау болған Көкшетау облысы құрылды. 1999 жылдан бастап Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы .
2. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы. Табиғаты таңғажайып,көз тоймайтын сұлу мекен жайлы «Қазақтың Швейцариясы» деген теңеу жиі айтылады. Кербез көкшенің бейнелеуге тіл жетпес көркемдігі жайлы алаштың ардақты ұлдары да қалам тербеп,жас ұрпақ жадында сақталар дүниелер жазып қалдырғанын айта кеткеніміз жөн. Көкшетау өңірінің тарихына Сәкен Сейфуллиннің “Көкшетау”, Мағжан Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмалары, Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Жақан Сыздықов, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, т.б. ақын-жазушылардың шығармалары, Манаш Қозыбаев, Жанұзақ Қасымбаев, т.б. тарихшы-ғалымдардың зерттеулері арналған.
3. Шаһардың бүгінгі тынысы. Қазір қалада 2 мыңнан астам түрлі меншіктегі әртүрлі өнеркәсіп жұмыс жасайды. Олардың кейбіреулері белсенді қызмет атқарады және қала ішінде, сонымен қатар Қазақстанның сыртында үлкен беделге ие. Қалада жекеменшік кафе, дүкен, шаштараз, бөлімшелер жұмыс жасайды. Қазақстанның ірі банкілерінің филиалдары қызмет атқарады. Қаладағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары: алтын өндіретін “Васильков алтын” бірлескен кәсіпорны, оттектік тыныс алу аппараты, салмақ өлшеу техникасы, су шығынын есептеуіш аспабы, авиация техникасы агрегаттары мен тораптарын жасайтын “Тыныс” акционерлік қоғамы, әуе-ғарыш техникасындағы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне арналған агрегаттарды өндіретін “Наука-Восток” акционерлік қоғамы.
4. Қаланың туристік әлеуеті.Қаланың оңтүстік шығыс жағында Бурабай көліне барғыңыз келсе, оның жағасында келушілерге ыңғайлы көптеген сауықтыру және туристік объектілер бар. Бұл жерде сізге ұлттық тағамның түр- түрін және атпен серуендеуді ұсынады. Таудың енсіз жолдарымен Бурабай көлінен Шабақты көліне түсуге болады, бұл жерде турист жабайы табиғат жағдайында ұмытылмас демалыс жасауына болады: шатырда ұйықтау, тау бұлағына жуыну, отта өзіне тамақ әзірлеу. Көкшетау ұлттық табиғи саябағы, “Бурабай” курорты, “Оқжетпес”, “Щучинск” санаторийлері, “Жеке Батыр”, “Голубой Залив”, т.б. демалыс үйлері, оқушылар лагерьлері орналасқан.
5. Көкшетауға қалай баруға болады? Қалаға теміржол көлігі арқылы баратын болсаңыз,Көкшетау арқылы бірнеше бағыттарда 57 поезд өтеді: Астана,Қарағанды,Атырау,Орал,Алматы,Қазан,Қостанай,Омбы,Мәскеу,Ташкент т.б.
Соның ішінде 18 поезд көрсетілген мекенге тікелей Көкшетау темір жол станциясынан барады.Станциядағы жолаушылар поезының орташа аялдау уақыты- 90 минут.Ал әуежай арқылы ұшақпен тез жеткізіңіз келсе,Алматы,Ақтау,Мәскеу,Санкт-Петербург бағытындағы әуе рейстеріне алдын ала билет алыңыз.Себебі,билет бағасына алынған уақытына байланысты жеңілдіктер қарастырылады,немесе өзгеріп отырады.Елордасынан жеңіл көліктер мен арнайы бағытта жүретін автобустар арқылы барған өте тиімді.Көп уақыт жоғалтпайсыз,әрі жолдың сапасы көңіліңізден шығады. Қаланың автомобиль жолдарының ұзындығы 267 км.
6. Қаланың әлеуметтік нысандары.Қала тұрғындарының саны осы жылғы есеп бойынша 145 мың 703.Қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің жалпы саны 34. 17 емдеу-сауықтыру мекемесі, 13 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында 1 емхана, 1 аурухана, 48 дәріхана бар.
7. Көрсетілетін қызмет бағалары. Әрине тауға шығып, таза ауасында серуендеу тегін болғанмен,кейбір тегін жағажайлар болмаса ,көбіне оларға кіру үшін адам басына 500 теңгеден төлеуге тура келеді.Жалдамалы пәтерлер бағасы 5000 теңгеден басталады.Жол ақысы өзіңіз таңдаған көлігіңізге байланысты.Қайықпен серуендегіңіз келсе-1 мың теңге,велосипед тепкіңіз келсе бір тәулікке-2000 мың теңге,сағаты-500 теңгеден.Қалтаңыз көтерсе қымбат қонақ үйлерде тұруыңызға болады.Арнайы демалыс орындарындағы бағаларды алған жолдамаңыздан көресіз.
Көрікті Көкшетау жайлы мәліметтерді жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.
Фото: ticketon.kz